«Әзірет Сұлтан» мешітінен ашылған жазғы лагерьде 185 бала дәріс алуда (фото)

Бүгін «Әзірет Сұлтан» мешітінде мектеп оқушыларына арналған жазғы лагерь өз жұмысын бастады. Лагерьге 185 бала жазылған: оның 100-і ер балалар болса, 85-і қыз балалар. Лагерьдің «бісмілләсі» дәрет алу тәртібі, сәлемдесу әдебі, «Фатиха» сүресін жаттау секілді сабақтардан басталды.

Жазғы лагерь 15 күнге созылады. Осы он бес күн ішінде оқушыларға Ислам мен иман шарттары, дініміздегі маңызды сұрақтар, Құранның қысқа сүрелері, күнделікті дұғалар, яғни ұйқыдан оянғанда, ұйқыға жатарда, ас ішер алдында, астан кейін, үйден шыққанда, үйге кіргенде айтылатын дұғалар, әдеп дәрістері, дастархан батасы, Құран бағыштау, араб әліппесі секілді дәрістер оқытылады.

Лагерь тек дәрістермен ғана шектеліп қалмайды. Сонымен қатар, танымдық және спорттық шаралар да, атап айтсақ, оқушыларды Астана қаласының көрікті жерлері мен мұражайларын аралату, арқан тарту, доп ойнау секілді дүниелер де қарастырылған.

Оқушыларға лагерь барысында оқытылатын дәрістер қамтылған, әдемі безендірілген кітапшалар таратылды.

Балаларының таңертеңнен кешке дейін далада құр бос жүргеннен гөрі, Алланың үйіне келіп, имани сабақтар алғанын қалайтын ата-аналардың көптігі бізді қуантты. Балалардың көптігінен мешіт ішіндегі дәрісханалар толып қалды. Тіпті сыймай кетті десе де болады. Сол себепті мешіт балаларды 7 топқа, екі ауысымға бөлуге мәжбүр болды.

date10.06.2013readCount4360printБасып шығаруsourceLinkmuslim.kz





comments powered by HyperComments