Шешендік сөздер - Өз сабын болат пышақ өзі кеспес [аудио]

Бірде Жанқұтты шешен Құнанбайдың үйінде отырғанда оған Абай келіп сәлем береді. Ол кезде  Абайдың  жас,  үйленбеген  шағы  екен.  Абайдың  тапқырлығын,  өлең шығаратындығын  естіп  жүрген  шешен  баланы  қасына  отырғызып,  оған  бірнеше  сұрақ қояды: 

- Шырағым, дүние неге сүйенеді? Абай: 

- Дүние үмітке сүйенеді. Жанқұтты: 

- Көздің көрмесі бола ма? 

Абай: 

 - Көз қабағын көрмейді. 

Жанқұтты: 

- Шам жарығының түспесі бола ма? 

Абай: 

- Шам жарығы түбіне түспейді. 

Жанқұтты: 

- Болат пышақтың кеспесі бола ма? 

Абай:  

- Болат пышақ өз сабын өзі кеспейді. 

Жанқұтты: 

- Тамағына тартпайтын махлұқат бола ма? 

Абай: 

- Өз тамағына тартпайтын махлұқат болмайды. 

Абай жауабына риза болған шешен оған өлең түрінде жауап беруін сұрапты. Сонда Абай: 

- Сіз сұңқар самғай ұшқан қиядағы,  

Талпынған мен балапан ұядағы,  

Өрнекті өлең сөзбен жауап берсем –  

Дүниенің жалғыз үміт тиянағы.  

Көз көруі жетпейді қабағына,  

Шам жарығы түспейді табанына,  

Өз сабын болат пышақ өзі кеспес,  

Махлұқат тартпай қоймас тамағына, - депті.

Жүктеп алу:   .MP3
comments powered by HyperComments