old.muslim.kz «Лә иләһа иллаллаһ» - Muslim.kz
«Лә иләһа иллаллаһ»
«Лә иләһа иллаллаһ»

Табиғиндерден шыққан Саид ибн Жүбәйр Әмәуилер билеген дәуірде олардың қателігін бетке айтудан қаймықпаған өжет мінезді, рухани терең кісі еді. Түн баласы құлшылықтан бас алмай, егіліп дұға жасайтын.

Оны жазалау үшін Хажжажға апара жатқан кезде, жендеттер азулы жыртқыштары көп ормандағы бір шіркеуге түнеуге бекінеді. Саид ибн Жүбәйр болса, «Бұл түн менің соңғы түнім, ертең ақыретке сапарым бар, Раббыммен оңаша қалдырыңдар», – деп шіркеуге енбей сыртта қалғысы келетінін білдіреді. Жендеттер ормандағы жабайы аңдарға жем болсын деген пиғылмен оның өтінішін қуана орындайды.

Түннің ортасында жабайы аңы мол орман ортасында Раббысымен оңаша қалған бұл тақуа кісі намазға тұрады. Намазды беріле оқығаны сонша – бар дүниені ұмытқандай күй кешеді. Бір қызығы, шіркеудің терезесінен сыртқа қараған жендеттер тағы жануарлардың оған тиіспей қасына барып шоқиысып отырғанын көріп таңғалады.

Бірақ Хажжаждың да, жендеттерінің де тас боп қатқан жүрегі бұған жібімейді. Оны құрбандыққа шалатын мал тәрізді ортаға алып келіп, ит қорлыққа салады. Ол болса алдыңғы айтқанын қайталап: «Сендердікі дұрыс емес. Әсіресе әһл-бәйітке әділетсіздік жасап отырсыңдар. Мен сендерге мойынсұнбаймын», – деуден жалықпайды. Жендеттер басын шабарда, құрбан соятын кезде оқылатын аятты оқиды: «Ханиф ретінде (ширкпен кірлемеген, кіршіксіз таза ұжданмен) жүзімді көктер мен жерді жаратқан Аллаға бұрдым әрі мен мүшріктерден емеспін»[1]. Жүзін күштеп құбыладан басқа жаққа бұрғанда, «Қай жаққа бұрылсаң да, Алла сол жақта[2]» деген аятты оқиды. Өліммен бетпе-бет келіп, жаны қысылған сәтте де рухы мықты мүмин өзіне тән қайсарлығынан танған жоқ, соңғы рет қылышпен шабылып, басы жерге домалап бара жатқанда, «Лә иләһа иллаллаһ, Мұхаммед расулаллаһ» дейді.


[1] «Әнғам» сүресі, 79-аят
[2] «Бақара» сүресі, 115-аят

date17.03.2015readCount7731printБасып шығару