old.muslim.kz ОҚО-дан келген 100 оқушы еліміздің Бас мешітін аралады (ФОТО) - Muslim.kz

ОҚО-дан келген 100 оқушы еліміздің Бас мешітін аралады (ФОТО)

Мереке қарсаңында Елордамызға Оңтүстік Қазақстан облысынан сапарлап келген 100 бала еліміздің Бас мешітінде қонақта болып, құлшылық ордасымен танысып қайтты. Көркем келбеті мен қазақы сәулеті көз арбаған құлшылық ордасы бүлдіршіндердің қуанышын туғызып, әдемі әсерге бөледі. «Әзірет Сұлтан» мешітінің наиб имамы Бақытжан Өткелбаев бүлдіршіндерді мешіт жәдігерлерімен таныстырып, жалпы ақпараттармен бөлісті. Бүлдіршіндер Бас мешітке Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев тарту еткен көне Құран кітабы мен күмістен құйылған Құран парақшаларын тамашалап, естелік суреттерге түсті. Мешіт ұстазы Фаркат Исаұлымен бірге қол жайып, жамағат болып дұға жасаған олардың ойында бұл саяхаты ұзаққа сақталары сөзсіз. 

Айта кетейік, оңтүстік өлкеден келген 100 жеткіншек Астана қаласының 20 жылдығына орай ұйымдастырылып отырған «Ұлы дала Елордасы» жобасы аясында осы саяхатқа шыққан. Оңтүстік Қазақстан облысы әкімдігі және Білім басқармасының қолдауымен жүзеге асқан балалар экскурсиясына көпбалалы отбасынан шыққан, ата-ана қамқорлығынсыз қалған, мүмкіндігі шектеулі немесе әлеуметтік жағдайы төмен отбасында өсіп жатқан балалар мен түрлі білім, өнер сайыстарының жеңімпаздары шақырылған. Екі күнге созылған саяхат барысында оларды Астанамыздың көрікті жерлерін аралатып, басты мақтаныштарымен таныстыру жоспарланған.

Жоба ұйымдастырушыларының бірі, белгілі сәнгер Айжани Нұрланова бүлдіршіндердің Елордамыздағы екі күндік саяхаты мейлінше қызықты өтуіне мемлекеттік ұйымдар тарапынан көрсетілген қолдаумен қатар, демеуші азаматтардың атсалысып жатқанын атап өтті. Сондай-ақ, жоба аясында Астана күніне дейін еліміздің барлық өңірлерінен осындай оқушылар экскурсиясы жалғаса беретінін жеткізді.

Суреттерді «ФОТОГАЛЕРЕЯ» айдарынан көре аласыздар!

date30.04.2018readCount1080printБасып шығаруsourceLinkmuslim.kz





comments powered by HyperComments