Ынтымаққа ұйыстырған Ұлық мереке!

Ынтымаққа ұйыстырған Ұлық мереке!

Қадірлі қазақ жұрты, ардақты ағайын!

Түркі топырағына сонау ғасырлармен бірге сіңісіп, бұқараның басын қосып, жұртшылықты жарастырған Наурыз мерекесі де есігімізді қақты.  Ұлт пен ұлыстар арасындағы келісімнің, сыйластық пен сүйіспеншіліктің, құрмет пен ізеттіліктің дәнекері, еліміздің ынтымақты тірлігінің, береке-бірлігінің, өшпес өнегесінің белгісіндей болған ұлық мереке – Ұлыстың ұлы күні құтты болғай! Қаһарлы қыстың ызғары кетіп, жер дүниені жылылыққа бөлеген Әз мереке күннің шуағындай көңілдердегі кірбіңді ерітіп, көктемгі тау суындай береке мен ырысымызды тасыта түскей!

Алты ай қыстан аман шыққан Алаш жұртының бұл күнді ежелден жыл басы санап, Ұлыстың ұлы күні деп ұлықтап-құрметтеген. Қараның аққа, жоқтың барға, ызғарлы күннің жылы маусымға ауысар сәтінде барша жұрт бір-біріне игі тілектерін айтып, өкпе-реніштерін кешірген. Халқымыздың осы күнді айрықша аңсап күтуі де, ерекше әзірлік жасауы да Наурыз мейрамының әдептілік пен өнегелікке, бауырмалдық пен көргенділікке, ізгілік пен білімділікке баули түсуінде болса керек.  

Ертеде Наурыз тойы қарсаңында жігіттер «Бұлақ көрсең, көзін аш» деп қаумаласып, бұлақ-бастаулардың көзін ашса, «Атаңнан мал қалғанша, тал қалсын», «Бір тал кессең, он тал ек!» деген бастамамен қариялар жағы сауапты істердің ұйытқысы бола білген. Осылайша, Наурыз мейрамында көшелер мен алаңдарға тал-теректер отырғызылып, қоғамға пайдалы істердің пайызы артқан. Мұндай игілікті іске кәрі де, жас та қатысып, ынтымақ-бірлік те биіктен табылған. Наурыз мейрамында ұлттық ойындар да назардан тыс қалмайды. Қазақша күрес, көкпар, арқан тартыс, аударыспақ, жамбы ату, теңге ілу секілді жарыстар да жалғасын тауып, жамағатты жаттықтыра түскен. Наурыз мерекесіне тән нәрсе көпшілікке арналып наурыз көже даярланады. Наурыз көжеден бір шаңырақтан түлеп ұшқан ағайындармен қатар, тума-туыс, көрші-қолаң дәм татып, ырзықты берген Аллаға шүкір етіп, алдағы жылдың да ырысы мол болуын тілеседі.

Міне, көктем мерекесінде осындай көптеген адамгершілік қасиеттер көрініс тауып, кейінгі ұрпақтарға үлгі-өнегесімен ізін сала түседі. «Халқым қандай десең, салтымнан сынап біл» деген даналық сөз бар. Байқасаңыз, Наурыз мерекесі де халқымыздың кеңдігі мен дархандығын, даналығы мен даралығын, қонақжайлығы мен жомарттығын паш етіп тұр емес пе?!

Жаратушы Алла Тағала ағайынның ауызбіршілігін арттырып, халқымыздың ынтымағын нығайта түскей! Ұлыстың ұлы күні елімізге құтты-берекелі болсын!

Наурызбай қажы Тағанұлы
ҚМДБ төрағасының бірінші орынбасары, Наиб мүфти,
Республикалық «Әзірет Сұлтан» мешітінің Бас имамы

date22.03.2018readCount1177printБасып шығару





comments powered by HyperComments