«Текті сөздің төресі – терме» бәйгесі өз мәресіне жетті! (фото)

«Текті сөздің төресі – терме» бәйгесі өз мәресіне жетті! (фото)

Бүгін Қазақстан Мұсылмандары Діни Басқармасы, «Әзірет Сұлтан» мешіті жариялаған Республикалық «Текті сөздің төресі – терме» бәйгесі өз мәресіне жетті. Астана қаласының «Конгресс-Холл» сарайында өткен қорытынды кеште үздік деп танылған термелер орындалып, жүлдегерлер марапатталды.

Кештің шымылдығын түрген Қазақстан Мұсылмандары Діни Басқармасының төрағасы, Бас мүфти, шейх Әбсаттар Қажы Дербісәлі: «Аллаға шүкір, отаршылдық бұғауынан босап, тәуелсіздіктің ақ таңы атқалы жоғалтқанымызды қайта түгендеп жатырмыз. Терме өнері де халық арасында өз тұғырына көтерілуде. Телеарналар мен радиолардан арнайы жыр-термелерге арналған бағдарламалар берілуде. Алайда, терме жазу шығармашылығы тоқырап қалғандықтан, сол бағдарламаларда сиясы кеппеген, жаңа жазылған термелер емес, көбіне бұрынғы, ел аузында жүрген термелер ғана орындалып жүр. Міне, Тәуелсіздік алғалы бері бірінші рет ұйымдастырылып отырған бұл жаңа терме бәйгесі осынысымен құнды. Яғни, төл өнерімізді қайта жаңғыртып, олқылығымыздың орнын толтыруымен ерекше», – деп осынау бәйгенің мән-маңызын атап өтті.

Рас, қазақтың тіліне, ділі мен дініне балта шапқан кешегі кеңес үкіметі кезінде талай ұлттық құндылықтарымыздан қол үзіп қала жаздадық. Қазақ халқының рухани тәрбие құралы болған, жауһардай сөз маржандарын бойына жинаған, данышпандық пен пәлсапаның мәйегі саналатын терме жазу шығармашылығы да кейінгі кезде тоқырап қалғандай. Соңғы жүз жылда жүз жаңа терме жазылмады десек те болады. Сондықтан да, рухымызды шыңдап, жасыған жігерімізді жанитын, көңіл көзімізді ашып, шөліркеген жанға зәмзәм суындай шипа болатын заманға лайық жаңа терме бүгін де керек. Осыны аңғара білген «Әзірет Сұлтан» мешіті қазақ руханиятының тамырын дөп басқандай.

Бәйге қоржынына 290 терме келіп түсті. Додаға қарапайым халықтан бастап, халыққа танымал ақындарымызға дейін қатысты. Қазылар алқасы түскен термелерді саралап, сараптап, үздік термелерді іріктеп, жүлдегерлерді анықтады.

Бас Мүфти термелерді сараптау барысында оның терең мазмұнына, айтар ойына, сол ойын жүйелі жеткізе білуіне баса назар аударылғанын тілге тиек етті. «Терме» сөзі барлық данышпан ойлардың маңызы мен мәйегін теріп беру деген мағынаға саятындықтан, оның әрбір сөзінде асылдай құнды салмақ жатуы тиіс. Асан Қайғы айтпақшы, «таза мінсіз асыл сөз ой түбінде жатады», ал «ой түбінде жатқан сөз шер толқытса шығады», – деді ол өз сөзінде.

Сондай-ақ, Дінбасы бәйге қоржынына түскен термелерге де баға беріп, сараптама қорытындысына да тоқталып өтті. «Бәйгеге қатысушылардың кейбіреуі терме дегеннің не екенін түсінбеген тәрізді. Бірі мағынансыз ұйқас қуып кетсе, бірінің жазғаны терменің табиғатынан алыс кеткен. Көп адамдар бәйгеге термелерін «әйтеуір бап шаппаса да, бақ шауып қалар» деген қысыр үмітпен тапсыра салған. Басқа біреулері бұрын орындалған, арнайы бәйге үшін жазылмаған термелерін жолдап жіберген. Міне, осындай дүниелердің бәрін елеп-екшеп, додаға түскен термелердің ішінен үздіктерін сараптап шықтық», – деді Дінбасы.
Оның айтуынша, қоржынға түскен термелерді сараптауға, үздіктерін анықтап, лайықты бағасы беруге көмектескен қазылардың арасында терменің майталман шеберлері, мақамды зерттеп жүрген ғалымдар, термешілер, сөздің парқын білетін ақындар болды. Ал терменің діни мазмұнына «Әзірет Сұлтан» мешітінің бас имамы Қайрат Жолдыбайұлының өзі қарады.

