Ясир Арафатты улап өлтіргенге ұқсайды...

Ясир Арафатты улап өлтіргенге ұқсайды...

Осыдан сегіз жыл бұрын дүниеден өткен Палестина автономиясының төрағасы Ясир Арафаттың өлімі неден болғаны әшкере болды. Швейцарияның сарапшылары Ясир Арафатты улап өлтірген деп отыр. Оның өлер алдында пайдаланған заттарынан «полония-310» деп аталатын радиоактивті заттың элементтері табылған.

Палестина көшбасшысының пайдаланған заттарын Ясир Арафаттың әйелі Катардың «Әл-Жазира» телеарнасының журналистеріне берген көрінеді. Ал журналистер ол заттарды Швейарияның Лозанна қаласындағы радиофизика институтының зертханасына сараптамаға жіберген. Зерттеу нәтижесі Палестина көшбасшысының заттарында, сондай-ақ, қан құрамында полония радиоактивті элементінің шектен тыс жоғары болғанын көрсеткен.

Негізінен Палестина автономиясы төрағасын улап өлтіргені жайында долбар Ясир Арафаттың жағдайы күрт төмендеп кеткенде-ақ айтылған еді. Алайда, сол кездің өзінде де, ол өлген соң да оны ешкім растамады.

Естеріңізге сала кетейік, Ясир Арафат 2004 жылы Париждің түбіндегі әскери ауруханада көз жұмған болатын. Оны ол жерге Иордан өзенінің батыс жағалауындағы резиденциясында ауыр халде жатқан жерінен жеткізген. Әртүрлі елдің медиктері қаншама сараптама жүргізсе де, оның қанынан жұртқа белгілі деген удың түрлерін таппаған еді. Ал полония-210 радиоактивті изотобы 2006 жылы қарашада Лондонда федералды қауіпсіздік қызметінің бұрынғы подполковнигі Александр Литвиненконы улап өлтіргенде ғана жұртқа мәшһүр болды.

Қазіргі уақытта Палестина билігі ақиқатқа көз жеткізу үшін Ясир Арафаттың қабірі ашып, мәйітін зерттеуге рұқсат берді.

date05.07.2012readCount2946printБасып шығару





comments powered by HyperComments