Рамазан – құлшылық айы

БІРІНШІ БӨЛІМ:  

Рамазанның әр күнінде жасалатын, күнделікті атқарылатын жоспар, сауап амалдардың кестесі:

Бұл жоспарға кіріспестен бұрын жоспар толық мақсатына жету үшін мынадай кеңестер ұсынылады:

<Жоспардың әр кезеңінің арасын бөлетін нәрсе ол – парыз намаздар болсын, өйткені ол намаздарды дұрыс орындауға көмектеседі.

<Егер жоспардан кейбір нәрселерді жіберіп алсаңыз, оны міндетті түрде келесі кезеңде орындаңыз, егер бір күндегі кейбір амалдарды жіберіп алсаңыз, оны қалдырмай, келесі күні міндетті түрде жасап үлгеріңіз.

<Бұл жоспар үлгі ретінде ұсынылады, сондықтанда оны өз жағдайыңызға ыңғайлап алуға болады. Тек онда көрсетілген іс-амалдарды қамтып, оны орындауға тырысыңыз.

<Бос уақыттарды пайдалы өткізуге тырысыңыз. Бұл жерде бос уақыт деп – бір іс пен басқа бір істің арасында болатын уақыттар айтылады. Мысалы, аялдамада көлік күту, көліктегі уақыт, азан мен қамат арасындағы уақыт, біреуді күтіп жатқандағы т.б. уақыттарды бос өткізбеуге тырысыңыз.

<Бұл жоспарды тек жалғыз өзіңіз емес, басқалармен қосылып орындасаңыз жалықпауға, дұрыс орындауға көмектеседі. Және олардың сауабындай сізге де сауап жазылады.

Міне осы кеңестер төмендегі жоспардың жақсы пайдалы түрде орындалуына септігін тигізеді деген ойдамыз.

Рамазан айының әр күнінде жасалатын жоспар

Бұл жоспар он кезеңнен тұрады және әр кезеңде атқарылатын істер бар.

Бірінші кезең: Сәресі уақыты.

Мұнда біз үш амалды жасаймыз:

1)Екі рәкағат намаз оқу, бұл Аллаға ықыластылықтың белгісі болып табылады. Өйткені, бұл уақытта Алладан басқа ешкім сізді бақыламайды;

2)Сәресі ішу. Оны соңғы уақытқа дейін кешіктіру сүннет;

3)Сәресі уақытынан яғни, таң намазының уақыты кірмес бұрын 5-10 минут қалдырып, сол кезде күнәларыңды еске түсіріп, истиғфар айту (Алладан кешірім сұрау).

Екінші кезең: Таң намазының уақыты.

Таң намазының уақытында біз мынадай он амалды атқарғанымыз жөн болады:

1) Азанды тыңдау мен қайталау және азан дұғасын оқу;

2) Таң намазының екі рәкағат сүннетін оқу; (бұл екі рәкағатты пайғамбарымыз (с.ғ.с) үйден оқып, сосын мешітке шыққан. Ал, сіз өзіңіз таңдауыңызбен егер қаласаңыз, үйде немесе мешітте оқуға болады).

3) Мешітке бару және шығып бара жатқан кезіңізде пағамбарымыздың (с.ғ.с.) үйреткен дұғасын оқу;

4) Мешітке кірер алдында иғтикафқа ниет ету, өйткені, иғтикаф аз болсын, көп болсын мешітте қалумен жүзеге асады. Сондықтан қанша мешітте болсаңыз, соны иғтикәфқа ниеттеніңіз.

5) Мешітке кірерде оқылатын дұғаны оқу;

6) Мешітке кірген соң екі рәкағат мешіт ақысы намазын оқу және егер үйде оқымаған болсаңыз, таң намазының екі рәкағат сүннетін де оқу;

7) Азан мен қамат арасында уақыт болып жатса, өзіңізге және басқа да мұсылмандарға дұға қылу, өйткені азан мен қамат арасында дұға қабыл болады. Немесе Құран оқу, зікір айту т.б.

8) Қамат айтылғанда, жүрегіңізді Аллаға арнаңыз, ниетіңізді жаңартыңыз және таң намазына періштелер куәлік ететінін есіңізге түсіріңіз. Намазды қорқумен (хушуғ) оқуға тырысыңыз. Және шама келгеніше оқылатын аяттарды түсінуге тырысыңыз.

9) Парыздан кейін тұрып кетпеңіз, отырып намаздан кейін оқылатын зікірлерді оқып, дұға қылыңыз, өйткені мұның сауабы өте үлкен. Егер имам намаздан кейін дәріс өткізсе, сабыр етіп оған қатысыңыз. Өйткені, ол қысқа болса да, періштелер қатысатын ғылыми мәжіліске жатады.

