Muslim.kz сайты Пайғамбар сақалын сақтап келген апамызды зиярат етті

Muslim.kz сайты Пайғамбар сақалын сақтап келген апамызды зиярат етті

Muslim.kz сайтының ұжымы Пайғамбарымыздың мүбәрәк сақалын осы күнге дейін аман-есен сақтап келген Ақмола облысы, Атбасар ауданы, Садовый ауылының тұрғыны Фатима апа Әбдібекқызының шаңырағына зиярат етіп, ақ батасын алды.

85 жасқа келсе де дәретсіз жер баспай, бес уақыт намазын қаза қылмай келе жатқан апамыздың әлі күнге дейін тың екенін көзіміз көріп таңғалдық. Мүбәрәк сақалды ылғи жанарына басып, шарапатын алған апамыз әлі күнге дейін кітапты көзілдіріксіз оқып отыр.

Мүбәрәк сақалды Бөкей бабасынан бері көзінің қарашығындай сақтап келген бұл әулеттің көрмеген қиыншылығы жоқ екенін де әжеміз ағынан жарылып әңгімелеп берді. «Әкем Әбдібек талай қуғын көрді. Мүбәрәк сақалды аман сақтау үшін небір тар жол, тайғақ кешуді бастан өткерді. Қудалауда жүріп, жаяу Башқұртсанға дейін өтіп кеттік», ­– деген апамыз бұл жәдігердің осы күнге қандай қиыншылықпен жеткенін айтты.

Апамыз Пайғамбар сақалын қолына аларда міндетті түрде дәрет алып, екі бас намаз оқиды екен. Осынау жауапкершілігі жоғары тәбәрікті Қазақстан Мұсылмандары Діни басқармасына табыстарда апамыз көзіне жас алып, қимастықпен аманаттаған.

Қазақстан Мұсылмандары Діни Басқармасы мүбәрәк сақалмен қатар жеткен тарихи құжаттарды аударып, сараптамадан өткізді. Бүгін Атбасар ауданында мүбәрәк сақалды салтанатты түрде ҚМДБ-ға табыстау рәсімі өтеді.

Muslim.kz сайтының Фатима апамызбен жасаған сұхбатын алдағы күндері сайтымыздан көресіздер.

date23.05.2013readCount3208printБасып шығаруsourceLinkmuslim.kz





comments powered by HyperComments