old.muslim.kz Бас мешіт шәкірттеріне діни рәсімдердің бірізділігі жайында уағыз айтылды (ФОТО) - Muslim.kz

Бас мешіт шәкірттеріне діни рәсімдердің бірізділігі жайында уағыз айтылды (ФОТО)

Еліміздің Бас мешітінде әр апта сайын өткізілетін жексенбілік уағыз сағаты кеше «Діни рәсімдердің бірізділігі» тақырыбына арналды. Ақшам намазынан соң айнала жайғасқан жамағатқа ҚМДБ Насихат және қоғаммен байланыс бөілімінің меңгерушісі Алтынбек Ұтысханұлы уағыз айтып, еліміздегі діни рәсімдер жайлы қажетті ақпараттармен байытты.

Еліміздің кейбір өңірлерінде діни рәсімдердің орындалу барысында түрлі өзгерістерге ұшырап, жергілікті халықтың әдет-ғұрып, жөн-жоралғысына орай икемделіп кеткенін келтіре кеткен Алтынбек Ұтысханұлы шариғат бекіткен шарттары мен талаптарын таныстырып, діни рәсімдердің бірізді болуының маңызын түсіндірді. Осы бағытта қарқынды еңбек етіп жатқан ҚМДБ жұмыстары жайлы да айтып өтіп, Ғұламалар кеңесі жариялаған пәтуа кітаптарымен таныстырып өтті.

Мұсылман өміріндегі басты діни рәсімдер жайлы тұшымды ақпаратпен қанықтырып, білім қорларын молайта түскен білікті ғалым уағызы шәкірттер үшін таптырмас қазына болды. Тақырыптың тартымдылығы соншалық, қажетті кеңеске толы уағыздың кей тұсын шәкірттер жағы ұялы телефондарына да жазып отырды. Уағыз соңында әдеттегідей жамағат сұрағына кезек беріліп, тақырып аясындағы тың дүниелер айтылды.

Суреттерді «ФОТОГАЛЕРЕЯ» айдарынан көре аласыздар!

date30.04.2018readCount1081printБасып шығаруsourceLinkmuslim.kz





comments powered by HyperComments