Шешендік сөздер - Саған арзан, маған қымбат [аудио]

САҒАН АРЗАН, МАҒАН ҚЫМБАТ [аудио]

Бір  топ  жолаушы  Сырымды  іздеп  келе  жатса,  алдарынан  әйел  шығады.  Жөн  сұрасып, жолаушылардың  Сырымға  бара  жатқанын  біліп,  беріп  жіберетін  аманаты  бар  екенін айтып, оны Сырымға жеткізуді өтінеді. 

- Ол не аманат, жеңіл ме, ауыр ма? - деп сұрайды жолаушылар.

- Қадірін білсеңіз жеңіл  де  емес,  алып жүруге ауыр  да  емес,  - дейді де, әйел  басындағы орамалын  көтеріп,  бір тал  шашты желкесінен, бір тал  шашты маңдайынан жұлып  алып, жолаушыларға  береді.  Содан  кейін  оң  жақ  қолтығынан  бір  жапырақ  шүберек  жыртып береді.  Тезек  теріп  жүрген  қабының  бір  бұрышын  жыртып  алып,  оны  да  Сырымға жеткізіңіз  деп  береді.  Жолаушылар  "Мұны  кім  берді  деп  айтамыз",  -  дегенде,  әйел "Сырымның өзі біледі"  деп жауап қайтарады.  Жолаушылар Сырым аулына келіп, болған мән-жайды айтып, аманатын тапсырады.

- Сендер мұны не деп шештіңдер? - дейді Сырым. Жолаушылар:

- Шеше алмадық, - дейді.

- Бұл әйел Байбақты ұрпағы көрінеді, елден ерте кеткен екен. Желкеден шаш алғаны туған жерім,  туысқан  -  елім  артымда  қалды  дегені.  Төбеден  шаш  алғаны  -  содан  бері  мына бастан бірталай уақыт өтті дегені. Маңдайынан шаш алғаны - әлі жаспын, өмірден үмітім бар дегені. Көйлектің оң жақ қолтығынан шүберек жыртып бергені - қолтықта бауыр бар.

- Мен  сенің  бауырың дегені. Байбақтың баласы екенін осыдан білдім.  Қаптың бұрышын бергені үйге тезекпен кіріп, күлмен шығып күң болып жүрмін дегені, - дейді Сырым. Біраз күн өткен соң Сырым  әйелдің аулына келеді. Мұндағылар қонақ етіп, біраз жатқан соң ауылдың үлкен ақсақалы: "Не жұмыспен келдің?" - деп сұрайды. Сонда Сырым: 

- Саған  арзан,  маған  қымбат,  сенің  қолыңда  менің  бір  сүйегім  -  қарындасым  жүр  екен. Пұлын алып бересің бе, құнын алып бересің бе? - дейді.

- Бұрын сен ол қарындасыңды көріп пе едің? - дейді ақсақал.

- Жоқ, көргенім жоқ! - дейді Сырым. 

Сонда ақсақал:  -  Бір  түсті  киінген  қырық  әйел,  қырық  еркек  қарама-қарсы  жүреді.  Сол уақытта  бір-біріңді  танысаңдар  бірге  ауылдарыңа  қайтыңдар,  танымасаңдар  осында қалады, - дейді. Сөйтіп қырық еркек пен қырық әйел қарама-қарсы жүргенде көп әйелдің ортасында келе жатқан қызы қасында келе жатқан әйелдің құлағына:

- Анау қырық адамды бастап қырық бірінші болып келе жатқан менің ағам Сырым, - деп сыбырлайды. Сырым да байбақтының қызын тани кетеді. Сонда ақсақал: 

- Бір-біріңді қалай таныдыңдар? - деп сұрағанда, Сырым:

-  Қырық  әйелдің  ішіндегі  отыз  тоғызы  өтіп  бара  жатқан  еркектің  бәрінің  бетіне  қарап санап  шықты,  ал  мына  әйел  қатарынан  асып  кеткенше  менен  көзін  аудармады.  Содан таптым, - дейді. Ақсақал әйелден:

- Сырымды қалай таныдың? - деп сұрағанда ол:

-  Сырымда  ерекше  үш  қасиет  бар:  біріншісі  -  батырға  біткен  тұлғасы,  екіншісі  -  өжет мінезі,  үшіншісі  -  асқан  даналығы бар деп  еститін едім. Сырым  маған  қыран  топшылы, толық  денелі,  кең  кеуделі,  шалқақ  төсті,  жолбарыс  бетті  болып  көрінді.  Басы  да  елден ерек, торсық шекелі екен. Ағамды осыдан білдім, - депті. Сөйтіп Сырым Байбақтының қызын күңдіктен құтқарып, ауылына алып қайтқан екен.

Жүктеп алу:   .MP3
comments powered by HyperComments