«Ғабаса» сүресі

«Ғабаса» – меккелік сүре. Сүре сенім тақырыбын және пайғамбарлыққа қатысты мәселелерді қамтиды. Сонымен бірге, Алла Тағала құдіретінің айғақтарымен қоса адамзат, өсімдік әлемі және қоректі жаратудағы Алла Тағаланың бірлігі айтылады. Сонымен қатар, ең ауыр күн қиямет және ондағы үрейлі оқиғалар баяндалады.

Сүре туғанынан соқыр Абдулла ибн Үмму Мактум (р.а.) сахабаның қиссасымен басталады. Ол Алла елшісіне (с.ғ.с.) келіп дін үйретуін сұрайды. Бұл кезде пайғамбар (с.ғ.с.) Құрайыштың үлкен көсемдерін дінге үндеп әңгімелесіп тұрған. Сондықтан қабағын түйіп, теріс айналады. Нәтижесінде, осы аяттар ескерту болып түскен.

Ары қарай, пенденің өзіне берілген көптеген нығметтерге қарамастан Раббысына күпірлік етіп, қарсы шығуы айтылады. Сондай-ақ, Алла Тағаланың мына ғаламдағы шексіз құдіреті сөз етіледі. Жаратқан Ие адамға жер бетінде өз ризығын табуды өте жеңіл етіп қойған.

Сүре соңында Қияметтегі болатын үрейлі жайттар баяндалады. Ол күні адам қорыққандықтан өзінің ең жақын да сүйіктілерінен қашады. Сол ауыр күндегі мұсылман мен кәпірдің хал-жағдайы әңгімеленеді.

Сүренің түсу себебі:

Риуаят бойынша, пайғамбарымыз (с.ғ.с.) Құрайыштың атқамінерлерін Исламға үндеп әңгімелесіп тұрған. Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) олар мұсылман болса, артынан ергендер де иманға келер деген үміті бар еді. Осы кезде олардың жанына Абдулла ибн Үмму Мактум (р.а.) атты көзі көрмейтін сахаба келіп: «Уа, Алла Елшісі! Алла Тағала сізге үйреткен жақсылықты маған да үйретіңізші», – деп өтінеді. Бірақ ол сахаба Алла Елшісінің (с.ғ.с.) қолы тимей тұрғанынан бейхабар еді. Алла Елшісі (с.ғ.с.) сөзін бөле бергені үшін жақтырмай қабағын түйіп, теріс айналады. Ішінен: «Мыналар оған ілескендер көзі көрмейтін, жағдайы төмен және құлдар деп айтатын болды», – деп қабағын түйіп, әлгі кісілерге қарайды. Сонда осы сүре түскен еді.

بسم الله الرحمن الرحيم

 عَبَسَ وَتَوَلَّى

1.    Қабағы қатайып, теріс бұрылды.

Айша (р.а.) анамыз: «Алла Тағала «Қабағы қатайып, теріс бұрылды» сүресін көзі көрмейтін Ибн Үмму Мактумге байланысты түсірді. Ол пайғамбарға (с.ғ.с.) келіп: «Уа, Алла Елшісі! Мені тура жолға салыңыз», – деп айта бастады. Ал, Алла Елшісінің (с.ғ.с.) жанында беделді мүшріктердің бірі бар еді. Сонда Алла Елшісі (с.ғ.с.) оған қарамай, екіншісіне бұрылып: «Менің айтқанымнан бір жамандық көріп тұрсың ба?» – дейді. Ол болса: «Жоқ» – деп жауап берді. Сонда осы «Қабағы қатайып, теріс бұрылды» сүресі уахи етілді[1]», – деп риуаят еткен.

أَنْ جَاءَهُ الْأَعْمَى

2.    Оған соқыр адамның келуімен.           

Көзі көрмейтін Ибн Үмму Мактум келгендіктен. Осы уахидан соң пайғамбарымыз (с.ғ.с.) Абдулла ибн Умму Мактум келе қалса: «Мені Раббым жазғыруға себеп болған кісі, қош келдің», – деп, шапанын төсеп қошемет көрсететін болған екен.

وَمَا يُدْرِيكَ لَعَلَّهُ يَزَّكَّى

3.    Қайдан білесің, мүмкін ол тазарған болар?