Үшінші кезең: Таң намазынан кейін күн шыққанға дейінгі уақыт.

Бұл – өте маңызды кезең. Оның артықшылығын пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) мына хадисінен көреміз.

Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) былай деген: «Кімде-кім таң намазын жамағатпен мешітте оқыса, кейін күн шыққанша отырып Алланы зікір етсе және күн шыққаннан кейін екі рәкағат намаз оқыса, оған қажылықтың және ұмраның сауабы жазылады. Дәл сондай, дәл сондай, дәл сондай».

Бұл уақытта мына амалдар жасалғаны абзал болады:

1) Таңертеңгі дұғаларды оқу;

2) Әртүрлі дұғалар жасау өзіңізге және басқа да мұсылмандарға;

3) Құран оқу, тыңдау;

4) Білім алу, сабақ қайталау т.б.

5) Дұха намазын оқу. Бұл намазды 2 рәкағаттан 8 рәкағатқа дейін оқуға болады.

Төртінші кезең: Күн шыққаннан кейінгі кезең. Жұмыс (студент болса – сабақ) уақыты.

Бұл кезең дұха намазыны оқығанан кейін басталады. Егер жұмысыңыз кеш бастайтын болса, бір сәт ұйықтап дем алуға болады. Егер уақыт болмаса онда Аллаға тәуекел етіп, жұмысыңызға барыңыз. Және жұмыста болған кезіңізде мына амалдарды істегеніңіз жөн болар:

  • Жұмысыңызға уақытында барып, уақытында қайту. Оразаны жалқаулыққа сылтау қылмау керек. Өйткені, Рамазан – күрес (жиһад), құлшылық ету, амал ету айы, жалқаулықты үйрететін ай емес. Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) және оның сахабаларының өмірбаяны бұған дәлел бола алады.
  • Жұмысыңызды дұрыс, толық атқару. Өйткені, Алла жақсы істегенді жақсы көреді.
  • Жұмыс кезінде ешкімге зиян тигізбеңіз, ренжітпеңіз, сіз ораза ұстап жүргеніңізді ұмытпаңыз.
  • Жұмыс уақыты ғибадат жасауыңызға кедергі деп ойламаңыз, керісінше ниетіңізді жаңартып, адал еңбек ету ол да құлшылық, тіпті Алла жолында күрес болып есептеледі.
  • Жұмыс кезінде парыз намаздарды жіберіп алудан сақ болыңыз, шамаңыз келгенше мешітте және өз уақытында оқуға тырысыңыз.Тым құрығанда, Рамазан айында парыз намаздарымызды мешітте өтеуге тырысуымыз керек.

Ескерту: Осы кезде әйел азаматшаларға мына істерді істеген абзал болады.

  • Ауызашар тамағын осы уақытта дайындап қойған дұрыс, өйткені кешке ауызашар алдында тамақ жасаудан  абзалырақ істерді істеген жөн.
  • Тамақ жасап жатқанда, сол тамақпен ауыз аштыруды ниет ету, егер ол тамақты өз балалары, күйеуі жесе де, қонақтар жесе де, сол тамақты қанша адам жесе, соншама адамға ауыз аштырудың сауабын алады.
  • Тамақты мүмкіндік болғанынша жасау. Яғни, түрлі-түсті тамақ жасап, ысырап жасау қажет емес. Өйткені, Рамазан тамақ ішу айы емес, тамақты шама келгенше үнемдеп, садақа берген абзал.
  • Кедей-міскіндерге тамақ жасап беруге тырысу,
  • Тамақ жасап жатқан уақытта бос өткізбей, Құран немесе уағыздар тыңдау, болмаса зікір, истиғфар айту сияқты амалдарды жасап уақытты пайдалы өткізу.

Бесінші кезең: Бесін мен екінті арасындағы (жұмыстан кейінгі) уақыт.

Бұл уақытта ұйықтап дем алуға тырысу керек. Өйткені, түнде тарауих оқуға және басқада маңызды істерді атқаруға күш жинау қажет. Бұл – пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) сүннеті. Ол  (с.ғ.с.) бір хадисінде: «Қайлула жасаңдар (яғни, түсте бір сәт дем алыңдар), шынында, шайтандар бұл кезде ұйықтамайды», – деген.  

Ескерту: Әрине, кейбір адамдардың жұмыстары екінті намазынан кейін немесе ақшам кезінде бірақ бітеді. Сондықтан да басында айтқанымыздай, бұл жоспар тек үлгі ретінде ұсынылады. Әркім өз уақытына лайықтап жасап алуына болады. Маңыздысы жоспардағы айтылған іс-амалдарды қамту.

Алтыншы кезең: Екінтіден ақшамға дейінгі уақыт.

