old.muslim.kz «Нұр-Мүбарак» университетінің 10 жыл бұрынғы түлектері бас қосты (ФОТО) - Muslim.kz

«Нұр-Мүбарак» университетінің 10 жыл бұрынғы түлектері бас қосты (ФОТО)

«Нұр-Мүбарак» университетінің 10 жыл бұрынғы түлектері бас қосты (ФОТО)

Осыдан 10 жыл бұрын Нұр-Мүбарак университетін аяқтап, еңбек майданына аттанған түлектер қара шаңырақ білім ордасына келіп алғыстарын жаудырды. Яғни 2008 жылы университеттің 5-ші түлектер тобында 52 маман өмірге қанаттанса, оның 31-і исламтану саласы бойынша. Олардың 17-і имамдық қызметте: 2 облыстық өкіл имам, 5 аудан, 10 жалпы имамдық қызметтегі мамандар. Сондай-ақ 5 түлек Нұр-Мүбарак университетінде, тағы біршамасы  медресе-лицейлер мен мешіттерде ұстаздық етсе, дін істері жөніндегі мемлекеттік мекемелер мен елшіліктерде қызмет жасауда. Олардың барлығы қандай да бір жетістікке жеткен болса, ұстаздарының берген білімі мен тәлімдерінің нәтижесі екендігіне тоқталды.

Ректор, профессор Жуда Басюни: «Құрметті түлектер! Сіздердің бұл 10 жылдықтың құрметіне білім шаңырағына келіп, жетістіктеріңізбен бөлісіп, осы шараны ұйымдастыруларыңыз ұстаздарға деген үлкен құрмет деп түсінемін. Барлық жақсылық білім иелерінің қолында. Өйткені олар оқып-түйгендерін елге таратады. Мен үнемі қазақ елінің түкпір-түкпіріне барғанда мешіттерде, әкімшілік жүйесінде қызмет етіп жатқан университетіміздің түлектерін кездестіремін. Олар елдің мақтанышына айналған деуге болады. Біз де сіздерді Орта Азиядағы ең еңселі ислами оқу орнының түлегі ретінде құрмет тұтамыз», – деп шынайы лебізін айтты.

Ал проректор, профессор Шамшәдин Керім: «Нұр-Мүбарак университеті алғашқы түлектерін 2004 жылдан бастап шығара бастады. Ең алғаш 26 түлек болса, бүгінде бұл көрсеткіш бірнеше есеге артты. Алғашқы кезде барлығы ақылы бөлімде оқыса, қазір жыл сайын 200-дей шәкірт мемлекеттік білім грантымен қоғамға қызмет ете бастады. Ең алғашқы түлектердің әрқайсысы есімізде, себебі оның барлығы осы университеттің тәй-тәй басып, қалыптасуымен тікелей байланысты әрі ыстық», – деді.   

Түлектер 10 жыл ішінде қол жеткізген өзгерістер мен жетістіктерімен бөлісіп, өздеріне білім берген ұстаздарына алғыс айтып, естелік сыйкәделерін табыс етті. Еліміздегі ислами білім шаңырағына орасан алғыстарын жаудырып, шәкірттерге  өз ақыл-кеңестерін, білім алудағы маңызды жағдайлар жайлы ойларымен бөлісті. Шәкірттер үшін де аға буынның білім ордасына келіп, құрмет көрсетіп, жақсы жетістіктерімен бөлісуі ерекше өнеге болды.

 





comments powered by HyperComments