Қазақстан делегациясының іссапары АҚШ-тың Балтимор қаласында жалғасты (ФОТО)

«Өркениет алмасу және ынтымақтастық» қорының (CECF) шақыруымен жүзеге асқан ресми іссапар аясында Қазақстан делегациясының жұмысы АҚШ-тың Мэриленд штатындағы Балтимор қаласында жалғасты. Сапар аясында делегация мүшелері қаладағы түрлі ұйым өкілдерімен кездесулер өткізіп, Мэриленд университеті мен Афроамерикандық мұсылмандар қауымдастығының тыныс-тіршілігімен танысты.

Айта кетейік, АҚШ Елшілігінің қолдауымен және «Өркениет алмасу және ынтымақтастық» қорының (CECF) ұйымдастыруымен 20-сәуір мен 11-мамыр аралығында өтіп жатқан Халықаралық бақылаушылар бағдарламасы (IOP) аясында Қазақстан делегациясының Мэрилэнд, Нью-Йорк, Делавэр, Вирджиния және Колумбия штаттарында ресми кездесулер өткізіп, діни мәселелер жөнінде тәжірибе алмасып, жұмыс жүргізуі жоспарланған болатын. ҚМДБ төрағасының бірінші орынбасары, наиб мүфти, «Әзірет Сұлтан» мешітінің бас имамы Наурызбай қажы Тағанұлы бастаған делегация құрамындағы Дін істері комитеті Діни қызмет саласындағы құқық қолдану практикасы басқармасының басшысы Мейрам Иманбаев, ҚМДБ Аппарат басшысы Ғылымбек Мәжиев, Ислам институтының директоры Кенжеәлі Қоңыратбаев, ОҚО өкілінің бірінші наиб имам және іс басқарушысы Ахметжан Керімбек, Қарағанды қалалық мешітінің бас имамы Қабылбек Әліпбай және басқа да білікті азаматтар іссапар аясында АҚШ-тағы Ислам дінінің жайымен танысып, халықаралық бақылаушылар ретінде жұмыс жүргізетін болады.

Делегация мүшелерінің Балтимор қаласындағы алғашқы кездесуі – жергілікті мұсылман жамағатының беделді өкілдерімен танысудан басталды. Солардың бірі Мэриленд штатының Өкілдер палатасының депутаттығына сайланған тұңғыш мұсылман Билал есімді азаматпен сұхбаттасып, басқа діни қауымдастықтардың өкілдерімен тізе қосып, штаттағы мұсылмандардың қоғамның толыққанды азаматтары ретінде еңбек етіп, өмір сүрулері үшін атқарып жатқан қызметтерімен танысты.

Бұдан соң Балтимор қаласындағы 70 жылдан астам тарихы бар Афроамерикандық мұсылман қауымдастығына ат басын бұрып, мәдени орталықтың жан-жақты кешенді жұмыстары жайлы ақпарат алды. Сондай-ақ, Монтгомери округінде орналасқан Мұсылман қауымдастығы орталығы мен Орталық жанынан жұмыс істейтін Медициналық емхананың жұмыстарымен де танысып, тәжірибе алмасты. Аталмыш Медициналық емхана Америкадағы тегін қызмет көрсететін бірден-бір орталық екен. Орталық қызметкерлері қазақстандық қонақтарды ерекше құрметпен құшақ жая қарсы алып, қимастықпен шығарып салды. Қазақы дәстүрімізге сай қауымдастық өкілдері мен мешіт имамына делегация тарапынан құрмет көрсетіліп, иықтарына шапан жапты.

Балтимор қаласындағы екі күнге созылған іссапар аясында Қазақстан делегациясы Мэриленд университеті мен полиция департаментінде өткен кездесулерге қатысып, ортақ тақырыптар аясында пікір алмасып қайтты. Студенттер саны 15 000 асатын Мэриленд университетінің Ағылшын тілі орталығымен былтырғы жылдан бері уағдаластыққа қол жеткізген «Өркениет алмасу және ынтымақтастық» қоры мұсылман елдеріндегі мешіт имамдарының ағылшын тілінен біліктілігін арттыру жобасын бастаған көрінеді. Делегация мүшелері осы жоба аясында өткізілген семинарға қатысып, білімдерін бір шыңдап қайтты.

date26.04.2018readCount629printБасып шығаруsourceLinkMuslim.kz





comments powered by HyperComments