Шешендік сөздер - Байдалы шешен мен Шәкәрім [аудио]

Байдалы шешен қартайған  шағында  Аға  сұлтан Құнанбайдың ақын немересі  Шәкәрімнің ауылына барыпты. Барса, Шәкәрім үйінде жоқ екен, аң аулауға  кетіпті. Шәкәрімнің жұбайы Байдалы шешеннің алдына дастарқанды жайып, сары самаурыннан шай құя бергенде, Шәкәрім да келе қалады. Келгенде де құр келмейді, қанжығасы майланып, көңілі жайланып, құлжаның бір текесін бөктере келеді. Үй-іші, бала-шаға мәре-сәре, бәрі жабыла құлжаны іреп сояды. Дастарқанға қуырдақ та кеп қалады. Шәкәрім оның үстіне бағылан сойып, шешенді  әбден  күтеді.  Байдалы шешеннің  алдына  үйме  табақ  ет  тартылады. Етке қоса құлжаның басы қойылады. Шәкәрім қонағына қарап қолын жаяды: - Кәне би аға, өзім де, шақырып күтсем деп жүр едім, Құдай айдап кеп қапсыз. Ас батасын бермеңіз, бас батасын бермеңіз, аң батасын беріңіз? - деп, жұмбақтай бата сұрайды. Байдалы шешен, сөз сынайын түсіне қояды да, былай деп бата береді:

Бесатарың,

Тарс  еткенде,  тарс  етсін! 

Түтіні  былай  кетсін, 

Оғы  аңға  жетсін, 

Теке  құлай кетсін.

Інісі бата сұрап,

Жаңылса нетсін? Аллаһу әкбар! - деп бетін сипапты. Біке шешеннің бүл сөзінің астарын түсіне қойған Шәкәрім: - Япырым-ау, астан үлкен жоқ, бастан үлкен жоқ, мен  қара басып  жаңылдым, сонда мен әкемнен астым деймін бе, әлде Абайдан  астым дегенім  бе? Бүл қай адасқаным?  Би аға ағат  кетсем,  кешіріңіз?  -  деп,  айыбына Байдалы шешенге  ат  мінгізіп,  иығына  шапан  жауып аттандырыпты дейді ел.

Жүктеп алу:   .MP3
comments powered by HyperComments