Пайғамбар (с.ғ.с.) соғысының себептері

Исламға қатысты ұғымдар ішінде ел арасында көп талқыға түсіп жүрген сөздің бірі – жиһад. Бірі жиһадты қантөгіс десе, енді біреулер нәпсімен күрес деп ұғынады. Дегенмен, жиһад ұғымын соғыс деген суық сөзбен байланыстыру адам санасында Ислам жайлы жаман ой қалыптастыратыны анық. Адамзат баласына ақырғы әрі ақиқат дінді жеткізуші Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) бірнеше мәрте мәрте жиһад жасап, қолына қару алғаны шындық. Сира кітаптарындағы Бадр, Ухуд, Хандақ, Ахзаб деген сияқты шайқастар бұған дәлел.

Алайда, аталмыш тақырыпқа кіріспес бұрын мұсылмандардың ешбір жағдайда бірінші болып соғыс бастамағанын ескеру қажет. Олар барлық кезде тек қорғану мақсатында ғана майданға шыққан. Сонымен, алғашқы шайқастарға қысқаша тоқтала кетейік.

Пайғамбарға (с.ғ.с.) және мұсылмандарға ең көп қысым көрсеткен Мекке мүшріктері еді. Олар түрлі зорлық-зомбылық жасап, Мұхаммедтің (с.ғ.с.) соңынан ергендерге барынша қиянат көрсетіп бақты. Тіпті, мұсылмандарды қоғамнан оқшаулап, қолдан үш жыл аштық жасады. Олардың осы тектес озбырлықтарына мұсылмандар аттай он жыл бойы төзімділік танытты. Ақыр соңында мүшріктер мұсылмандарды туып өскен ел-жұрты Меккеден қуып шықты. Бұған қоса үйі мен мал-мүлкін талан-таражға салды. Алайда, Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) мүшріктердің жәбір-жапасына ерекше төзімділік танытты. Сахабаларды да сабырға шақырып, жамандыққа жамандықпен жауап қайтармауға үндеді.

Мұндай адам төзгісіз зорлық-зомбылыққа қарсы мұсылман не істеуі керек? Өзінің және бала-шағасының басын өлімге тігу керек пе? Адамшылыққа жат жағдайда өмір сүрген мұсылмандар жанын және дінін сақтау үшін бас сауғалап көшуге мәжбүр болды. Әуелі Эфиопияға, кейін Мадина қаласына қоныс аударды. Мадина мұсылмандарға құт мекенге айналды. Алайда, мүшріктер тыныштала қойған жоқ. Мұсылмандарға бейбіт өмір сүруге мүмкіндік бермеді. Оларды түбегейлі жер бетінен жойып жіберуді қалады.

Мұсылмандар мен мүшріктердің ең алғаш бетпе-бет келген үлкен шайқас Бадр жазығында орын алды. Бұл шайқасты тарих әдебиеттері арқылы  талдар болсақ, тағы да мұсылмандардың қорғану мақсатында қылышқа жүгінгенін анықтау қиын емес.

Мүшріктер Мадинаға жақын маңдағы Бадр жазығына келіп тұрақтады[1]. Құрайыш әскері бірнеше күн ішіп-жеп тойлап жатып алды. Олардың шайқассыз кері қайтып кетуге барлық мүмкіндіктері болды. Алайда, мұсылмандардың қанын төкпей қайтпасқа бекінген қарулы қақтығысқа асықты. Сол шайқаста мүшріктердің 70-ке жуық атқамінерлері жер жастанып, тағы 70 адамы тұтқынға түсті.

Алайда, бұл жеңіліс мүшріктер сабақ болмады. Керісінше, өшпенділіктерін өршітіп, ерегісе түсті. Қарымта шайқасқа бел буған олар Мекке маңайындағы басқа да тайпаларды мұсылмандарға қарсы қайрай бастады. Нәтижесінде мүшріктер  әскерінің саны үш мыңнан асып түсті. Бұл – Ухуд тауының бөктерінде болған шайқас еді[2]. Ал, мұсылмандардың саны бар болғаны жеті жүз ғана еді. Бұл шайқаста мұсылмандар жеңіліс тауып, жетпіске тарта мұсылман шейіт болды. Мүшріктер шейіт сахабалардың денесін қорлап, қаныпезерліктің шырқау шегіне жетті.

Бадр шайқасында кеткен есесін қайтарған мүшріктер мұнымен шектелмеді. Әйтсе де, қантөгісті доғарса болар еді. Бірақ, олар кекпен шектелмей, мұсылмандарды түбегейлі жойып жіберуді көкседі.

Осылайша, Құрайыш тайпасы тағы да әскер жинай бастайды. Оларға одақтас боп яһудилер қосылды. Бұл жолы мүшріктер он мың әскермен соғысқа шықты. Мүшріктер одақтастарымен бірге Мадина қаласын қоршауға алмақ еді. Мұсылмандар қаланы айналдыра үлкен ор қазып, қаланы қорғауға қамдана бастады. Мүшріктер бар күшін салып кірісті. Қазылған ор қалаға басып кірмек болған мүшріктерге кедергі келтіріп, олардың шабуылдары сәтсіз аяқталды. Бұл шайқас тарихта Ахзаб (одақтастар) шайқасы деген атаумен қалды.

