Саудиялық елші Бас мешіттегі Наурыз мерекесіне қатысты (ФОТО)

Республикалық «Әзірет Сұлтан» мешіті бүгін ұлтымыздың ұлық мерекелерінің бірі – Наурыз мейрамын атап өтті. Әз мерекенің ұлттық нақышта өтуі үшін арнайы мешіт ауласына қазақ үй тігіліп, ұлттық ойындарымыз бойынша жамағат арасында жарыс ұйымдастырылды. Ежелден «Ұлыс оң болсын, ақ мол болсын!» деп табалдырық аттаған мейманын құдасындай күткен халқымыздың қонақжай салтына сәйкес ақ дастархан жайылып, наурызкөже үлестірілді.

Алыстан менмұндалаған ақшаңқан үйге мешітімізге келген көптеген жан бас сұғып, ізгі ниетін білдіріп, ақ тілегін жаудырды. Еліміздің Бас мешітіндегі жұма намазына қатысуға келген Сауд Арабиясы королдігінің Төтенше және өкілетті елшісі Захир бен Мутиш Әл-Анези де арнайы бас сұғып, наурыз мерекесімен құттықтап қайтты. Наурызкөжеден дәм татып, мерекенің нағыз дәмін сезінген саудиялық елші қонақжай салтымызға сүйсінісін білдіріп, «Әзірет Сұлтан» мешітінің қызметкерлеріне өз алғысын жеткізді.  Наурыз мерекесі ұлт пен ұлыстардың басын қосып, бірлік пен берекені арттырған мейрам екенін ерекше атап өткен елші ақ батасын арнап, дұға қайырды.

«Әзірет Сұлтан әжелері» атанып кеткен қажы апаларымыз жайған ақ дастарханнан Түркияның Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті елшісінің дін істері жөніндегі Бас кеңесшісі Галиб Акын да дәм татып, ізгі тілегін білдірді. Бауырлас қос елдің бағзыдан бері желісі үзілмей келе жатқан салт-дәстүрінен жаңылмай, болашаққа тың тыныспен жаңғыра түсуін тіледі.

Суреттерді «ФОТОГАЛЕРЕЯ» айдарынан көре аласыздар!

date23.03.2018readCount984printБасып шығаруsourceLinkMuslim.kz





comments powered by HyperComments