«Тәпсір тұнығының» Астана жұртшылығына танытымы болды (ФОТО)

Еліміз егемендік алып, етек-жеңімізді жинағалы бері кеткен есеміздің орнын толтырып, еселеген еңбек атқарып келеміз. Жоғымызды түгендеп, барымызды бүтіндей білген елдің болашағы бекем болатыны бесенеден белгілі. Осы орайда, әсіресе, Кеңес үкіметі тұсында жұтқа ұшыраған асыл дініміздің бар құндылығын қайтарып, қайта өркендету жолында жасалып жатқан еңбектің үлесі өте зор. Түрлі аудармалар мен діни кітаптар, тәпсірлер мен хадистер жинағы секілді халыққа ауадай қажет діни кітаптар осы жылдары там-тұмдап болсын жарық көріп келеді. Мінекей, осы бақытқа жетуімізге жол ашқан, ата-бабаларымыз ғасырлар бойы аңсап өткен азаттық мерекесі – Тәуелсіздік күні қарсаңында қазақ халқының діни кітапханасы тағы бір тағылымды туындымен толықты.

«Тәпсір тұнығы» деп аталатын аталмыш еңбектің кеше «Әзірет Сұлтан» мешіті жамағатына танытымы болып өткен айтқан едік. Қуанышты бөліскен сайын көбейеді деген дана халқымыздың нақылына сай бүгін аталмыш кітаптың Астана жұртшылығына танытымы болып өтті. Қасиетті Құран Кәрім сүрелерінің сырын ашып, түсу себептерін түсіндіретін тағылымды кітаптың авторына бұл күні айтылған алғыстар мен қойылған сауалдар да көп болды. Жауапты да сауапты жұмыстың жай-жапсарын сұрап, қалай жазылғанына да қызығушылық танытқандар болды. Елордамыздағы Еуразия Ұлттық Университетінің проректоры Дихан Қамзабекұлы «Тәпсір тұнығы» туралы ой қорыта келіп, қазақ халқын діни мұрағатына қосылған асыл қазынасымен құттықтады. Игілікті шараға, сондай-ақ, Астана қаласының өкіл имамы Наурызбай қажы Өтпенов те қатысып, өз ойын ортаға салды. Жиналғандарға бұл еңбекті жазу үстінде жолыққан күрделі жайттарды баяндаған Серікбай қажының әсерлі уағызы медресе шәкірттерін мерейлендіріп, кеуделеріне үміт пен жігер бере түсті. Танытым соңында кешке жиналғандарға «Тәпсір тұнығы» таратылды.

Танытым кештің толық суреттерін «ФОТОГАЛЕРЕЯ» айдарынан тамашалай аласыздар!

date08.12.2014readCount2261printБасып шығаруsourceLinkmuslim.kz





comments powered by HyperComments