Балғындар түсті бәйгеге (ФОТО)

Бүгінде жыл сайын елорда мешіттерінде мектеп оқушыларына арналған жазғы діни сауат ашу курстарын өткізу игі дәстүрге айналғаны бұқараға белгілі. Бұл ретте жас жеткіншектердің жазғы демалыс маусымының дүниәуи һәм ақыреттік пайдалы өтуі үшін тер төгіп келе жатқан мешіт қызметкерлерінің еңбегі зор екенін айта кету керек.

Оқу жылы аяқталысымен мектеп қабырғасынан шығып, мешіт есігін қаққан балғындардың көптігіне көңіл қуанып, жүрек жұбанады. Балаларын жазғы курсқа алып келген ата-аналар ата дін мен баба дәстүрінен тәлім беретін имамдар қызметіне береке тілеп, игі іс жалғасын тапқанына қуанышты екендіктерін жасырмады.

Міне, маусым айында бастау алған сауат ашу курстары да тәмам болып, балалардың білім деңгейін сынап, бағалау үшін бүгін «Әзірет Сұлтан» мешітінде білім сайысы өтті. «Білімге құштар иманды жас» сайысында жазғы курста білім деңгейі мен алғырлығымен көзге түскен Астана қаласының 7 мешіті мен «Нұр Астана» орталық мешітіне қарасты Ислам орталығында тәлім алған  шәкірттер сынға түсті.

«Таныстыру», «Ислам тарихы», «Иман негіздері және ғибадат» және «Әртүрлітақырыптар» атты 4 кезеңнен тұратын білім бәсекесінде балалар бірінен бірі өткен алғыр, білімге құштар екендіктерін байқатты. Жарыс ережесі бойынша әр айналымда тақырыпқа сәйкес экранда таңдаған ұяшықтағы сауалдарға жауап бере отырып, соңынан жинақталған ұпайы төмен болған екі қатысушы ойыннан шығып отырады.

Игі шараны тамашалауға келген көрерменнің көңілін сергіту де ұйымдастырушылардың қаперінен тыс қалмады. Айналым арасында шара модераторы «Нұр Астана» мешітінің найб имамы Жандос Айтбайұлы шариғат төңірегіндегі викториналық сауалдар қойып, онда білімі әрі шапшаңдығымен көзге түсіп, дұрыс жауап айтқан балаларға арнайы сыйлықтар табыстап отырды. «Біз балаларды тарту мақсатында ұялы телефон секілді түрлі бағалы сыйлықтар  алсақ болар еді. Дегенмен, Алланың кәламынан артық қандай сый болуы мүмкін деген шешімге келіп, қасиетті Құран кәрім (тәпсірімен) мен ҚМДБ-дан шыққан діни кітаптар сыйлауды жөн санадық. Оған қосымша қасиетті Мекке қаласындағы Қағбаның мозайка суреті мен балаларға арналған тәттілеріміз бар» деген найб имам бұл білім бәсекесінің Алланың алдында дүниемен өлшенбейтінін еске салды.

Жазғы курста балаларға дәріс берген «Астана» медресесінің шәкірті Мұратхан Адалбек «Тоғыз тілек» атты өз өлеңін оқыды. Көрерменнің көңілін толқытқан жыр тамшысына разы болысқан көрермен Бұқар жырау бабамыздың жолымен баба мұратын өз тілегімен жалғаған Мұратханға алғысын жаудырды.

Осылайша тартысты һәм көрікті өткен балғындар бәсекесі өз мәресіне жетіп, әділқазы төрағасы «Төлебай» мешітінің бас имамы Ибрагим Сматаев бүгінгі сайысқа қатысушыларға алғыс айтып, бәйге жеңімпаздарын атады. Қазылардың ортақ шешімімен 1-орынды «Төлебай» мешітінен келген Әділет Жиенғалиев алып, оған былғары қаптамалы үлкен Құран кітабы, «Дін мен дәстүр» кітабы және арнайы марапат қағазы табысталды. Екінші және үшінші орынға «Нұр Астана» орталық мешітінің шәкірті Аман Мұхтарбек пен «Әзірет Сұлтан» мешіті атынан қатысқан Нұрсұлтан  Нұрболов лайықты деп танылып, былғары қаптамалы Құран кәрім, «Дін мен дәстүр» кітаптары мен арнайы марапат қағаздарына ие болды. Өзге қатысушылар да құран кәрім, «Дін мен дәстүр» кітаптары мен арнайы сыйлықтармен марапатталды. 

date23.06.2014readCount2397printБасып шығаруsourceLinkummet.kz
діни сауат ашудіни сауат ашу





comments powered by HyperComments