Мереке қарсаңындағы мүмкіндігі шектеулі оқушылардың қуанышы (ФОТО)

Ежелден ел тілегі болған еркіндігіміздің 23 жылдық мерейлі мерекесі қарсаңында «Әзірет Сұлтан» мешіті бірқатар қайырымдылық шараларын ұйымдастырып, қуаныш сыйлауға тырысты. Сондай шаралардың бірі қаламыздағы №65 мектеп-гимназиясының мүмкіндігі шектеулі оқушыларына арналды. Жүріп-тұруы қиынға соқса да, қатарынан қалмай білім алып, биік белестерді бағындыруды мұрат тұтқан кішкене бүлдіршіндердің жүздеріне күлкі үйіріліп, көздерінен қуаныш ұшқындаса, біздер нағыз мереке осы емес пе?!

Осындай ізгілікті істің басы-қасында жүріп, ұйымдастырушысы болған «Әзірет Сұлтан» мешітінің наиб имамы Бағдат Абдукаримов оқушыларға азаттығымыз жайлы аз-кем уағыз айта келіп, оқушыларды Тәуелсіздік күнімен құттықтады. Қайырымдылық жасаудың, мейірімділік танытудың  пайғамбарымыз (с.ғ.с.) өсиет еткен өнегелі істердің қатарынан екендігін ескерте өткен мешіт имамы «Бауырыңның жүзіне күлімсіреп қараудың» да сауабы барын айтты. Сондай-ақ, Елбасымыздың жолдауында айтылғандай, қайырымдылықтың бақытты қоғам қалыптастырудағы алар орнының ерекше екендігін атап өтті. Осы айтылғандарға орай, «Әзірет Сұлтан» мешітінің ендігі жерде мектеп басшылығымен тығыз қарым-қатынас орнатып, қайырымдылық шараларын жиі өткізіп тұратынын жеткізді. Айта кетейік, №65 мектеп-гимназиясында бүгінгі таңда 100-ге жуық мүмкіндігі шектеулі балалар білім алады.

Суреттердің толық топтамасын «ФОТОГАЛЕРЕЯ» айдарынан көре аласыздар!

date15.12.2014readCount1984printБасып шығаруsourceLinkmuslim.kz





comments powered by HyperComments