Жолға күндіз шықсам оразаны не істеймін?
Ассалаумағалейкум! Ертең жолға шығатындығын бiлген адам ауыз ашқаннан соң ертеңгi күннiң оразасына ниет етпей, ораза ұстамай ма? Ораза ұстап, сол күнi жолға шығып, шөлге шыдамай ауыз ашып қою күнә мә? Мұндай жағдайда бiр күндiк қазасын өтей ме? Құралай Сұлтанбек.

Уағалейкумуссалам, Құралай! 85-90 шақырымнан астам жерге жолға шығуды ұйғарған кісі сәресінің алдында жолға шығатын болса ол күнгі оразаны ұстамаса болады. Алайда, сәресінен кейін шығатын болса, сол күнгі оразаға ниет етіп ауыз бекітеді. Жолшыбай аузын ашпай, бастаған оразасын ауызашар уақытына дейін толығымен ұстауы тиіс[1]. Дегенмен оразасын бастап қойып жолшыбай ауызын ашып жіберсе, тек қаза керек етеді, кәфарат өтелмейді[2]. Яғни, алпыс күн үзбей ораза ұстау керек емес, тек сол күнгі қарызын өзге ұстамаған күндерімен қосып рамазан айынан кейін өтейсіз.

Ал үйден шықпай тұрып ашатын болса, оның бұл әрекеті «жолаушы» үкімін алмай тұрып ауыз ашқан болғандықтан, кафарат қазасын керек етеді. Бұл дегеніміз оразадан кейін алпыс күн үзбей ораза ұстау керек. Бірақ, бұның үкімін білмегендіктен жолға шықпай тұрып ашып жіберген болса, оның ол әрекеті қателік болып саналып, кафарат емес тек қаза керек етеді. Өйткені, Алла қателікті кешіреді.

Сапардан тұрақты жеріне күндіз түске дейін оралған болса және сол мезетке дейін еш нәр татпаған болса, елдімекеніне келе салысымен сол күнгі оразаға ауыз бекітеді. Ал жол-жөнекей нәр татқан болса, елге оралысымен күннің қалған уақытын ауыз бекітіп өткізгені дұрыс. Ауызын ашатын болса да тек сол күннің қазасы керек, кафарат емес[3].  

[1] Фатауа Татархания – 1/385 бет.
[2] Фатауаль Хиндия – 2/227 бет.
[3] Әл-Жәуһара – 258 бет.
Абдусамат Қасым
date25.07.2013readCount7511categoryОразаprintБасып шығару