Ахзаб шайқас үшін мұсылмандарды айыптауға бола ма? Мүшріктер мұсылмандарды жаппай қырып, жоймақ болды. Ал, мұсылмандар кез келген саналы қоғам сияқты өміріне төнген қауіптен қорғанды.

Одақтастар шайқасынан аз уақыт өткеннен кейін Бәну Мусталиқ әскер жинап жатыр деген хабар жетті. Олар Мадина қаласын шабуылдамақ еді. Мұсылмандар тез және шұғыл әрекет жасап, соғыстың алдын алу қажет еді. Олар ауыр соққы бере отырып, жаудың бетін қайтарды.

Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) һижраттан кейін алғаш рет Меккеде кіші қажылық ету үшін жолға шықты. Мұсылмандар қарусыз, ақ киімде келе жатты. Ешбір мұсылманның ниетінде соғысу жоқ еді. Мұны Худайбия жазығында Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.): «Уаллаһи, бүгін Құрайыш туыстық қарым-қатынасты араға салып менен бір нәрсе сұраса, оны беремін», – деген сөзінен аңғаруға болады.

Худайбия[3] жазығында Құрайыштың бітімгері Суһаил бин Амр келіп Меккеге бейбіт ниетпен келе жатқан мұсылмандарды кіргізбейтіндерін айтты. Оларға туған жеріне кіруге қарсы болды. Әрине, бұл жағдай мұсылмандардың қытығына тиіп, ашу-ызаларын қайнатты. Алайда, Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) бұл жолы да асқан кемеңгерлікпен мұндай сорақы әрекетке ешбір наразылық танытпады. Мүшріктердің айтқан барлық шарттарына келісті. Худайбия келісімшарты бойынша, қалаған тайпа Пайғамбарға немесе Құрайышқа одақтас болуына рұқсат етілді. Шарт негізінде, Хузаға мұсылмандармен, ал Бану Бәкр Құрайышпен одақтас болды.

Бәну Бәкрдің Хузаға тайпасында бұрынғы кегін қайтармақ боп, қастандықпен Хузағаның адамдарын өлтіреді. Хузағалықтар барлық арабтар ата жауы болса да қол көтермейтін Меккенің қасиетті аумағын паналады. Бәну Бәкірліктер болса, оған да қарамастан қырып салды. Бұл қылмысқа Құрайыштың бірнеше белді адамдары да қатысқан еді.

Мұнан кейін Хузаға руы Пайғамбарға (с.ғ.с.) келіп Худайбия келісімі бойынша одақтасы ретінде көмек беруін сұрады. Пайғамбар (с.ғ.с.) келісім шарттарын толық орындап, одақтасына жәрдем қолын созды. Құрайыш руын ортақ келісімді бұзғаны үшін жазаламақ боп Меккеге бет алды. Қарулы қақтығыссыз, қантөгіссіз Мекке[4] фатх етілді. Мұндай әрекет үшін мұсылмандарға сын айтуға немесе айыптауға бола ма? Керісінше, бұл –мақтан тұтатын жайт.

Мекке фатх етілген соң Һауазан қабиласының жүрегі кек пен ызадан өртеніп кете жаздады. Һауазан руы төңірегіндегі барлық тайпаларды мұсылмандарға қарсы жинай бастады. Үлкен қол жиналды. Олар саныныің көптігіне сеніп, Алланың нұры – Ислам дінін сөндіруге күш-қуатымыз жетеді деген сенімде болды. Бұл суық хабар Пайғамбарға (с.ғ.с.) жеткен бойда мұсылмандар жасақ құрып, Хунайн жазығына аттанды. Бұл – Хунайн[5] ғазауаты болатын.

Міне, қысқаша айтқанда, Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) ғазауаттары – осы. Қарап тұрсаңыз, бұл шайқастардың барлығы да мәжбүрліктен және шарасыздықтан болды. Мұсылмандар ешуақытта бірінші болып соғыс ашпады. Қала берсе, соғыстың алдын алу шараларын көп қарастыратын. Соғыс өртінің тұтануына қашанда мүшріктер мұрындық болған. Мұсылмандар тарапынан ешбір зұлымдық да орын алмаған еді. Есесіне, мүшріктер барлық зұлымдық атаулыны мұсылмандарға жаудырды.

Бұған қарамастан мұсылмандар үнемі мүшріктерді кешіруге әзір тұрды. Арақатынас тығырыққа тіреліп, басқа жолдардың барлығы ешбір пайда бермеген жағдайда ғана шарасыздықпен соғысқа жүгінді.

Қолдағы сіріңке үлкен өртке себеп болатыны секілді, дұрыс пайдаланса, үйге жылу алып келетіні мәлім. Сол сияқты, өзін қорғау үшін қолына қару алуға мәжбүр болған қоғамды соғысқұмар, қанішер деп кінәлау – қисынсыз. Жиһадты қате түсінген адам – қолына өткір пышақ ұстаған балаға тең. Ол өзін де, өзгені де жаралайды.



[1] Сафиур Рахман Мубаракфури, «Рахиқ Махтум», 190-бет
[2] Мұхаммед Ғазали, «Фиқһ сира», 239-бет
[3] Мұхаммед Ғазали, «Фиқһ сира», 280-бет
[4] Мұхаммед Саид Рамазан Бути, «Фиқһ сира набауи», 269-бет
[5] Сафиур Рахман Мубаракфури, «Рахиқ Махтум», 356-бет

Руслан Қамбаров
date06.05.2015readCount5115printБасып шығару