Мешітіміздің рамазандық уағыз шымылдығын Бас мүфти түрді

Мешітіміздің рамазандық уағыз шымылдығын Бас мүфти түрді

Бүгін Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлы Астана қаласындағы «Әзірет Сұлтан» мешітіне келіп, жұма намазына қатысты. Ашылғанына бір жыл толған зәулім мешіттің жамағатына жұма уағызын айтты.
Тәлімі мол уағызға келе жатқан Рамазан айының қадір-қасиеті, Қадір түнінің мән-маңызы, ораза айында атқарылатын ізгі істер, Алладан кешірім сұрап, тәубе етудің дініміздегі орны, сондай-ақ күнделікті есітіп, біліп жүрген қасиетті аяттар мен хадистерге амал етудің қажеттілігі арқау болды.

Ислам тарихында саңлақ сахабалардың басынан кешкен ғибратты оқиғаларды тебірене жеткізген Бас мүфти жиналған қауымды терең ойға шомдырды. Жұма намазын оқуға келген көпшілікке біріне-бірі қолқанат болудың, өзара айыптарын жасырысып, қайғы-мұңдарын сейілтуге ат салысудың ақырет әлемінде қаншалықты сауапты екендігін шегелеп айтып берді.

Сондай-ақ Ержан хазрет Малғажыұлы көпшілік жұртты бүгінгі еркіндігі мол мамыражай кезеңнің қадірін білуге, намаз оқуға, уағыз тыңдауға, діни білім алуға мол мүмкіндігі бар жағдайды бағалауға үндеді.

Уағыз соңында Бас мүфти жұмаға жиылған елді Астана қаласының  15 жылдығымен, сондай-ақ Орта Азияда теңдесі жоқ «Әзірет Сұлтан» мешітіне бір жыл толуымен құттықтап, өзекжарды тілегін білдірді. Намаз соңында елге береке-бірлік, ынтымақ, халықты даңғыл жолмен бастап келе жатқан Елбасымызға ұзақ өмір тілеп бата жасады. 

date05.07.2013readCount3008printБасып шығаруsourceLinkmuslim.kz





comments powered by HyperComments