old.muslim.kz
Мұсылман және уақыт
Дінмұхаммед Сманов
Үйімде зағип бар
Халиме Карабулут
Уағалейкумуссалам! Қайтыс болған кісіні көмгенде қабірдің үстіндегі қазылған топырағын «тәсним», яғни түйенің өркеші тәрізді дөңес етіп, жерден ең кемі бір қарыс не одан біршама биіктеу үйеді. Ол топырақ қабірден қазылған топырақтың өзі болуы керек, одан басқа топырақ әкеліп үю – мәкрүһ. Сахих Бұхариде риуаят етілген хадисте табиғин Суфян ибн Динар: «Пайғамбарымыздың қабірін «тәсним» тәрізді (түйенің өркеші тәрізді) екенін көрген»[1].
Ал қабір үстіне мазар тұрғызу – мәкрүһ (харамға жақын)[2]. Өйткені, Сахих Муслимде келген хадисте сахаба Жәбирдің айтуы бойынша: «Пайғамбарымыз (с.а.у) қабір үстін гипспен сылауды, қабірге отыруды және оған мазар тұрғызуды тыйған»[3] , – дейді сахаба. Бұл хадистің Тирмизиде келген нұсқасында былай делінеді: «Пайғамбарымыз қабірлерді гипспен сылауды, қабірге жазу жазуды, оған мазар тұрғызуды және оны аяқпен басуды тыйды»[4]. Осы хадиске қарай отырып Имам Ағзам Әбу Ханифа қабірге мазар тұрғызбақ түгілі, тіпті, белгі қоюды да мәкрүһ санаса, Имам Әбу Юсуф жазуды да мәкрүһ деген[5]. Дегенмен, Әбу Дәуідте келген хадисте Пайғамбарымыздың сүт бауыры Осман ибн Мәзғун қайтыс болғанда Алланың Елшісі оның басына тас қойып былай деді: «Мен бұл белгіден бауырымның қабірін білетін болам және қайтыс болған туыстарымды оның қасына жерлеймін»[6]. Осы хадиске сүйене отырып кейінгі ғалымдар қажеттілік туындап жатса, қабірдің басына белгі қойып, оған жазудың еш терістігі жоқ деген тоқтамға келген[7].
Ендеше, сіздің туысыңыз қабір басына зәулім кесене тұрғызғанның орнына, қабірде жатқан кісінің атынан садақа бергені дұрыс. Бұлай жасау арқылы бір шетінен ысырапшылдықтан бойын аулақ ұстаған болса, екіншіден, садақа беру арқылы өлген кісіге пайдасын тигізеді. Өкінішке қарай, қазіргі таңда еліміздің кей өңірлерінде қабірлерге зәулім үйлер тұрғызып жатады. Кейде бұл нәрсе бәсекелестікке дейін барып, дарақылыққа ұласады. Бұның мәйітке еш тиер пайдасы жоғын, құр ақша шашу екенін ескермейміз. Сол ақшаны көрші-қолан, жекжат-жұрағат арасында тұрмысы төмен жандарға берсе, әлдеқайда дұрыс болар еді.