Әуреті ашық адам имамдыққа шықса бола ма?
Ассаламу алейкум. Кейде достарымызбен жиналып футбол ойнайтынымыз бар. Сол ойын барысында намаз уақыты кіреді де үстіміздегі киіммен намаз оқуымызға тура келеді. Осы тұста жеңі қысқа майкамен немесе тізесі қысқа шортимен жүрген кей достарымыз имамдыққа шығады. Мен оларға әуреті толық жабылған адам имам болсын деймін, алайда сөзіме көп құлақ асыла бермейді. Мен де сөзіме нақты дәлелім болмағаны үшін у-шу шығармайын деп үндемей-ақ қоя саламын. Негізі имамдыққа шыққан адамның әуреті ашық болмауы керек қой, дұрыс па?

 

Уа алейкум ассалам. Жалпы намаз оқығанда имамдыққа шығушы да, имамға еруші де әуретінің жабық болуы керек. Себебі, әуреттің жабық болуы – намаздың сыртқы парызы[1] болып табылады. Ал, әуреттің мөлшеріне келсек, Пайғамбарымыз (с.ғ.с) ер адамның әуретін: «Еркектің әурет жері – кіндігі мен тізесінің арасы», «Кіндіктің асты – тізеден түскенге дейінгі жерлер»[2], – деп, ал әйелдің әуретін Әсмаға (р.а): «Әсма! Әйел балиғат жасына жеткен кезде оның мына мүшелерінен басқа жерлерінің көрінуі дұрыс болмайды. Алла Елшісі осы сөздерді айтқан кезде қолдары мен жүзіне ишарат еткен еді»[3], – деп нақты көрсетіп берген. Егер бұл жерлер ашық болса, онда ол адамның намазы дұрыс болып есептелмейді.

Сіздің жағдайға келсек, әрине имамдыққа шыққан адамның жоғарыда айтылған негізгі әурет тұсы толық жабылған болуы керек. Онымен қоса намаз әдебінен болып табылатын тұстары да жабық болуы керек. Мысалға, ғалымдарымыздың көпшілігі намазда екі иықтың жабық болуын мұстахаб амал деп біледі, ал Ханбали мазхабы болса, намаздың дұрыс болуы үшін ең азы бір иық болса да жабық болуы керектігін айтқан.

Ал, енді имамдыққа кімнің шыққаны абзал деген мәселеге келсек, Абдулла ибн Махмуд Маусыли «Ихтияр» кітабында мынаны айтады: «Таза адам[4] үзір адамның, Құранды оқи алатын адам[5] оқи алмайтын адамның, киімі бар[6] адам киімі жоқтың[7], рукуғ пен сәжде жасай алатын адам ишаратпен оқушының және де парыз оқушы нәпіл оқушының артынан ермейді. Себебі, ерушінің намазы дұрыс болса да, бұрыс болса да имамның намазына сүйенеді. Өйткені Пайғамбарымыз (с.ғ.с):  الإمام ضامن «Имам – жауапты»[8] – деген, яғни имам өз намазымен өзіне ерушінің намазына жауапты. Кем нәрсе толық нәрсеге құрыла алады, алайды толық нәрсе кем нәрсеге құрыла алмайды. Себебі, әлсіз нәрсе күшті нәрсеге негіз бола алмайды.

Осыған сүйеніп былай дейміз: таза адамның халі үзірлі адамның халінен күшті, оқи алушының халі оқи алмаушыдан күшті, киімі бардың халі киімі жоқтың халінен күшті, рукуғ пен сәжде жасаушының халі ишаратпен оқушының халінен күшті, парыз оқушының халі нәпіл оқушының халінен күшті... Сол себепті де халі күштілер халі әлсіздердің арқасында тұрып намаз оқымайды»[9].

Айбек Әбдіқадыр
Muslim.kz сайтының діни сарапшысы

[1] Намаздың сыртқы парызы деген – намаздың шарты, яғни намазға кірместен бұрын орындалуы керек нәрселер.
[2] Ахмад.
[3] Әбу Дәуід.
[4] Денесінде дәретіне кедергі жасайтын жарақаты болмаған адам.
[5] Құранды дұрыс, қағидасына сай оқитын адам.
[6] Әуреті толық жабылған адам
[7] Немесе әуреті толық жабылмаған адам.
[8] Ахмад, Ибн Хиббан.
[9] Ихтияр

date04.06.2018readCount681categoryНамазprintБасып шығару