Бүгін – Қадір түні

Бүгін – Қадір түні

Исі мұсылман қауымына қуаныш сыйлаған қасиетті Рамазан айының қадірін арттыра түскен Қадір түніне келіп жеттік. Бұл түн барша мұсылман қауымын ортақ тілектер мен игі дұғаларға ортақтастырады.

Пайғамбарымыз (с.ғ.с) қадір түнін Рамазанның сонғы он күнінен һәм ол он күннің тақ түндерінен іздеуге шақырғаны көпшілікке мәлім жәйт. Десек те, Пайғамбарымыз (с.ғ.с) жеткен хадистердің бірінде қадір түнінің Рамазан айының 27-жұлдызы екені айтылған. Мысалға, Мұғауия (р.а) жеткізген хадисте: «Қадір түнін жиырма жетінші түннен іздеңдер»,[1] – делінеді. Сонымен қатар, Үбай ибн Кағб (р.а) та Қадір түнінің осы түнде екеніне екпін қойған.

Кейінгі келген ғалымдар да Қадір түнінің 27-ші күнге дөп келетінін алға тартып, Құраннан жанама дәлелдер келтірген. Олар былай дейді: «Алла Тағала Қадір түнін баяндайтын «Қадыр» сүресін түсірген. Ол сүре 30 сөзден тұрады. Ол отыз сөз айдың отыз күні іспетті. Ал, ондағы қадір түніне сілтеме жасап тұрған «هِيَ» (ол) деген сез сүредегі 27-ші сөз. Бұл дағы Қадір түнінің 27-сі екенін көрсетеді.

Осы ғалымдардың екінші тобы да осы «Қадір» сүресіне сүйеніп, онда «ليلة القدر» (қадір түні) сөзінің үш рет қайталғанын, ал «ليلة القدر» сөзі болса тоғыз әріптен тұратынын алға тартқан. Осы себепті де тоғыз әріптен құрылған сөз үш рет қайталанғанда, жиырма жетіге теңеседі.

Осы дәлелдерге сүйене келе, Қадір түнінің бүгінгі кешке тура келеді деген ойдамыз. Бұл түні періштелер түсіп, жер бетінде береке орнайды, Алланың кешірімі нәсіп болады. Періштелердің жер бетіне түсуі қадір түнінің маңыздылығын білдіреді. «Бұл түні жерге түсетін періштелердің саны жер бетіндегі майда тастардан да көп болады».

Періштелер мұсылман үмбетін аралап, қандай ғибадат жасағандарын, таң намазына дейінгі дұға-тілектерін тыңдап, амал дәптерлеріне мол сауап жазып тұрады. Жамандық азаятын, құлшылық пен игі істер көбейетін түн.

Қадір түні жасалатын амалдар:

  • Ер адамдар үшін парыз намаздар мен Тарауық намаздарын жамағатпен оқу;
  • Қаза намаздарын оқу;
  • Түнгі құлшылыққа көңіл бөлу;
  • Мешіттерде адамдар көп жиналғандықтан, кей ыңғайсыздықтар орын алуы мүмкін не болса да сабыр сақтау.
  • Өзгелерге зиян келтірмеу.
  • Көпшілікпен бірге өзіне және өзгелерге дұға жасау;

Пайғамбарымыздан (с.ғ.с) мына дұғаларды оқу өсиет етілген:

«اللهم إنك عفو تحب العفو فاعف عني» (Уа, Алла, расында Сен кешірімдісің, кешіруді жақсы көресің, маған да кешірім ет!)[2] (Аллаһумма иннакә ъафуун тухиббул-ъафуа фаъфу ъанни),

«أعوذ برضاك من سخطك، وعفوك من عقوبتك» (Уа, Алла! Ашуыңнан разылығыңа, азабыңнан кешіріміңе сыйынамын) (Әъузу биридока мин сахатик, уа ъафуика мин ъуқубатик)[3].

Алла Тағала  баршамыздың амалдарымызды қабыл етсін. Қадір түнінде күнәларымыз кешіріліп, Рамазан айы ұстаған оразаларымыз қабыл болсын!



[1] Табарани
[2] Ахмад
[3] Муслим

date11.06.2018readCount985printБасып шығаруsourceLinkMuslim.kz





comments powered by HyperComments