Уа, пайғамбар! Қайдан білесің, мүмкін мынау көзі көрмейтін жан сенен естіген ақиқат себепті күнәдан тазарып, иманы күшейіп, ізгі амалды көбейте түсетін шығар?

أَوْ يَذَّكَّرُ فَتَنْفَعَهُ الذِّكْرَى

4.    Не үгіт алар, оған үгіт пайда берер.

Әлде, сөзіңнен ғибрат алып, уағызың оған пайда беретін болар.

أَمَّا مَنِ اسْتَغْنَى

5.    Ал, енді қажетсінбейтін әлде біреу (құрайыш бастықтары) келсе

Ал, енді Алла Тағаланы және иманды қажетсінбейтін, байлығы, мал-дүниесі және атақ-абыройы себепті Құранды тыңдауға және сен дәріптеген жақсылыққа немқұрайлық танытқан адам болса.

فَأَنْتَ لَهُ تَصَدَّى

6.    Оған көңіл бөлесің.

Сен оған әңгімеңді айтып, оның сөзіне құлақ түресің де оған насихатыңды жеткізуде аса мән бересің.

وَمَا عَلَيْكَ أَلَّا يَزَّكَّى

7.    Ол тазармаса саған не?

Оның күнә және күпірлік батпағынан тазармауында саған ешбір айып жоқ. Оның тура жолға түсуі сенен талап етілмейді. Сен тек дұрыс жеткізуге міндеттісің.

وَأَمَّا مَنْ جَاءَكَ يَسْعَى

8.    Ал, енді саған біреу ынталанып келсе

Ал, Алла Тағала жолында асығып сенен ілім мен насихатты сұрап, жақсылыққа жаны құштар адам болса.

وَهُوَ يَخْشَى

9.    Және ол (Алладан) қорыққан күйде.

Міне, ол көзі соқыр болса да Алла Тағаладан қорқып тұр. Харам істерден өзін аулақ ұстауда.

فَأَنْتَ عَنْهُ تَلَهَّى

10.  Сонда да оған көңіл аудармайсың.

Ал, сен одан теріс айналып, шаруаң бар сыңай танытудасың. Күпірлік пен адасушылық көсемдеріне бет бұрудасың.

كَلَّا إِنَّهَا تَذْكِرَةٌ

11.  Жоқ, олай емес. Әлбетте, (аяттар) бір
насихат.

Уа, пайғамбар! Бұдан былай олай етуші болма! Бұл аяттар пенделер амал етуге тұрарлық насихат.

فَمَنْ شَاءَ ذَكَرَهُ

12.  Сондықтан кім қаласа, үгіт алады.

Алла Тағала құлдарынан кім қаласа, Құраннан ғибрат алады. Құранның көрсеткен бағыт-бағдарынан үлгі алады. Тәпсіршілер: «Пайғамбар (с.ғ.с.) осы жазғыру аяттарынан кейін ешбір кедейдің жүзіне қабат шытып қараған емес. Және ешуақытта бай-дәулеттілерге көңіл бөлген емес. Кедейлер ол кісінің мәжілісінде төрелер сияқты отыратын...», – дейді.

فِي صُحُفٍ مُكَرَّمَةٍ

13.  Құрметті нұсқаларда (жазулы)

Ендігі кезекте, Құран Кәрімнің ұлық дәрежесі жайлы: «Бұл Алла Тағала құзырында ерекше құрметті нұсқалар», – деп айтылуда.

مَرْفُوعَةٍ مُطَهَّرَةٍ

14.  Жоғары бағаланған тап-таза.   

Бұл насихат Алла құзырындағы қадірлі де қастерлі нұсқаларда. Бұлар Алла құзырында дәрежесі биік. Шайтандардың қолы тимеген. Оған тек пәк адамдар қол тигізеді.

بِأَيْدِي سَفَرَةٍ

15.  Елшілердің (періштелердің) қолында

Алла Тағала мен пайғамбарлар арасында елші болған періштелер қолымен

كِرَامٍ بَرَرَةٍ

16.  Ардақты, игі.

Бұл періштелер – Алла Тағала құзырында ұлық мәртебелі. Олар Алла Тағаладан қорқушы және ізгі періштелер.

