Құрбандық акциясының қорытындысы (ФОТО)

Исі мұсылман қауымы жыл бойы үздіге күтіп, үмітпен қарсы алатын қасиетті Құрбан айт мейрамы да аяқталуға аз қалды. Қыркүйектің ортан белінен осы Құрбан айт мейрамының маңызы мен мағынасын уағыздап, құрбандық шалудың қандай сауапты іс екендігі жайлы Астана қалалық мешіттері жаппай акция ұйымдастырған болатын. Акцияға қатысқан ағайындар қаражатына 80-нен астам мал сатып алынып, Құрбан айт мейрамының екінші күні құрбандыққа шалынған еді. Игі шараға еліміздің бас мүфтиі Ержан қажы Малғажыұлы да арнайы қатысып, құрбандық шалды. Бұл жайында сайтымыздың сурет галереясы мен жаңалықтар бағанында бірнеше рет ақпарат берген болатынбыз.

Ал, Құрбан айт мейрамының үшінші күні сойылған мал еттерін тұрмыс-тіршілігі төмен 1465 отбасы мен мұқтаж жандарға тарату жұмыстары жүргізілді. "Әзірет Сұлтан" мешіті ұжымы мен игі шараға қатысуға ықылас білдірген жамағат кеше құрбандық еттерін елорда маңындағы елдімекендер мен Астана жұртшылығына таратып шықты. Таң қылаң бергеннен басталған тарату жұмыстары қас қарая өз мәресіне жетті. Алдын-ала алынған ақпараттар бойынша, Қорғалжың ауданының Сабынды ауылы мен сабынды медіресесіне, Ақмола облысының Целиноград ауданының Шалқар, Мәншүк, Софиевка, Приречное, Қараөткел,Семеновка, Максимовка, Новошимка сынды ауылдарындағы тұрмысы ауыр жандардың тізімі түзіліп, таратушылар алты бағыт бойынша аттанды.

Мешіт ұжымы құрбандыққа шалынған мал еттеріне қоса, азық-түлік салынған арнайы айттық пакеттер және діни кітаптар мен уағыз дискілерін де қоса үлестірді. Ауыл аралап, құрбандық еттерін үйді-үйге үлестірген мешіт ұжымы аталған ауылдарда мерекелік көңіл-күй тудырып, жұртшылық алғысына бөленді. Тұрмыс тауқыметін тартып, қиыншылық қыспағында жүрген жандар Астанадан ат арытып келіп, айтпен құттықтағанымызға айран-асыр қалып, жарым көңілдері жылылық сезінгендей. Құрбан айт күндері жетім мен жесірдің жағдайын сұралып, қаріп-қасірдің қазаны қайнаса, Құдай алдындағы қарызымыздың өтелгені емес пе?! Айттықтан ауыз тиген балалардың қуанышты күлкісі таң атқаннан тыным көрмеген таратушылардың шаршағандарын ұмыттырып, сауапты іске деген құлшыныстарын еселей түсті. Ақ ниетпен қол жайып, батасын берген ақсақалдарымыз бен аналарымыз ісімізге береке тілегені мерейімізді тіптен өсіргендей.

Сондай-ақ, қайырымдылық шарасы Қазақ агротехникалық университетінің студенттері мен Астана қаласының тұрмысы төмен тұрғындарын да қамтыды. Аталмыш оқу ордасының жатақханаларына құрбандық еттері таратылып, діни кітаптар мен уағыз дискілер үлестірілді. Ал, мешіт ұжымына өтініш білдірген мұқтаж жандарға құрбандық еттері мен айттық пакеттер үлестіру күні бойына жалғасты. Сондай-ақ, "Қазақ соқырлар қоғамы", "Сарыарқа ауданы ардагерлер қоғамы", "Сарыарқа аудандық мүгедектер қоғамы", "Қалалық балалар қоғамдық қоры", "Мейірімділік-М", "Есіл ауданы ардагерлер қоғамдық ұйымдарына" қайырымдылық шара көрсетіліп, құрбандық еттері таратылды. 

date18.10.2013readCount4516printБасып шығаруsourceLinkmuslim.kz





comments powered by HyperComments