Бас мүфти Түркияда (фото)

Бас мүфти Түркияда (фото)

Түркияның Ыстамбұл шаһарында «Жаңа үміт» және «Хира» басылымдарының ұйымдастыруымен халықаралық симпозиум өтуде. 80 мемлекеттен келген Бас мүфтилер, Ислам ғұламалары, дін жанашырлары, қоғам қайраткерлері «Біртұтас жол картасы: Ижма және ортақ сана» атты тақырып аясында сүбелі ойларын ортаға салып, өзара пікір алмасуда.

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлы симпозиум жұмысына қатысып, баяндама жасады.

«Діннің әлемдік деңгейдегі адамзатқа тән ойлау жүйесінен шет қалмайтындығын қазіргі заман болмысы айқын аңғартып отыр, себебі дінсіз қоғам болмайды.

Дін дегеніміз – адамды екі дүниенің бақытына жетелейтін Алланың  бұйырған жолы. Қазақ халқының бүгінгі өмір тұрмысын және болашағын Исламнан тыс қарастыру мүмкін емес. Ислам діні, онымен бірге енген ислам мәдениеті, дүниетанымы, тіптен философиясы біздің әдет-ғұрыптарымызға, ұлттық ойлау жүйемізге молынан сіңген.

Дініміздің қағидалары Құран мен сүннетке сүйенетіндігі баршамызға мәлім. Үкім шығаруда әһлу сүннет ғалымдары әуелі Құранға, одан кейін сүннетке жүгінді. Бүгінгі жиынға арқау болып отырған шариғатымыздың үкім шығаруда қабыл етілген әдісі – «Ижма». Ислам құқықшыларының басым көпшілігі ижманы шариғатта дәлел ретінде қабылдайды және оны Құран мен сүннеттен кейінгі орынға қояды. Ижманың дәлелдік негіздері Құран мен сүннет болғандықтан, оны қабыл етпеу адасушылыққа апарары анық», – деді Бас мүфти.

Ержан қажы Малғажыұлы Ислам әлемі ғалымдарының басын қосқан халықаралық симпозиумда дін жанашырларын ортақ мақсаттарды, ұлы мұраттарды жұмыла жүзеге асыруға шақырды. Бас мүфти өскелең ұрпақты, жастарды имандылыққа тәрбиелеуді жандандыру қажеттігін қаперге салды. Ұлт болашағы саналған жастардың рухани дамуына кері әсерін тигізіп жатқан кейбір факторларды болдырмаудың жолдарын қарастырып, жалпыға ортақ нақты қадамдар жасауды ұсынды. 

date29.04.2013readCount2957printБасып шығаруsourceLinkmuftyat.kz





comments powered by HyperComments