Найб мүфти Ұлттық өнер академиясы студенттерімен кездесті (ФОТО)

Бүгін ҚМДБ-ның төраға орынбасары, найб мүфти, «Әзірет Сұлтан» мешітінің бас имамы Серікбай Ораз Сатыбалдыұлы «Шабыт» Ұлттық өнер академиясы студенттерімен кездесу өткізді. Алдымызда келе жатқан Алаш жұртының айтулы мерекесі – Тәуелсіздік күніне орай «Тәуелсіздік және Жастар» тақырыбында өткен кездесудің егеменді еліміздің ертеңі болатын жас ұрпақ үшн маңызы ерекше болды.

Аталмыш өнер ордасының оқытушылары мен студенттеріне лық толған Шопен атындағы зал іші Серікбай Ораз Сатыбалдыұлы сөз бастаған сәтте сілтідей тынып, әр сөзін мұқияттылықпен тыңдады. Бақытты қоғамды иманды ұрпақ қалыптастыратынын ескерткен Серікбай Ораз студенттер қауымына сабақ боларлық ой салып, жақсылыққа үндеді. Әр сөзін дәлел-дәйектермен әрленген найб мүфти сөзінен соң студенттер қауымының риза болғандығы соншалық, ұзақ соғылған шапалақ үні сейілмеді.

Бұдан соң кезек студенттер сұрағына беріліп, жастарды толғандырып жүрген біршама жайттардың жауабы қайтарылды. Кездесудің тағы бір қонағы ретінде шақырылған Muslim.kz сайтының орыс бөлімі редакторы әрі «Әзірет Сұлтан» мешітінің ұстазы Қайырғалиев Мақсатбек студенттер тарапынан орыс тілінде қойылған сауалдарға жауап қайтарып отырды. Осылайша, қос тілде жалғасқан жауаптар мен жастар сауалы кездесу көрігін қыздыра түсті.

Қазіргі қоғамда орын алып жатқан түрлі жағдайлар мен ислам дініне жаңадан келгендер үшін бәймәлім болып келген біраз жайттың бетін ашқан жауаптар жастар үшін жан азық болары сөзсіз. Содан да болар, сауал қоюшылардың легі үзілмеді. Кездесу жүргізуші профессор Абуов Әміреқұл Ергешұлы бөлінген уақыттың аздығына қынжылыс білдіріп, студенттер қауымына алдағы осындай жүздесулерді көптеп ұйымдастыратындығын айтты.

Осылайша, келелі кеңестер мен тұщымды жауаптарға толы болған кездесу соңында студенттерге ҚМДБ-на қарасты «Хикмет» телерадио студиясында әзірленген Серікбай Ораз Сатыбалдыұлының уағыз дискілері сыйға таратылды.

date27.11.2014readCount2419printБасып шығаруsourceLinkmuslim.kz





comments powered by HyperComments