Бас мешіт шәкірттері арасында Құран жарысы өтті (ФОТО)

Бүгін республикалық «Әзірет Сұлтан» мешітінің шәкірттері арасында Құран жарысы болып өтті. ҚМДБ төрағасының бірінші орынбасары, «Әзірет Сұлтан» мешітінің бас имамы Наурызбай қажы Тағанұлының бастамасымен оқу жылының соңына орай, шәкірттер білімін қорытындылау мақсатында ұйымдастырылған Құран жарысы әдеттегідей жұма намазына жиналған қалың жамағат алдында өтті.

«30-пара», «Дұха сүресінен төмен» және «Фил сүресінен төмен деп аталатын үш аталым бойынша жамағат алдында 9 үміткер бақ сынасып, қасиетті Құран кәрімді қаншалықты меңгергендерін паш етті.

Айта кетейік, қазіргі таңда ұзын саны 600-ге таяу шәкірт білім алатын «Әзірет Сұлтан» мешіті – Елбасымыз айтқандай «білім мен ғылымның ордасы» іспетті. Жыл сайын жүздеген шәкірт түлеп ұшып, оқу жылының басында дәрісханаларды жаңа шәкірттер лық толтыратын бұл мешітте «Құран жарысы», «Діни олимпиадалар» үнемі ұйымдастырылып келеді. Биылғы Құран жарысының іріктеу кезеңіне шәкірттер арасынан 35 үміткер қатысып, Құранға деген құрмет-ықыластарының біик деңгейін танытты.

Осымен үшінші рет өткізіліп отырған Құран жарысының биылғы деңгейі де, қатысушылар дайындығы да бұрынғыдан әлдеқайда өзгерек болды. Бірінен-бірі өткен үздіктердің арасынан жеңімпазын анықтау қазылар алқасына да қиынға соқты. Шәкірттердің жаттау қабілетін, қырағатын қадағалап, лайықты бағасын беру – ҚМДБ Пәтуа бөлімінің маманы Хасан Аманқұлов, Қарилар орталығының директоры Сәдуақас Олжабай және «Астана медресесінің ұстазы Абдулмунғим Ибрагим мырзаларға жүктелген болатын.

Құран жарысы созыла түскен сайын көрерменнің айызын қандырып, қасиетті жазбаны жатқа судырлатқан өскелең ұрпаққа ризашылықтарын білдіріп, қолдау лебіздері мен Аллаға мадақ сөздерін жаудырды. Ақсақалдар жағы ақ баталарын арнап, Құран жаттап, діни ілім жолында ізденіп жүрген жастарға жылы лебіздерін білдіріп жатты.

Сайыс қорытындысы бойынша төмендегі үміткерлер жүлдегер атанып, «Әзірет Сұлтан» мешітінің арнайы дипломымен марапатталды. Сондай-ақ, жеңімпаздарға ақшлай сыйлық үлестірілді.

«Фил сүресінен төмен» аталымы бойынша:

І-орын – Әуезхан Мейірбек
ІІ-орын – Ерменов Ерзат
ІІІ-орын – Орынқожаев Дәурен

«Дұха сүресінен төмен» аталымы бойынша:

І-орын – Қарсыбай Абзал
ІІ-орын – Досымбек Рамазан
ІІІ-орын – Қорғанбаев Еркінбек

«30-пара» аталымы бойынша:

І-орын – Ауғанбай Ержол
ІІ-орын – Қуаншыов Ғани
ІІІ-орын – Жүнісәлиев Бекарыс 

Суреттерді «ФОТОГАЛЕРЕЯ» айдарынан көре аласыздар!

date20.04.2018readCount1048printБасып шығаруsourceLinkMuslim.kz





comments powered by HyperComments