قُتِلَ الْإِنْسَانُ مَا أَكْفَرَهُ

17.  (Иман етпеген) адамның жаны шықсын! Игілікті мойындамауда неткен қатты еді.

Кәпір қарғысқа қалып, Алла Тағаланың рақымынан қуылды. Өйткені, Алла Тағала көп жақсылық берсе де, оның Жаратушыны мойындамауы және күпірлік етуі тым қатты.

مِنْ أَيِّ شَيْءٍ خَلَقَهُ

18.  Алла оны (адамды) не нәрседен жаратты?

Адамның күпірлік пен күнәға белшесінен батқанына таң қалып: «Жаратушысына қарсы шығып, тәкаппарланатындай ол неден жаратылған еді?» – деп айтылуда.

مِنْ نُطْفَةٍ خَلَقَهُ فَقَدَّرَهُ

19.  Бір тамшыдан жаратты да белгіледі. 

Оның жаратылысы болмашы бір тамшы судан басталды. Анасының құрсағында тамшы су, ұйыған қан болып бірнеше кезеңнен өтіп, бейнесі қалыптасып, белгіленді. Ибн Касир: «белгіленді» деген сөзді адамның ризық-несібесі, ажалы, амалы және бақытсыз немесе бақытты болатыны белгіленді, – деп түсіндірген.

ثُمَّ السَّبِيلَ يَسَّرَهُ

20.  Сосын оған жолды оңайластырды.

Сосын адамға ана құрсағынан шығар жолды жеңіл етті. Хасан Басри: «Зәр жолынан екі рет шыққан адам қалайша тәкаппарланады?» – деп, бірінші әке белінен және екінші рет ана жатырынан шыққанын еске салған екен.

ثُمَّ أَمَاتَهُ فَأَقْبَرَهُ

21.  Кейін оған өлім беріп, (сүйегін) қабірге қойдырды.

Сосын адамның жанын алып, тәнін құрметтеп жер қойнауына табыстады. Адамның өлген денесін жыртқыш ит-құсқа жем етпеді. Хазин: «Бұл да бір адамның басқа тіршілік иелеріне қарағанда құрметті екендігін көрсетеді», – дейді.

ثُمَّ إِذَا شَاءَ أَنْشَرَهُ

22.  Қалаған сәтте оны тірілтеді.

Алла Тағала қалаған кезде есеп-қисап пен жаза үшін қайта тірілтеді. «Қалаған кезде» дегені қайта тірілту уақыты ешбір жанға аян еместігі және ол тек Алла Тағала қалауында екендігін ұғындырады.

كَلَّا لَمَّا يَقْضِ مَا أَمَرَهُ

23.  Жоқ! Ол Алланың әмірін орындамады.

Кәпір тәкаппарлануын, өзін жоғары санауын доғарсын. Ол Жаратушыға иман етпеді, құлшылығын жасамады. Адамның жаратылысынан кейін, оған берілген ризық-несібесі айтылуда. Оның себебі, пенде Алла Тағаланың өзіне берген нығмет түрлеріне қарап ойланып, Раббысына шүкіршілік етіп, бойұсынуы үшін.

فَلْيَنْظُرِ الْإِنْسَانُ إِلَى طَعَامِهِ

24.  Ал, енді адамзат жеген тамағына бір назар салсын.

Қарсы шығушы адам зер салып қарасын, өміріне, қалай жаратылғанына, ризығы қалай келіп жатқанына.

أَنَّا صَبَبْنَا الْمَاءَ صَبًّا

25.  Шын мәнінде, Біз суды мол етіп бердік.

Біздің құдіретімізбен бұлттардан жерге ғажайып түрде су түсірдік.

ثُمَّ شَقَقْنَا الْأَرْضَ شَقًّا

26.  Сосын қара жерді қақ айырдық.

Жерді жарып, одан керемет түрде өсімдік шығардық.

فَأَنْبَتْنَا فِيهَا حَبًّا

27.  Сонда жерде дәнді дақылдар өсірдік.

وَعِنَبًا وَقَضْبًا

28.  Жүзім мен жоңышқаны,

Сол судан дән-дақыл мен өсімдіктің түр-түрін шығардық. Адамзат қорек ететін және сақтайтын дәнді-дақылдар, дәмді де тәтті жүзімді және басқа көкөніс түрлерін өсірдік.

