Жұма намазын жұмыста жиналып оқи салуға бола ма?
Біз бір фирмада жұмыс істейміз. Жұма күндері кейде мешітке келе алмайтын кездер болады. Кейде өзіміз келгіміз келмейді. Сол жұманы жұмыста өзіміз оқысақ бола ма?

Ханафи мәзхабы бойынша, жұма намазы шарттарының бірі – орталықтан тағайындалған имамның болуы. Бұл жайында Пайғамбарымыз былай деген: «Кімде-кім  көзімнің тірісінде немесе менен кейін имам (басшы) бола тұра, мейлі ол әділ не залым болсын, сол имамды місе тұтпай не оны теріске шығарып мойындамай жұма намазын тәрк етсе, Аллаһ оған берекет бермесін және ісін ілгері бастырмасын[1]».

Міне, осы хадистен имам қандай болса да, әйтеуір бір тағайындалған имамның болуы жұма намазының шартына жататынын байқаймыз[2].

Ал орталықтан ресми тағайындалған имам болмаса, әркім өзін имамдыққа лайық көріп, жамағат арасында талас туады. Міне, жұмаға жиналған қаншама жамағаттың алдында мұндай ыңғайсыз жағдай болмас үшін арнайы тағайындалған имам шығып жұма намазын өткізу керек. Мұндағы ғибрат осында жатыр[3].

Сондықтан, сіздердің өзара жиналып жеке жұма намазын оқуларыңыз Пайғамбарымыздың жоғарыдағы хадисіне теріс келеді, әрі жұма оқыған болып саналмайсыздар. Өйткені араларыңызда арнайы тағайындалған Имам жоқ. Мүмкіндік тауып, жұмаларыңызды мешітте оқуларыңыз керек.

[1] Ибн Мәжә, Иқама - 78
[2] М.Исаұлы, Қ.Жолдыбайұлы, Ислам ғылымхалы – 209 бет. Алматы.
[3] Әл Кәсани, Бадаиғ – 2/193 бет.
Абдусамат Қасым
date07.02.2013readCount4989categoryНамазprintБасып шығару