Сөз соңында Хазіреті Мүфти «Әзірет Сұлтан» мешіті мұрындық болған бұл бастаманы Мәдениет министрлігі әрі қарай дөңгелетіп әкетіп, жаңа термелер бәйгесін дәстүрлі түрде ұйымдастырып отырса, нұр үстіне нұр болар еді» деп өз ойын жеткізді.
Кеш соңында жүлдегерлермен қатар демеушілік танытып, қолдау көрсеткен кәсіпкерлерге алғыс хат берілді.

Тарасқан жұрт та бір жасап қалғандарын айтысып, төл өнерімізге әбден шөліркеп қалғандарын білдірді.

Келешекте бәйге қоржынына түскен үздік термелерді жинақтап арнайы дискіге басып, бұқараға таратылмақшы.

Кеш Алланың кәләмі - Құран оқумен басталды.

Құран батасын Хазірет Мүфти жасады.

«Терме термешінің сөзі мен ісі қабысқанда ғана адам жүрегінен орын таппақ. Кезіндегі дуалы ауыз Майлықожа, Шал ақын, Иманжүсіп термелерінің ел жадында жаңғырып, бүгінгі күнге дейін сақталуының, өзектілігі мен өміршеңдігін жоғалтпауының сыры да осында. Сондықтан да, терме атүсті қарайтын өнер емес», – дейді Бас мүфти.

Кеш қонағы Қоғам қайраткері, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың иегері, әнші-жырау Бекболат Тілеухан "қонақ кәдесін" тарту етті.

Халық төл өнеріміз термеге шөліркеп қалыпты...

Үшінші орын иеленген Бекмұрат Анарбаевтың "Ата-анаңды қадірле тірісінде" термесін Жақып Спатаев орындауда.

2-орынға ие болған айтыскер ақын Еркебұлан Қайназаровтың термесін жұрт сүйсініп тыңдады.

Бірінші орын иегері «Нұр» Қазақ-Египет Ислам мәдениеті университеті 2 курс студенті Роман Бұрқаштың "Кішкентай" термесін Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының түлегі Данияр Сүлеймен орындады. Данияр да үздік мақам номинациясымен марапатталды.

Ақын, белгілі сазгер Жәкен Омаров Майлықожа ақынның «Ата-ананың қадірін» орындап, жұрттың көзіне жас үйірді.

Кештің құрметті қонақтары.

Үшінші орынға ие болған иман жолына түскен жаны мөлдір ақын, сезімі тұнық сазгер, ҚР Мәдениет қайраткері Серік Қалиевтің «Өсиет айттым ұрпаққа» атты термесін дәстүрлі орындаушы, Құрманғазы атындағы ұлттық консерваторияның ұстазы, әнші Еркін Шүкіманов орындады. Еркін Шүкіманов да "Үздік орындаушы" номинациясымен марапатталды.

Екінші орынға табан тіреген жазушылар одағының мүшесі, мемлекеттік «Дарын» жастар сыйлығының иегері, ақын Қалқаман Сариннің «Ата-ананың қадірі» атты термесі. Мақамын шығарған әрі орындаған - Гүлмира Сарина.

Құрметті қонақ болып келген «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты, дәстүрлі әнші, термеші Айгүл Елшібаева Әбубәкір Кердерінің термесін орындап, жұртты бір серпілтіп тастады.

Бәйгеге тек ақындар ғана емес, сонымен қатар имамдар да ат салысты. Тараз қаласындағы «Тектұрмас» мешітінің бас имамы Медетбек Шабденбекұлы Умра қажылығына жолдама алды.

Бас жүлде - автомобильдің иесі - Республикалық ақындар айтысының жүлдегері, ақын Арман Бердалин. «Жоқ іздеп жүрмін» атты термесі халық та орнынан тұрып, қол шапалақтап, өз бағасын берді. Арман Бердалинді тыңдармандар «Арақ пен Қазақ» атты термесі арқылы жақсы біледі. 

Умра қажылығына жолдама алған 13 жүлдегерді Мекке менен Мәдинаға "Әзірет Сұлтан" мешітінің бас имамы Қайрат Жолдыбайұлының өзі бастап барады.

Марапаттау рәсімі...

Айтпаса да түсінікті...

Қуанышында шек жоқ...

Жүлдегерлер.

Кеш осылай тарқады...

