old.muslim.kz Алматыда егде адамдарға жүйелі қолдау көрсетілетін болады - Muslim.kz

Алматыда егде адамдарға жүйелі қолдау көрсетілетін болады

Алматыда егде адамдарға жүйелі қолдау көрсетілетін болады

Алматы қаласының әкімдігі егде адамдарды белсенді өмірге тарту, олардың әлеуетін тиімді пайдалану, ұрпақтар үндестігін қалыптастыру,аға ұрпақты қолдау мақсатында «Белсенді ұзақ өмір» атты Жол картасының жобасын жасады. Қоғамдық кеңестің кеңейтілген отырысында Алматы әкімі Бауыржан Байбек егде адамдарға жақсы жағдай жасауға бағытталған жоба туралы айтты.

«Ең алдымен біз әлеуметтік қолдауға зәру жандарға көмек көрсетеміз. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша мемлекеттік бала бақшалардың ақысы екі есе төмендеді. Алматыда қабылданған Жастарға қолдау көрсету картасы аясында студенттер жатақханасы салынуда, жас отбасылар пәтер алу үшін алғашқы төлемсіз 5%-дық несие алады. Дегенмен, азаматтар арасында қамқорлықты қажет ететін тағы бір топ бар. Олар – бүгінгі күні Алматының 12 пайызын құрайтын егде жандар. ЭЫДҰ мүше елдерде 60 және одан да жоғары жастағылар зейнетақымен шектелмей, толыққанды өмір сүруде. Біздің қарттарымыз да өздерін тың әрі қамқорлықта екендіктерін сезінулері тиіс.Сондықтан биылғы жылды біз Алматыда аға ұрпаққа қолдау көрсету аясында өткізетін боламыз», - деді Бауыржан Байбек.

Денсаулық сақтаудың Бүкіләлемдік ұйымының мәліметтері бойынша зейнеткерлерді белсенді өмірге тарту олардың жақсы өмір сүрулері мен ұзақ жасауларының басты құралы болып табылады. Қазіргі кезде Алматы қаласында 222 мың зейнеткер бар немесе олар жалпы тұрғындардың 12,5% құрайды.

Алматы қаласының әкімдігі егде адамдарды белсенді өмірге тарту, олардың әлеуетін тиімді пайдалану, ұрпақтар үндестігін қалыптастыру,аға ұрпақты қолдау мақсатында «Белсенді ұзақ өмір» атты Жол картасының жобасын жасады. Жобаны жасау барысында жалпы сараптама жүргізілді, халықаралық тәжірибе зерттелді, сарапшылар мен ҮЕҰ-дар тартылды.

Жобаны жүзеге асыру аясында белсенді ұзақ өмір Орталығы құрылады, мұнда кітапхана, ЕДШ-дың фитнес-залы, емдік йога, аэробика, шахмат, тоғызқұмалақ, домино және басқа да залдар жұмыс істейді. Орталықта компьютрлік ағартудың, ағылшын тілінің курстары, мотивациялық семинарлар мен шеберлік сыныптары ашылады. Қоғамдық бірлестіктермен ынтымақтастықта күн сайын тегін заңгерлік, психологиялық, медициналық консультациялар көрсетіледі.

«Әр адамның қызығушылығы бойынша клубтар жұмыс істейді, мысалы парктер мен скверлерде скандинавиялық әдіспен жүру, топ болып музейлерге, театрларға, көрмелерге және басқаларға бару ұйымдастырылады. Жол картасының маңызды бөлігі ұрпақтар үндестігі - жастар мен егде жандардың үйлесім табуы, ол үшін біріккен экскурсиялар, ойындар, түрлі шаралар қарастырылған», - деді Алматы қаласының Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Мейіржан Отыншиев.

Халықты кең қамту үшін коммуналдық және коммерциялық меншік негіздерінде әлеуметтік клубтар ашылады. Әрбір бизнесмен тегін жұмыс істейтін әлеуметтік клуб ашу туралы өтінім бере алады,олардың тұрақты әрі жүйелі жұмысы үшін меморандум жасалады. Биылғы жылы қаланың барлық аудандарында 40-қа жуық әлеуметтік клубтар ашу жоспарланған. 

Ақылы бассейндер, спорт залдары, би студиялары сияқты инфрақұрылымдардың қолжетімділігі әрі денешынықтырумен және спортпен апта сайын айналысуы үшін әр ауданның орташа 100 зейнеткерін қамтитын әлеуметтік жоба жасалды.

«Біз ауылшаруашылық туризмнің тиімді құралы болып табылатын әрі әлемде баламасы жоқ Агро-краудсорсинг жобасын қолға алуды жоспарладық. Ол үшін ауылшаруашылығына қатысты жер учаскесі бөлінеді және базалық инфрақұрылымды ұйымдастыратын оператор белгіленеді. Көшеттер мен қажетті заттар операторлар мен жеке инвесторлар есебінен атқарылады. Ауылшаруашылық өніміне кеткен шығынды өтеу үшін өнімнің 30%-ын оператор, алады, ал қалған 70%- ы зейнеткерге тиесілі, ол өзі пайдаланады немесе жәрмеңкеге апарып сатуына болады»,- деді Алматы қаласы Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы.

Алматыда биылғы жылы Жол картасы аясында зейнеткерлерді қаланың белсенді өміріне тарту үшін 100-ден астам мәдени- спорттық, интеллектуалды шаралар өткізіледі. Мысалы, «Таланттар конкурсы», «Алматы- менің сүйікті қалам» фотокөрмесі және зейнеткерлер үшін арнайы бос орындар жәрмеңкесі.

Егде жандар арасында әлеуметтік туризмді дамытуға айрықша назар аударылады. Осы мақсатта қалалық және таулы бағыттар, экотуризм аймақтары, топтық серуендер, туристік нысандарды жаяу аралау, туризм бойынша шеберлік сыныптары ұйымдастырылады.

Қоғамдық кеңестің отырысында Жол картасын талқылау барысында арнайы Ata-Apa.kz интернет- порталын құру ұсынылды, мұнда егде жандарға пайдалы ақпараттар, әлеуметтік және мемлекеттік бағдарламалар, еңбек биржасы және басқалар туралы хабарлар жаряиланады. Мысалы, егер зейнеткер репетитор қызметін көрсеткісі келсе, үйінде отырып ұзақ өмір сүру Орталығына телефон шалып, өзі туралы мәліметтерді қалдыра алады.

Бұлардан өзге, бірыңғай Call-center құру да қарастырылған, мұнда сенім қызметі ұйымдастырылып, әлеуметтік қызмет пен нысандар туралы ақпарат алуға болады. Бұқараға көрсетілетін әлеуметтік қызметтің спаасын арттыру үшін әлеуметтік зерттеулер мен қызмет алушылардың пікірін білу тұрақты жүргізіледі.

Айта кетерлігі, қазіргі кезде Алматыда егде жандарға барынша назар аударылып, қолдау көрсетілуде. Жыл сайын 4 мың зейнеткер санаториялық-курорттық жолдамалар алады. Әлеуметтік жағдайы төмен 17 мың зейнеткерге, оның ішінде 2 мыңнан астамына коммуналдық қызмет төлемі бойынша көмек беріледі. Егде жастағы зейнеткерлерге қоғамдық көлікте 50% жеңілдік көрсетіледі, 75 жастан асқандар жолаушылар көлігімен тегін жүреді. Спорт ұйымдарында да 50% дейін жеңілдіктер бар.

date14.04.2018readCount892printБасып шығаруsourceLinkqamshy.kz





comments powered by HyperComments