Мешіт шәкірттері арасында Құран жарысы өтті (ФОТО)

Адамзаттың асылы Мұхаммед пайғамбарымыз (с.ғ.с.) өзінің бір хадисінде: «Сендердің ең ізгілерің – Құранды үйреніп, оны өзгеге үйреткендерің», – деп өсиет айтады. Осы бір ұлағатты сөзді жүзеге асырып, жемісті еңбек етіп жатқан «Әзірет Сұлтан» мешіті ашылғалы бері қаншама жанның діни сауатын ашып, арабша хат танытып келеді. Қазақстан Республикасының президенті Н.Ә.Назарбаев та мешіт ашылуында: «Әзірет Сұлтан» тек қана құлшылық орны емес. Бұл мешітте кітапханалар мен дәрісханалар бар. Ендеше Бас мешіт ірі рухани және мәдени-ағарту орталығы болады», – деген еді.

Елбасымыз артқан сенімді ақтап, алға қойылған мақсатты ақиқатқа айналдырған «Әзірет Сұлтан» мешітінде тек биылғы жылдың өзінде 218 ер және 106 әйел адам дәріс алып келеді. Әрине, бұның бәрі мешіт имамдары мен ұстаздарының қажырлы еңбегінің арқасында екендігі айтпаса да белгілі. Бұған қоса, мешіт шәкірттері арасында достық пен бауырмалдықты нығайту мақсатында түрлі спорттық сайыстар мен топтық демалыстар да ұйымдастырылып келеді.

Мешіт шәкірттерін мерейлендіріп, ынталандыру мақсатында бүгін сондай игі шаралардың Қазақ елінің тұғыры биік мерекесі – Тәуелсіздік күні қарсаңында мешіт шәкірттерінің білімін сарапқа салған "Құран оқу жарысы" болып өтті. Іріктеу кезеңінде 37 шәкірттен 8 шәкірт ақтық сынға өтіп, жұма намазынан кейін үздіктер қорытынды сайыста бақ сынасты. Жыл бойғы білімдерін қорытындылаған мешіт шәкірттерінің үздік нәтиже көрсетіп, оза шапқандарына ақшалай сыйлықтар үлестірілді. Мешіт ұстаздарынан құралған әділқазылар алқасының шешімімен І-орын алған жүлдегерге 50 мың теңге, ІІ және ІІІ орын иегерлеріне 40 және 30 теңге көлемінде жұлде бұйырды.

Сайыстың толық суреттерін «ФОТОГАЛЕРЕЯ» айдарынан көре аласыздар!

 

,

date12.12.2014readCount3733printБасып шығаруsourceLinkmuslim.kz





comments powered by HyperComments