old.muslim.kz
Мұсылман және уақыт
Дінмұхаммед Сманов
Үйімде зағип бар
Халиме Карабулут
Бұл оқиға Әбу Юсуфтың тым жас кезінде болған еді. Білім алуды бастаған уақыттың бір күнінде Әбу Юсуф моншаға барады. Моншадан шығып бара жатқанда, монша иесі одан ақы сұрайды. Берерге ақшасы жоқ Әбу Юсуф өзінің ілім ізденуші жас шәкірт екенін айтып кешірім сұрайды. Бірақ монша иесі оған көнбейді. Ақырында, Әбу Юсуфтан кепілдікке кітаптарын алып қалады. Шәкірт үйіне өте көңілсіз оралады. Бірнеше күн бойы ұстазына бармай, үйінде бүк түсіп жатып алады. Шәкіртінің көрінбей қалғанына алаңдаған ұстазы Әбу Юсуфты өзі іздеп барады. Бала болған жағдайды баяндап: «Бұл елде білімді бағалап жатқан ешкім жоқ, жұрттың білетіні ақша ғана», – деп мұңаяды. Әбу Ханифа шәкіртін өзінің дүкеніне ертіп барады. Шәкіртін есік алдына қалдырып, өзі ішке еніп етеді. Аз уақыттан кейін қолына үлкен гауһар тас ұстап шығады. Тасты шәкіртіне беріп тұрып:
– Мынаны алдағы кенші мен темір ұстасына апар. Бағасын сұра, – деп тапсырады. Сәлден кейін шәкірт қайтып оралады. Темір ұстасының да, кеншінің де тасқа мән беріп назар салмағанын, қарағанның өзінде аз ақшаға бағалағанына ұнжырғасы түседі. Ғалым енді шәкіртін зергерге жұмсайды. Зергер тасқа қатты қызығады. Қанша сұраса да сатып алатынын жеткізеді. Бала шәкірт бұл жолы көңілді оралады. Зергердің тасқа өте қымбат сома ұсынғанын айтты. Сонда имам шәкіртіне:
– Көрдің бе, ұлым, кез келген нәрсенің қадірін соның маманы ғана біледі, сол ғана лайықты бағасын береді. Сен тасты кеншіге апарғаның сияқты білімді де монша иесіне бағалатқың келді. Ол ілімнің бағасын қайдан білсін? Оған бола ілімнен қол үзуің дұрыс емес. Білімнің қадірін көзі ашық кісілер ғана біледі. Сен ілімді Аллаһ разылығын алу ниеті мен ғалымдардың ізін одан әрі жандандыру үшін оқы. Білім адамды екі дүниеде де қадірлі етеді, – деп түсіндіреді.