Астана имамдарының қорытынды жиналысы өтті (ФОТО)

Бүгін Астана қаласындағы «Әзірет Сұлтан» мешітінде Елорда имамдарының жылдық қорытынды жиналысы болып өтті. Биылғы жылғы жетістіктер мен кемшіліктер сараланып, келер жылға келелі жоспарлар түзілетін жылдық жиналыста Астана қаласындағы сегіз мешіт имамдарының есебі тыңдалды.

Сонау жыл басында Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлының тапсырмасымен мешіт имамдарының төмендегі төрт бағыт бойынша: үгіт-насихат жұмыстары мен қайырымдылық шаралары, теріс пиғылды ағымдармен жұмыс жасау және діни сауат ашу курстарын жандандыру бағытында жұмыс істеуі керектігін ашық айтылған болатын. Осы орайда, қорытынды жиналыста сөз алған мешіт имамдары жыл бойы жүргізілген уағыз-насихат жұмыстарының жалпы саны мен қамтыған көлемі жайлы кеңінен ақпарат беріп отырды. Сондай-ақ, құлшылық ордалары ұйытқы болған қайырымдылық шаралары мен жалпы қаражат көлемі де көрсетілді. Жыл басынан бергі діни мейрамдар мен мемлекеттік маңызды мерекелер тұсында ұйымдастырылған іс-шаралар да қорытынды есептен қалыс қалмады.

Мешіт имамдарына міндеттелген тағы бір мәселе – ол діни ағартушылық саласын дамыту болатын. «Бес шәкірті жоқ имам имам болып саналмасын!» деп үндеу тастаған Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлының да көздеген басты мақсаты – халықтың діни білім деңгейін көтеріп, сауатты қоғам қалыптастыруға деген қадам еді. Бұл мүдде тұрғысынан да Елорда имамдары биік межеден табылып, мешіт жанынан ашылған діни сауат ашу курстарының қарқынды жұмыс жасап жатқандығын жеткізді.

Сондай-ақ, мешіт имамдары Елордамыздағы оқу орындары мен түрлі мемлекеттік мекемелерде өткізілген уағыз-насихаттық кездесулер есебіне тоқталды. Мешіт мінберінде айтылатын ақшам намазынан соңғы уағыздар мен жұма уағыздарының да саны көрсетіліп, тақырыбы талқыланды. Бұдан бөлек, мешіт имамдарының БАҚ беттерінде жарық көрген еңбектері де есепке алынды.

Осылайша, сегіз мешіттің биылғы жылы атқарған жұмыстарын тыңдаған Астана қаласының өкіл имамы Наурызбай Тағанұлы барлықтарына өз ризашылығын білдіріп, алғысын жеткізді. Бұдан бөлек биылғы жылы Бас мүфти ұсынған төрт бағыт бойынша белсенділік танытып, үздік шыққан имамдарға «Алғыс хат» табыстады.  Атап айтқанда, «Әзірет Сұлтан» мешітінің наиб имамдары Қуат Ерғалиұлы, Руслан Қамбаров, Ербол Абдуахитұлы, «Нұр-Астана» мешітінің наиб имамдары Төле би Оспанов, Жандос Айтбайұлы, Асхат Сәлімбаев, Абдусамат Махат, «С.Ғылмани» мешітінің наиб имамы Мәмлүк Мұсаев  пен «Төлебай» мешітінің бас имамы Ибрагим Сматаевтар ерекше еңбек етіп, белсенділік танытқандары үшін «Алғыс хатпен» марапатталды.

date10.12.2014readCount2348printБасып шығаруsourceLinkmuslim.kz





comments powered by HyperComments