Татарстанда астыртын радикалды топтар жоқ – РИУ ректоры

Татарстанда астыртын радикалды топтар жоқ – РИУ ректоры

Құрметті сайт қонақтары! Назарларыңызға Slon сайтының тілшісі Вера Кичанованың Ресей Ислам университетінің ректоры Рафик Мұхаметшинмен Татарстандағы Ислам діні туралы сұхбатының қазақша аудармасын ұсынып отырмыз.

– Татарстандағы мұсылман ағымдарының арасындағы текетірес қаншалықты күшті?

– Ешқандай да текетірес жоқ. Солтүстік Кавказбен салыстырғанда мұнда ондай теріс үрдіс байқалмайды. Иә, Татарстанда әр түрлі ағымдар бар, бірақ олар ұйымдасқан топ ретінде әрекет етпейді. Бұлар – жекелеген тұлғалар, олар өз ой-пікірін ашық айтады, бірақ шектен шықпайды. Татарстанда дәстүрлі Исламға қарсы ұйымдасқан идеологиялық қозғалыс жоқ.

– Сіз уахабшыл ұйымдарды меңзеп отырсыз ба?

– Иә. Тоқсаныншы жылдары Ислам қайта жандана бастады, осында оқытушылар келіп, шетелдік мұсылман ұйымдар қаржыландыратын медреселер ашыла бастады. Біз әркез Ресейдегі дәстүрлі Исламның мыңжылдық тарихи бар деп жалықпай айтып келеміз. Бірақ кеңес кезінде мұсылман қауымына білімі жоқ ағайлар басшылық ететін, олар мешіттерде қазір де отыр. Ал қазіргі заман, оқытушылардың ықпалы оларға қарағанда басым екені жасырын емес. Олар білімді, арабша ағып тұр. Міне солар біздің қоғамдағы салттар Исламнан алыс деген теріс түсінік қалыптастырып отыр, олар таза Ислам Мұхаммед пайғамбардың отанында деп қана біледі. Бірақ мұндай ойлар радикалды ағымдардың берік қалыптасуына ұласып отырған жоқ. Оның үстіне, бірнеше ағымның идеологиялық тұрғыда бірігіп кетуі де жағдайды біраз күрделендірді. Айталық, олар намазды ханафит мазхабы бойынша оқып, ал идеологиялық жағынан салафиттік ағымды ұстанады. Татарлардың арасынан Солтүстік Кавказдағы сияқты толық ықпалды салафитті табу қиын. Менен біздің уахабшылар қайда деп сұрағанда, жауап беруге сөз таба алмай қиналамын. Бұл біздің респуликаға ғана емес, орталық Ресейге де тән құбылыс.

– Діни сипаттағы жаңа лаңкестіктердің болу қаупі бар ма?

– Олай ойламаймын, себебі бұған нақты негіз жоқ. Жақында болған лаңкестік көпшілікті түсініксіз жағдайда қалдырды. Қоғамның радикалдануын сөз қылғанда біз мұның тек идеология емес, мұның түбінде экономикалық мәселелер мен шешімін таппаған әлеуметтік түйіткілдердің бар екенін айтамыз. Ал Татарстан ең әлеуетті аймақтардың бірі. Сондықтан мұнда радикализмге әлеуметтік-саяси себеп жоқ. Әрі идеологиялық жағынан да себеп жоқ. Себебі, Татарстан өте толерантты аймақ. Мұндай дінаралық алауыздық ешқашан да болмаған.

– Қазір қалада лаңкестікке апаруы мүмкін себептер бар деп ойлайсыз ба?

– Екі нұсқа бар: идеологиялық және экономикалық – тиісті органлдар қазір осы екеуін де жан-жақты қарастырып жатқан тәрізді. Валиулла Якуповтың өліміне экономикалық себеп итермеледі деп айту қиын – ол Діни басқарманың бизнес-жоспарларымен айналысқан жоқ. Сонда идеологиялық себептер ғана қалады. Ол шынында дәстүрлі құндылықтар бойынша радикалды пікір ұстанды, осы тақырыпта бірнеше өткір мәлімдемелер жасады. Ол Ресейде уахабизмге тыйым салатын заң қабылдау қажет деп мәлімдеді. 2010 жылы ақпарат құралдарында уахабтық холдингтің пайда болғанын, осы бағытта әкімшілік және діни құрылымдардың бірігіп жатқанын тілге тиек етті. Ол уахабшыларды жоғары отырған құрылымдар, оның ішінде күштік құрылымдар қолдап отырғанын өкінішпен ашық айтты. Ол дәстүрлі Ислам әдебиеті бойынша өте көп кітап шығарған баспаны басқарды. Мұндай басқа баспа Ресейде жоқ. Ол шығарған кітаптарды орталық Ресейдегі барлық мешіттер үлкен көлемде сатып алды. Мұндай бағытты мүфти де ұстанды. Алғаш сайланғанда ол да батыл мәлімдемелер жасады. Ол кадр мәселесінде елеулі шешімдер қабылдады, бұл өз кезегінде әр түрлі рухани құрылымдардағы ресми тұлғалардың қытығына тиді.

– Осылардың қайсысы лаңкестікке тапсырыс беруші?

– Бұл сауал төтесінен қойылып отыр, мен әзірге бұл туралы ештеңе айта алмаймын. Қалай дегенмен де бұл наразылық радикалды астыртын топтың іс-әрекеті ретінде көрініс таппады.

– Лаңкестікті сырттан біреулер ұйымдастырды деген де нұсқа бар.

– Бұл мүлде мүмкін емес. Рас, «Кавказ-центр» соңғы кездері Орталық Поволжьеде осы істермен айналысатын арнайы құрылым құруға көңіл аудару қажет екенін жаза бастады. Бірақ Татарстанда қандай да бір Кавказдағыдай радикализм ізі байқалып отырған жоқ. Сырттан келетін оқытушылар мен миссионерлер бізде қазір атымен жоқ. Тек Ресей азаматтығын алған әрі осында жұмыс істейтін араб елдерінің тумалары ғана бар.

– Экономикалық нұсқа Кул Шариф мешітімен байланысты ма?

– Жоқ. Кул Шарифпен байланысты болуы мүмкін емес. Тергеу ісі қажылықты ұйымдастыру жұмысымен байланысты нұсқаны тексеріп жатыр. БАҚ қажылықпен айналысатын компания арқылы жылына жалпы 150-200 миллион рубль айналатынын жазды. Бірақ, бұдан түсетін пайда қаншалықты? Екі миллион доллар – бұл кісі өлтіруге итермелейтін бизнес емес.

– Кул Шариф имамы Юнусовтың Ұлыбританияға кетуі соңғы оқиғалармен байланысты болуы мүмкін бе?

– Менің ойымша, бұл жерде еш байланыс жоқ. Осындай жағдайда адамның әдейілеп бір жаққа кетуі мүмкін бе? Дегенмен, бәрі оның бұл кетісін осы оқиғамен байланыстырып жатыр. Меніңше, бұл сапар одан бұрын жоспарланған.

date27.07.2012readCount3081printБасып шығару





comments powered by HyperComments