Жас жұбайларға арналған «Жанұя жарасымы» атты семинар өтті (ФОТО)

Бүгін «Әзірет Сұлтан» мешітінде некелерін қидырып, отбасын құруға ниет білдірген жас жұбайларға арналған «Жанұя жарасымы» атты семинар тренинг өткізілді. Мешіт имамдарының бастамасымен елімізде тұңғыш рет өткізіліп отырған семинар тренинг барысында отбасы құндылықтары жайлы айтылып, ер мен әйелдің өзара ақылары жайлы  сөз қозғалды.

«Әзірет Сұлтан» мешітінде некелерін қиғызып, жұбайлық өмірге алғашқы қадамдарын құлшылық ордасынан бастауға келген жастар үшін бүгінгі семинардың орны ерекше болды. «Әзірет Сұлтан» мешітінің наиб имамдары Қуат Ерғалиұлы, Ғазиз Ахметов және Бақытжан Өткелбаев семинарға қатысушыларға көптеген құнды мағлұматтар беріп, ақ некенің мән-маңызын тереңірек түсіндіруге тырысты.

«Ресми деректерге сүйенсек, былтырғы жылы елімізде 147 360 жан отбасын құрған көрінеді. Алайда, олардың 48 420-ның дәм-тұзы жараспай, қайта ажырасқан. Бұл тек ресми дерек қана. Ал, тіркелмегендері қаншама?! Осы орайда, албырт сезімнің жетегімен жанұя құрып, жауапкершілікті сезінбей жататындар көп. Бүгінгі семинарымыздың мақсаты да осы. Жанұя құруға талпынған жас жұбайларға жөн сілтеп, керекті кеңес-насихат беру», – дейді «Әзірет Сұлтан» мешітінің бірінші наиб имамы Қуат Ерғалиұлы.

Семинар соңында қатысушыларға ҚМДБ-ы шығарған «Исламдағы жанұя», «Ел боламын десең, бесігіңді түзе», «Имани гүл» сияқты ақпараттық кітаптар таратылып, барлығы естелік суретке түсті.

Суреттер топтамасын «ФОТОГАЛЕРЕЯ» айдарынан көре аласыздар!

 
date20.08.2015readCount2356printБасып шығаруsourceLinkmuslim.kz





comments powered by HyperComments