Сағына күткен РАМАЗАН!
Сағына күткен РАМАЗАН!

Рамазан – барша мұсылман қауымы әр жылы сағына күтіп, қимай қоштасатын, Құран Кәрімнің асыл аяттары түсе бастаған қасиетті ай.

Рамазан – әрбір ораза ұстаушының өзінің ішкі жан-дүниесімен сырласып, жасаған пендешіліктері үшін шын ықыласымен тәубеге келетін айы. Бұл айда Алланың рақымынан үміттеніп, ауыз бекітіп, құлшылық жасаған мүміннің тәубесі қабыл болып, жапырақтары төгілген күзгі ағаштай күнәларынан арылады.

Бұл айдағы ауызашар мен сәресінің берекесі тілмен айтып жеткізгісіз. Адам жанын сергітіп, жүрегіне жылылық ұялататын бұл ай ораза ұстаушыны пендеге тән бүкіл жағымсыз қылық атаулы: кісімсу, даңдайсу, тәкаппарлықтан алыстатады. Барынша кішіпейілдікке баулиды. Күллі жаратылыс атаулының ішінде адам баласының ең ардақты екендігіне баршамыздың көзімізді жеткізіп, соған шүкір ете білуге үйретеді. Мүмін оразада күнәлардан бойын аулақ ұстап, көбірек жақсылық жасауға күш салады. Өйткені, бұл айда тозақ есіктері жабылып, жұмақ есіктері айқара ашылады, жын-шайтан тізгінделеді. Бұл айда бар ынта-ықыласымен ауыз бекітіп, жан дүниесін айнадай жарқыратып ұстауға тырысатын адамды қанша азғырса да дегеніне жете алмай шайтанның діңкесі құриды. Себебі, ораза мүмінді күнә жасаудан қорғайды.

Оразаның жеке адамға да, қоғам үшін де пайдасы аса зор. Шындығы сол, кез келген ғибадат тәрізді мұсылман адам ниетін таза   ұстап,   оразаны   Алла Тағаланың бұйырғаны үшін ғана ұстайды. Хазірет Әли (t) бұл жөнінде: «Пайдаға бола жасалған ғибадат – саудагердің ғибадаты. Үреймен жасалған құлшылық – құлдың ғибадаты. Алла Тағаланың жақсылықтарына шүкіршілік ету мақсатында орындалған құлшылық – нағыз ерікті адамның ғибадаты» (Әли әл-ҚариМирқатул-мафатих, 2/135) деген. Иә, парыз құлшылықтың бұл түрінің Жаратушының әмірі екендігін жете түсініп, кіршіксіз адал ниетпен ұсталған оразаның әрбір мұсылман үшін пайдасы өлшеусіз.

Араб тіліндегі «саум» (ораза) сөзі: «бір нәрседен алшақ тұру, адамның өзін тізгіндей білуі және жол бермеу» деген мағыналарды білдіреді. Оразаның терминдік мағынасы – арнайы ниет ете отырып таңның атысынан күннің батысына дейін ішіп-жеу мен басқа да нәпсі қалауларынан тыйылу. Ораза құлшылығы Мәдина кезеңінде, хижраның екінші жылы мұсылмандарға парыз етіп бекітілген еді.

Ораза ұстау – Құран Кәрім мен Пайғамбарымыздың (r) хадис шәріптерінде нақты бекітілген бес парыздың бірі7Құранда: «Ейиман келтіргендерСендерденбұрынғыларға парыз етілгендей тақуалыққа жетулерің үшін ораза ұстау сендерге де парыз етілді», («Бақара» сүресі, 183-аят) делінген. Тағы бір аятта:«Сендердің араларыңда кімде-кім Рамазан айының туғанын көрсесол күні ораза ұстасын.   Сырқат  немесе жолаушылар ораза айында ұстай алмаған күндерін басқа күндері ұстасын» («Бақара» сүресі, 185-аят), - деп көрсетілген.

Таң атқаннан күн батқанға дейін нәр татпаумен қатар түрлі жамандықтардан тиылу – нәпсіні тәрбиелеудің үлкен мектебі. Ал күні бойғы нәпсімен арпалысқан күрестің есесіне кешкі ауызашарда сізді мол сауап, ерекше ләззатты сәттердің күтуі өз алдына бір ғанибет.

Баса атап көрсететін тағы бір жәйт, Жаратушы Жаббар Ие ешқашан да пенделерінің оразасы мен құлшылығына мұқтаж емес, қайта пенделер өздерін жаман қылықтардан арылтуда әрі екі дүниеде де жақсылыққа кенелуде көбірек құлшылық жасауға мұқтаж.

Ораза адамның өз-өзіне есеп беруі іспетті. Ол – иләһи сырларды түйсінудің құтты кеңістігі. Рамазанның аспаны қай кезде де берекелі ақ нөсерін төгуге дайын рақым бұлттарына толы. Оның сұлу тамшылары кенезесі кепкендердің таңдайын жібітіп, шөлін басады.

Рамазан – жығылғанды демеп, жылағанды жұбататын, мұң-мұқтаждардың қабағын кірбіңнен арылтатын шынайы жанашырлық айы. Осы айда жақсылық көрген жетім-жесірлердің жүзі жадырап, ғаріп-міскіндердің арқа-басы бір кеңіп қалады. Әр жылы Рамазан айын қуана қарсы алып, айналамызға нұр шұғыласын шашқан қасиетті кештердің, құлақ құрышын қандыратын азанның, сәресідегі тәттіліктің, ауызашардағы ләззатты, тарауих намазына деген ынта-ықылас, ерекше құлшынысты көрген жасөспірім де бұл айдың осындай небір ерекшеліктерін сезінері хақ. Олар үшін әр жылғы Рамазан айы ұмытылмас қуанышты сәттерімен есте қалатыны сөзсіз.

Рамазан – өзінің әлсіз, әлжуаз екенін мойындап, құлшылық арқылы қуат алғысы келетін әрі бойындағы сансыз кемшілігін жоюға тырысқан пенденің рухани дертін емдейтін мейірімді емшісі іспетті.

Рамазан айы күн шапағындай әр тарапқа шуағын төгіп, адамды ізгілік пен қайырымдылыққа шақырып, бауырмашылдықпен өмір сүруге үндейді. Әр жылы ауыз бекітіп, бір ай бойы тақуалық мектебінен өткен, ғұмырына мән сыйлаған Жаратушының  адал кұлдарын ақиретте күтетін сый-мәртебе қаншалықты зор десеңізші!

Ендеше, еліміздің барша мұсылмандарын алдағы қасиетті Рамазан айымен құттықтап, ниеттеріңіз қабыл, ізгі мақсаттарыңыз асыл болсын демекпін. Жүздеріңіздегі нұр, жүректеріңіздегі иман арта бергей! Алла Тағала бәрімізге де мол сауаптан жазғай!

Ержан қажы МАЛҒАЖЫҰЛЫ,
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасыБас мүфти.

 
Ержан қажы Малғажыұлы
date04.06.2015readCount2736printБасып шығару