Мұсылман және уақыт
Дінмұхаммед Сманов
Үйімде зағип бар
Халиме Карабулут
Уағалейкумуссалам! Арман мырза, айдың көрінуіне байланысты ораза ұстау уақыты әр елде әртүрлі болуы мүмкін. Алайда қазіргі таңда кей мемлекеттер астрономиялық есепке сүйеніп рамазан айының уақытын алдын ала анықтап соған қарай оразаны ұстайды. Кей елде «айды көзбен көру керек» деген қағидаға сүйенеді. Десе де, негізгі мәселе айды көру емес, рамазан айының кіріп-кірмегендігін анықтау болғандықтан, астрономиялық есепке жүгінудің еш терістігі жоқ. Себебі бүгінгі таңда астрономия ғылымының көмегімен айдың тууын быйлай қойғанда, әрбір намазымыздың уақытын минут-минутына дейін есептеп отырған жоқпыз ба?
Сондай-ақ, риуаяттарға қарағанда ардақты Пайғамбарымызға (с.ғ.у.) бір бәдәуи келіп рамазан айының туғанын көргендігін айтады. Сонда Алланың Елшісі (с.ғ.у.): «Алладан басқа тәңір жоқ екендігіне және Мұхаммад Алланың Елшісі екендігіне күәлік етесің бе?», - деп сұрады. Ол күәлік ететінін айтады. Бұл сөзден кейін Пайғамбарымыз Әзіреті Біләлға: «Азан шақыр! Халық ертен ауыз бекітсін», - деді.[1] Бұл жерде Пайғамбарымыздың өзі бір кісінің күәлік етуіне сүйеніп Рамазан айының келгендігін бекітіп отыр. Ал, қазіргі кезде мұсылман астрономдардың анықтауларына сүйене отырып, ораза ұстаудың да шариғатқа қайшы тарапы болмаса керек.
Әйтседе, мұсылмандарға өз елінде бекітілген уақыт бойынша ораза ұстауы керек. «Пәленше елде ертең екен, мен ертең ұстаймын» деу дұрыс емес. Бұл бір шетінен сол елдің мұсылмандары арасында бөлінушілікке, кикілжіңге алып келсе, екіншіден әрбір елдің бекіткен ораза уақыты бойынша ораза ұстау – шариғат талабы.
Бұған дәлел келтірер болсақ, «Сахих Муслимде» жеткен хадистің бірінде Харис қызы Уммуль Фазл Күрәйб есімді кісіні сахаба Муғауияға жібереді. Сондағы жағдайды Курәйб былай әңгімелейді: «Мен Шамға (Сирия) келгенімде, рамазан айы жұманың түнінде көрінді. Рамазан айының соңғы күнінде Мәдинә қаласына келдім. Ол жерде Абдулла ибн Аббас менен:
Сендер рамазан айын қашан көрдіңдер?», – деп сұрады.
Мен (Күрәйб): Біз оны жұма түні көрдік.
Абдулла: Сен өзің көрдің бе?
Мен: Иә, менен басқа да адамдар көрді. Мұғауия да, халық та сол күні ауыздарын бекітті.
Ибн Аббас: Ал біз оны сенбінің түнінде көрдік. Сондықтан, біз (Шәуәл) айын көрмейінше отыз күнге толтырып ұстайтын боламыз.
Мен: Муғауияның айды көруі мен оның ораза ұстауы бізге дәлел емес пе?
Ибн Аббас: Жоқ. Алла Елшісі солай бұйырды. (Яғни, әр өңірде рамазан айының анықталуы бойынша оразанын уақытын есептеуді бүйырды).[2]
Бұл хадисте Абдулла ибн Аббас Сирия өңірі бойынша емес, өзі тұрып жатқан Мадина қаласы бойынша оразаның кіруін есептеп тұр.
Ендеше, біздің елдегі мұсылмандар да, еліміздегі Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының анықтаған уақыты бойынша ораза ұстауы тиіс.