«Әзірет Сұлтан» мешіті Рамазан айында 23 000 жанға ауызашар берді (ФОТО)

Астана қаласындағы республикалық «Әзірет Сұлтан» мешіті қасиетті Рамазан айы бойы 23 200 жанға дастархан жайып, тегін ауызашар ұйымдастырды. ҚМДБ төрағасының бірінші орынбасары, наиб мүфти, «Әзірет Сұлтан» мешітінің бас имамы Наурызбай қажы Тағанұлының бастамасымен биылғы жылы құлшылық ордасының оң жақ қанатындағы кіреберіс дәліз бен конференция залы да қолданысқа беріліп, бір күнгі ауызашар дастарханына шақырылатын қонақтар саны 800-ге жеткен болатын.

Күн сайын мешіт жамағатына екінті намазынан соң арнайы талон таратылып, ауызашар дастарханы белгілі бір реттілікпен жүргізіліп отырды. Бұған қоса, конференц-залындағы 65 жанға арналған «Берекелі Рамазан» дастарханына Елордамыздағы түрлі қоғамдық ұйым мүшелері (зағиптар, мүгедек жандар, құлағы естімейтіндер, т.б.), ұстаздар мен дәрігерлер қауымы, БАҚ өкілдері, спортшылар мен тәртіп сақшылары, ЖОО студенттері мен ерікті жастар қозғалысының мүшелері шақырылып отырған болатын.

Сондай-ақ, биылғы жылы тұңғыш рет «Әзірет Сұлтан» мешітінде 4 500 жанға тегін сәресі тамағы да таратылды. Бас имам Наурызбай қажы Тағанұлының бастамасымен қасиетті Қадір түнінде жүзеге асқан игі шара құлшылыққа ден қойған жамағат үшін ерекше оқиға болды. Берекелі түнде мешіт ауласында таратылған сәресі тағамы жамағаттың ауыз бекітер ас іздеп, уақытты тиімді өткізуіне септігін тигізді.

Қасиетті айда ұстаған оразаларымыз бен жасаған ғибадат-құлшылықтарымызды Алла Тағала сауаптан жазып, қабыл еткей!

date18.06.2018readCount587printБасып шығаруsourceLinkMuslim.kz





comments powered by HyperComments