Бұл уақытты отбасымызға арнаған жөн. Жоғарыда әйелдер тамақты ерте жасау керек деген болатынбыз. Өйткені, әйелдердің екінті намазынан кейін тамақпен айналысқаннан гөрі, отбасымен бірігіп мына істерді істегені абзал.

Бұл уақытта отбасының барлық мүшелері жинала отырып, Құран оқу және шариғатымызды үйрену, зікір дұға жасауымыз қажет. Және бұл іске балаларымызды да араластыруымыз керек. Яғни, отбасылық құлшылық деп атауға болады. Құран оқумен бастап, қиссалар, риуаяттар, хадистер айту, әке дұға жасап, балалар әмин деп айтып отыру секілді, сондай-ақ балаларға кішігірім жарыстар ұйымдастыру. Маңыздысы осы уақытты өз отбасымызға арнау керек және отбасында имани орта қалыптастыру қажет. Әрине, мұндай отырыстардың балаларды тәрбиелеуге қаншалықты әсеренің мол екені сөзсіз. Сондай-ақ, ерлі-зайыптар арасындағы байланысты да күшетіп, олардың араларында болған кейбір қайшылықтарды жоюға да әсері шексіз.

Жетінші кезең: Ақшамнан құптанға дейінгі уақыт.

Әрине, бұл уақытта ауыз ашылады, қуаныш уақыты. Өйткені, пайғамбарымыздың (с.ғ.с) хадисінде айтылған: «Ораза ұстаушының екі қуанышы болады. Біреуі – ауыз ашқанда, біреуі – Қиямет күні Раббысына кездескенде..».

Еске түсіретін нәрсе кейбір адамдар тамаққа қызығып, ақшам намазына мешітке баруды ұмытады. Әрине, бұл сүннетке қарсы келеді. Сондықтан да, ер адамдар ауызды мешітте ашып, намазды оқып келіп, кейін тамаққа отырғаны абзал болады.

Сегізінші кезең: Құптан намазының және тарауих намазының уақыты.

Бұл уақытта мына амалдарға мән берген дұрыс:

  • Үйіңізге жақын мешітті таңдау, өйткені, онда танитын адамдарыңыз болады, олар мен байланысыңызды күшейтуге, қал-жағдай сұрасуға, бауырмашылықты арттыруға ұлы мүмкіндік болады. Әрине, Хатим түсіретін мешіт болса, имамның қирааты да дұрыс тәжуидпен, әдемі дауыс пен болса нұр үстіне нұр болады.
  • Мешітке жалғыз бармай, таныстарыңызды, туыстарыңызды тартуға тырысыңыздар.
  • Намазды хушуғмен (қорқып) оқып, аяттардың мағыналарын ойланып оқыған абзал болады.
  • Мешітке балаларды апармаған дұрыс, олар мешітте шулап, намаз оқушыларға кедерді жасағаны жақсы емес. 

Тоғызыншы кезең: тарауихтен кейін ұйқыға дейінгі уақыт.

Бұл уақытта мына амалдарға назар аударған жөн болар:

  • Мүмкін болғанынша ерте ұйықтауға тырысу;
  • Тамақтану, шай ішу бірақ исраф болмауы керек,
  • Студент болса сабақтарын қайталау;
  • Құран оқуын толықтыру егер қалып қойған зикир немесе кез келген жоспардағы амал бар болса оны толықтыру;
  • Үйдің қажеттіліктерін өтеу т.б. пайдалы істерді істеу.

Оныншы кезең: Ұйқы  уақыты.

Бұл кезеңге мән беру өте маңызды. Өйткені жоғардағы амалдарды жақсы орындау үшін адамға күш қуат қажет. Және егер ниетті жөндесек, ұйқымызды да құлшылыққа айналдыруға болады.  Ол үшін:

  • Ұйықтау мен құлшылық жасауға күш жинауды ниет ету;
  • Ұйықтаудың әдептерін ұстану; олар: 
  • Дәретпен ұйықтау
  • Оң жағымен жату
  • Ұйықтар алдында айтылатын дұғаларды оқу;

Егер байқаған болсаңыздар, бұл жоспарда телевизор қарауға уақыт қалмады. Және шынында да бұл ұлы айда телевизорға уақыт жоқ. Телевизор уақыты оттың отынды жегендей жейді. Сондықтан да бұл ұлы айды құлшылыққа арнайық құрметті бауырлар!

Ескерту: Әрине уатын жетіп жатса, жаңалықтар не пайдалы бағдарламаларды қарауға тыйым салынбайды. Бірақ пайдасыз фильмдер мен телехикаялар т.т. аулақ болған жөн.

Д. Рағиб Сиржәни

 
Д. Рағиб Сиржәни
date18.06.2015readCount4148printБасып шығару