Фатима апа Әбдібекқызы: Мүбәрәк сақалды сенімді қолға қалай тапсырамын деп түні бойы көз ілмей шығушы едім... (ФОТО)

Ақмола облысы, Атбасар қаласының мешітінде Пайғамбарымыздың сақал шәрифін Қазақстан мұсылмандары діни басқармасына табыстау рәсімі өтті.

Мешіт ішінде Пайғамбарымыздың тәбәрігін көруге келген жамағаттан ине шаншар жер қалмады. «Аллаһу әкбар» деп тәкбір айтып, Пайғамбарымызға салауат жолдаған жамағат Пайғамбарымыздың мүбәрәк сақалын мешітке алып кіргенде ерекше толқып, бойларын керемет сезім билегендей болды. Иін тірескен жұрт Пайғамбарымыздың сақалын көруге лап қойып, берекеттеніп қалуға тырысты. Осындай ғажап көріністен халықтың Аллаға деген, Пайғамбарымызға деген, дінге деген айрықша махаббатының қаншалықты жоғары екенін байқадық.

Құран сөзін қасиет, Пайғамбар сөзін өсиет тұтқан халық үшін бұл мүбәрәк сақал үлкен ғанибет, керемет олжа болды.

Салтанатты шараның шымылдығы Алланың кәләмі ­– Құран Кәріммен түріліп, Пайғамбарымызға салауат айтумен аяқталды.

Әр мұсылман үшін Алланың Құранынан, Пайғамбар хадисінен қасиетті еш нәрсе жоқ. Дүниенің төрт түкпіріне ислам дінін таратқан Алланың ең соңғы елшісі – Пайғамбарымыздың хақтығын, оның ұлық қырлары мен сырларын сипаттайтын өмір жолы бізге үнемі үлгі-өнеге. Барша адамзатты ақ жолға бағыттап, нұрлы жолға салған Пайғамбардың атын айғақтап, қастерлейтін тәбәрік заттар біздің заманымызға дейін жетті. Міне, бұл сақал шәриф те сондай жәдігерлердің бірі. Осыны айтқан ҚМДБ-ның наиб мүфтиі Серікбай қажы Ораз былай деді: «Пайғамбарымыз қайтыс болған кезде жанында болған мұсылмандардың бірі оның сақалының бір бөлігін қырқып алған. Қазіргі таңда осы бір жәдігер, барша жамағат біледі, Стамбұл қаласындағы патша сарайы болып саналатын Топқапы мұражайында сақтаулы. Сонымен қатар, Үндістанда Хазрабтал мешітінде және Түмен облысының мұражайында да «Пайғамбар сақалы» деген жәдігер бар. Тарихта Осман империясының сұлтаны ислам дінін қабылдаған елдердің басшыларына осындай тәбәріктерді сыйлық ретінде ұсынғанын баршамыз білеміз».

Осындай бір тәбәрік бірнеше жыл бұрын Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевқа да Түркия мемлекеті тарапынан табыс етілген болатын. Оны да тілге тиек еткен наиб мүфти Ақмола жерінен табылған бұл мүбәрәк сақалдың орны бөлек екенін айтты. Себебі, бұл сақал өз арнасын өткен ғасырлардан алады. Мұндай қастерлі заттың қазақ жеріне келуінің өзі бабаларымыздың ислам дінін берік ұстанатындығының белгісі.

Фатима анамыз кешегі қылышынан қан тамып тұрған кеңес үкіметі кезінде де ата-бабадан қалған осынау аманатты көздің қарашығындай сақтап келген. Міне, сол мүбәрәк сақалды апамыз «жасым біршамаға келді, осы мүбәрәкті Қазақстандағы мұсылмандар діни басқармасына, бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлына табыс етейін» деп осыдан бірнеше ай бұрын Алматыға өзі алып барған.

ҚМДБ сақал шәрифпен бірге ілесіп келген құжаттарды алып, аударып, мүбәрәк сақалдың нақ Пайғамбардікі екенін айғақтайтынына көз жеткізді.

Серікбай қажы Ораз: «Әрбір мемлекет осындай Пайғамбарымыздың сақалдарымен мақтанады. Ал біздегі осынау оқиғаның ерекшелігі ­– біздің өзіміздің елімізде бір жарым ғасырға жуық уақыттан бері аманат сақтай алған ұрпақтың бар екенін және ислам дінін сыртқы көрініспен ғана емес, мұсылмандықты жан-дүниесімен бекем ұстанатын ұрпақтың барын, осы жерден қаншама ғалымдар, молдалар, ишандар шыққан ел екендігімізді паш ететін тарихи оқиға», ­– деді.

Фатима апа Әбдібекқызы да осынау жауапкершілігі мол мұраны көзінің тірісінде сенімді орынға табыс еткеніне Аллаға сансыз шүкір айтып, тілегінің қабыл болғанын жеткізді: «Бұл мүбәрәк сақалды сенімді қолға қалай тапсырамын деп түні бойы көз ілмей шығушы едім. «Иә, Алла тілегімді қабыл ет. Көзімнің тірісінде Пайғамбарымыздың осы бір тал мүбәрәк сақалын аман-есен дін орнына табыс етсем екен. Жасым болса келіп қалды, дүниеден өтсем, бұл мүбәрәкті артымда кім ұстайды» деп өте көп уайымдадым. Уайымнан түнде ұйқым қашатын болды. Міне, Алла Тағала тілегімді қабыл етті».

Мұратбек Оспанов, «Нұр Отан» ХДП филиалы Ақмола облысы төрағасының орынбасары:

­

– Қазақ елінің мұсылмандарына Мұхаммед Пайғамбардың өзін көрмесе де, бір тал мүбәрәк сақал шәрифін көруге жазыпты. Тәубә! Бұл тәуелсіздігіміздің 22-ші жылына қараған шағында, дініміздің қанат жайып, өркендеп келе жатқан дәуірінде Құдайдың бір ықыласының ауғаны деп есептейік. Бұл еліміздегі бүкіл мұсылмандар қауымына: «есіңді жи, жамандығыңды тый!» дегені, «бойыңды түзеп, дұрыстал!» дегені.

Шара соңында Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы мен дінге жанашыр демеушілер Фатима апамызға Атбасар қаласының орталығындағы жаңа зәулім үйден екі бөлмелі пәтердің кілтін табыстан, бір ат мінгізіп, шапан жапты.

date23.05.2013readCount4908printБасып шығаруsourceLinkmuslim.kz





comments powered by HyperComments