ЖҮЛДЕГЕ ИЕ БОЛҒАНДАР:

БАС ЖҮЛДЕ – Арман Бердалин, Республикалық ақындар айтысының жүлдегері, «Қазақ пен арақ» термесінің авторы, ақын.
І ОРЫН – Роман Бұрқаш, «Нұр» Қазақ-Египет Ислам мәдениеті университеті 2 курс студенті.
ІІ ОРЫН – Қалқаман Сарин, Жазушылар одағының мүшесі, мемлекеттік «Дарын» жастар сыйлығының иегері, ақын.
ІІ ОРЫН – Еркебұлан Қайназаров, айтыскер ақын.
ІІІ ОРЫН – Жұма-Назар Сомжүрек, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, ақын.
ІІІ ОРЫН – Бекмұрат Анарбаев, Оңтүстік Қазақстан облысы, Шымкент қаласы, «Батырбек Өтеп атындағы өнер мектеп-интернатының айтыс пәнінің мұғалімі.
ІІІ ОРЫН – Серік Қалиев, ҚР Мәдениет қайраткері, сазгер, ақын:

ЫНТАЛАНДЫРУЛАР:

1. Жамбыл Дүйсенов (Ең жас ақын), Республикалық жас ақындар мүшәйраларының бас жүлдегерлері, Елбасының тікелей батасын алған, еліміздің ең жас ақыны, екі кітаптың авторы.
2. Батырболат Айтболатұлы, филология ғылымдарының кандидаты, жазушылар және журналистер одағының мүшесі, ақын.
3. Қанат Ибрагимов, қазақ тілі мұғалімі.
4. Алмас Темірбай, «ҚР Тұңғыш Президенті» сыйлығының және ҚР Үкіметінің «Дарын» мемлекеттік сыйлығының лауреаты, ақын.
5. Амандос Қаршалов, Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының 3-курс студенті.
6. Тоқтарәлі Таңжарық, «Серпер» Жастар сыйлығының иегері, ақын.
7. Тынымбай Досбатыр, Ақмола облысы, Зеренді ауданы, «Шағалалы Аграрлық бизнес колледжінің оқытушысы.
8. Медетбек Шабденбекұлы, Тараз қаласындағы «Тектұрмас» мешітінің бас имамы.
9. Сырым Әуезхан, айтыскер ақын, «Жүрсіннің жас жүйрігі».
10. Бауыржан Қарағызұлы, Халықаралық «Шабыт» жастар фестивалінің лауреаты, ақын.
11. Тілеген Әділов, айтыскер ақын.
12. Серікзат Дүйсенғазин, әдебиеттанушы, айтыскер ақын, Л.Н.Гумилев атындағы Евразия ұлттық университеті, қазақ әдебиеті кафедрасының доценті.
13. Мырзан Кенжебай, ақын, журналист.

«ҮЗДІК МАҚАМ»:

1. Жақып Спатаев (Бекмұрат Анарбаев), Оңтүстік Қазақстан облысы, Шымкент қаласы, Шәмші Қалдаяқов атындағы облыстық филармонияның әншісі, сазгер-термеші.
2. Әділбек Сарин, әнші, жырау.
3. Жарқынбек Тұрымбетов, Қызылорда облысы, Қармақшы аудандық әуез мектебінің оқытушысы, сазгер, жырау, термеші (Тынымбай Сәденұлы).

«ҮЗДІК ОРЫНДАУШЫ»:

1. Серік Жақсығұлов (Алмас Алматов), Халықаралық және Республикалық жыршы-жыраулар байқауының бірнеше дүркін лауреаты.
2. Еркін Шүкіманов (Серік Қалиев), ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының ұстазы, дәстүрлі әнші.
3. Данияр Сүлеймен (Роман Бұрқаш), Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының түлегі, «Нұр» Қазақ-Египет Ислам университетінің 2 курс студенті.

ЖЕҢІМПАЗДАРҒА ТІГІЛГЕН ЖҮЛДЕЛЕР:

Бас жүлде – АВТОКӨЛІК;
Бірінші орын – 1 500 000 теңге;
Екінші орын – 750 000 теңгеден (2 адамға);
Үшінші орын – 500 000 тенгеден (3 адамға);
Ынталандыру сыйлықтары – 13 адамға умра қажылық;
Сондай-ақ:
«Ең үздік мақам» номинациясы (3 жүлде) – 150 000 теңгеден;
«Ең үздік орындаушы» номинациясы (3 жүлде) – 150 000 теңгеден.

date09.02.2013readCount10995printБасып шығаруsourceLinkmuslim.kz





comments powered by HyperComments