وَزَيْتُونًا وَنَخْلًا

29.  Зәйтүн, құрманы,

Және зәйтүн мен құрма ағаштарын. Одан зәйтүн майы мен сулы да кепкен құрма алынады.

وَحَدَائِقَ غُلْبًا

30.  Және ну бақшаларды,

Бұтағы қалың, көп ағашты бақшаларды жаратты.

وَفَاكِهَةً وَأَبًّا

31.  Жемістер, шөптер,

Жемістің алуан түрін, сол сияқты жан-жануарлар қорек ететін көк шөпті.

مَتَاعًا لَكُمْ وَلِأَنْعَامِكُمْ

32.  Сендер пайдалану үшін және де малдарың.

Бұлардың барлығын сендер қорек ету үшін және малдарың жеу үшін өсірдік. Ибн Касир: «Бұл аяттар пенделерге жасалған кеңшілікті көрсетеді. Сонымен қатар, жансыз жерден өсімдіктің өсіп шығуы – қурап кеткен сүйектердің қайта тірілуіне дәлел», – деген. Аталмыш аяттардан кейін қиямет күнінің қорқынышты оқиғалары баян етіледі.

 

فَإِذَا جَاءَتِ الصَّاخَّةُ

33.  Ал, енді қатты дауыс (қиямет) келген сәтте

Құлақты тас керең ететін қатты дауыс келген күні

يَوْمَ يَفِرُّ الْمَرْءُ مِنْ أَخِيهِ

34.  Сол күні адам өз туған бауырынан қашады.

وَأُمِّهِ وَأَبِيهِ

35.  Шешесінен, әкесінен,

وَصَاحِبَتِهِ وَبَنِيهِ

36.  Әйелі мен балаларынан.

Міне, сол қорқынышты күні адам ең сүйікті жандары: бауыры, анасы мен әкесі, әйелі мен бала-шағасынан өз қара басын ойлап қашады. Тасһилде: «Алла Тағала пенденің өзі жақсы көретін ет жақын адамдарынан қашатынын айта келе, оларды мейірім мен жақсы көрудегі ең төменінен бастап, жоғарыға қарай реттеген. Әдетте, адам баласы басқалардан қарағанда бала-шағасын қатты жақсы көреді»

لِكُلِّ امْرِئٍ مِنْهُمْ يَوْمَئِذٍ شَأْنٌ يُغْنِيهِ

37.  Ол күні әркім өз қара басымен әлек болады

Сол ауыр күні әрбір адам өз қара басының қамымен болады. Басқаның жағдайын ойлауға мұршасы келмейді. Алла Тағала қиямет пен оның үрейін баян еткен соң, сол күні адамдардың бақытты және бақытсыз болып бөлінуін айтады.

وُجُوهٌ يَوْمَئِذٍ مُسْفِرَةٌ

38.  Сол күні кейбір жүздер жарқырайды

Сол күні біреулердің жүзі қуаныш пен шаттықтан жарық та нұрлы келеді.

ضَاحِكَةٌ مُسْتَبْشِرَةٌ

39.  Күлімсіреген, қуанышты.

Алла Тағаланың өздеріне деген құрметі мен ризашылығынан қатты қуанып және мәңгілік нығметпен сүйіншіленгендіктен.

وَوُجُوهٌ يَوْمَئِذٍ عَلَيْهَا غَبَرَةٌ

40.  Ол күні кейбір жүздерді шаң басады

Ал, кейбіреулердің жүздері сол күні шаң-тозаң басқан болып келеді.

تَرْهَقُهَا قَتَرَةٌ

41.  Оны қара түнек қаптаған болады.

Жүздері түнеріп, түтігіп тұрады.

أُولَئِكَ هُمُ الْكَفَرَةُ الْفَجَرَةُ

42.  Міне, солар – қарсы келуші (кәпірлер) және бұзақылар.

Жүздері қап-қара болып бейнеленген күпірлік пен күнәні қатар істеген бақытсыздар. Сауи: «Олардың күпірлік пен күнәні қоса істегені үшін Алла Тағала бұл аятта кәпірлердің жүздерінің түнергендігі мен шаң-тозаң болатындығын бірге айтуда», – деген.



[1] Тирмизи, Хаким

 

Серікбай қажы ОРАЗ
date21.03.2015readCount4154printБасып шығару