old.muslim.kz Қабірде түнеуге бола ма? - Muslim.kz
Қабірде түнеуге бола ма?
Ассалаумағалейкум! Үлкендерден «егер далада адасып қалсаң, молаға барып түне» дегенді естиміз. Бірақ, кейбір кітаптардан моланың ішін жындар паналайды дегенді оқыған едік. Моланың ішіне түнеген жағдайда жын-шайтанның адамға зияны тиюі мүмкін бе? Жалпы алғанда моланың басына түнеуге бола ма? Ержан.

Уағалейкумуссалам, Ержан! Қабірге баруға, оны зиярат етуге шариғатымызда рұқсат. Себебі, "қабірді зиярат ету өлімді еске түсіреді" дейді Пайғамбарымыз (с.а.у)[1]. Бірақ, қабірді басу, оған отыру, дәрет сындыру және қабірде ұйықтау «мәкрүһ» дейді ғалымдарымыз [2]. Бұған байланысты Сахих Муслимде риуаят етілген хадисте Пайғамбарымыз (с.а.у): «Әлдекімнің шоққа отырып, киімін өртеп, терісін күйдіріп алуы қабірге отыруынан анағұрлым абзал»[3], – деген. Бұл хадис қабірде ұйықтаудың да мәкрүһ екенін меңзеп тұр. 

Алайда, сіз айтқандай айдалада адасып кеткен кісіге амалсыздан мазарға түнеуіне рұқсат. Бұл жағдайда ішіне Құран сүрелерін оқып жатқаны абзал. Өйткені, мазар жын-шайтанның мекен ететін орындарының бірі екендігі кітаптарда айтылады[4].

[1] Мүстадрак – 1430, 1431, 1433.
[2] Бадаиғ – 2/359-бет.
[3] Муслим, Китабуль Жанаиз, 971-хадис.
[4] Доктор Омар Сулайман әл-Әшқар: Ғаламуль Жинни уәш Шаятыни.
Абдусамат Қасым
date24.05.2013readCount11995categoryЖаназаprintБасып шығару