Наиб мүфти сал ауруынан сауыққан бүлдіршіндердің тұсауын кесті (ФОТО)

«Жұлдызай» медициналық оңалту орталығында ем қабылдаған сегіз бүлдіршіннің ата-анасы бұл тұсаукесер рәсімін ерекше сағынышпен күткен болатын. Көктемгі жылуды ерте келген сәуір айында көптен күткен армандары орындалып, перзенттерінің тұсаукесер тойын өткізді.

Туған жерінің төсінде сәбиінің тұсауы кесіліп, тәй-тәйлағанын көру кез келген ата-ана үшін үлкен бақыт екені белгілі. Ал, бұл жолы тұсауы кесілген сегіз бүлдіршін мен олардың ата-анасы үшін бұл бақыт үлкен еңбекпен келді. Сал ауруына (ДЦП) шалдыққан бұл науқас сәбилердің сырқатын жеңіп, қаз-қаз басқан әр қадамының артында дәрігерлердің қапысыз емі мен күтімінің ізі жатыр. Алла қалауымен туған жер төсінде алғашқы қадамдарын аттаған бүлдіршіндердің қызығына «Жұлдызай» оңалту орталығының қызметкерлері де ерекше шаттықпен атсалысып, мерекелік шараға айналдырды.

Бойына біткен дертті жеңіп шыққан батыр балақайлардың бұл мерекесіне ҚМДБ төрағасының бірінші орынбасары, республикалық «Әзірет Сұлтан» мешітінің бас имамы Наурызбай қажы Тағанұлы қатысып, бүлдіршіндердің тұсауын кесті. Жаратушы Алланың атымен тұсауы кесіліп, тәй-тәйлаған бүлдіршіндердің қолына қамшы ұстап, ел мен жеріне, тіл мен дініне пайдасы тиер ер азамат болуын тілеп, ақ батасын арнады. Игі дәстүрімізді жаңғыртқан мерекелік шараға «Денсаулық сақтауды дамыту» республикалық орталығының бас директоры Айыпханова Айнұр Тоқсанқызы мен танымал тележүргізуші Ләйлә Сұлтанқызы да қатысып, жылы лебіздерін білдірді.

Айта кетейік, «BI-Жұлдызай» қайырымдылық қорының негізінде құрылған «Жұлдызай» медициналық оңалту орталығы 2013 жылдан бері осы дертке шалдыққан сәбилердің аяғынан тік тұруына аянбай қызмет етіп келеді. «BI-Group» құрылыс компаниясының қаржылай қолдауына сүйенген оңалту орталығынан бүгінге таңға дейін сал ауруынан сауыққан 51 сәбидің тұсауы кесілген екен.

Суреттерді «ФОТОГАЛЕРЕЯ» айдарынан көре аласыздар!

date02.04.2018readCount719printБасып шығаруsourceLinkmuslim.kz





comments powered by HyperComments