old.muslim.kz Дін мәселелері жөніндегі республикалық топ Атырау облысында профилактикалық жұмыстар жүргізді (ФОТО) - Muslim.kz

Дін мәселелері жөніндегі республикалық топ Атырау облысында профилактикалық жұмыстар жүргізді (ФОТО)

Ағымдағы жылдың 21-25 мамыр күндері аралығында Дін мәселелері жөніндегі республикалық ақпараттық-түсіндіру тобы Атырау облысында ресми іссапармен болып қайтты.

Құрамында білікті теолог-дінтанушылар, психологтар, мемлекеттік органдар және мемлекеттік емес ұйымдар өкілдері топтастырылған Республикалық ақпараттық-түсіндіру тобы профилактикалық жұмыстар жүргізу барысында деструктивті діни ағымдарды ұстанатын адамдармен атаулы жұмыстар жүргізуге айрықша көңіл бөлді.

Топ мүшелері Ершат Оңғаров, Мұқан Исахан және Төлеген Талдыбаевтар Жылыой ауданы Құлсары қаласының діни себептер бойынша жалпы білім беретін мекемелерге бармай жүрген балаларының ата-аналарымен жеке әңгімелер ұйымдастырса, Ахметова Гүлжәмилә, Нұрғалиева Динара және  Толғанай Мұстафиналар балаларына екпе жасатудан бас тартқан, деструктивті діни ағымдарды ұстанатын әйелдермен кездесті.

Сондай-ақ облыстың түзеу мекемелерінде діни экстремизм және терроризм үшін сотталған адамдармен кездесулер болды. Республикалық ақпараттық-түсіндіру тобы жұмысының аясында әйел жамағаты өкілдерімен, әйелдердің коммуникативтік және кәсіптік білім-білігін арттыруға бағытталған психологиялық тренингтер ұйымдастырылды.

Жалпы профилактикалық және жеке кездесулер өткізу барысында Республикалық ақпараттық-түсіндіру тобының мүшелері дін саласын реттейтін заңнамаларға енгізілген түзетулер мен өзгерістерді түсіндіруге барынша назар аударды.

date28.05.2018readCount1049printБасып шығару





comments powered by HyperComments