ҚМДБ 2014: елеулі іс-шаралар есебі

Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлы хазрет ел аумағындағы діни қызмет пен діни сауаттылықты арттыру мақсатында 2014 жылы нақты басымдық берілетін бағыттарды айқындап берді. Болашаққа бағдар ретінде діни басқарманың 2020 жылға дейінгі даму тұжырымдамасы қабылданды. Әр бөлім тапсырманы жүзеге асыру жолында арнайы стратегиялық даму бағдарламалары әзірленіп, жоспар жасалды. Қызмет сапалы болу үшін әр бағытқа арнайы жобалар құрылды. Сондай-ақ, діни қызметкерлердің қызметін 4 бағытқа тоғыстырып, жүйелі есеп беру тетігін жасады. Ендеше, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының 2014 жылы атқарған іс-шараларының қысқаша еебін назарларыңызға ұсынамыз. 

Бас мүфти 2014 жылды Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының қызметі аясында «Дін мен дәстүр» жылы деп жариялады. Атқарылатын барлық іс-шараларда дін мен дәстүрдің сабақтастығын айшықтауға бағыттады. Ел аумағында қасиетті Құрбан айт және Ораза айт, Мәуліт мерекесі секілді мұсылман мейрамдары ұлттық нақышта тойланды. Мешіт аулаларына киіз үйлер тігіліп, ұлттық ойындар ұйымдастырылды. Астана қаласында ұлттық нақышта «Құрбан айт – құтты мереке» атты мерекелік кеш өткізілсе, Алматы қаласында жастар арасында республикалық қазақша күрестен жарыс өтті. Барлық облыс, қала, аудандарда «Дін мен дәстүр» тақырыбында 50-ге жуық дөңгелек үстелдер, конференциялар, семинарлар ұйымдастырылды. 

Пайғамбарымыздың туған айы – Мәуліт мерекесі бір ай ішінде облыс, қала, аудан көлемінде мерекелік деңгейде 2448 рет аталып өтті. Сондай-ақ, қасиетті Рамазан айында  480 рухани іс-шаралар өткізілді.

 

Республика көлемінде 2 460 мешіт болса, осы жылы тағы да 28 мешіт ашылды. Сондай-ақ, жаңадан салынатын 70 мешітке Бас мүфтидің рұқсаты берілді.

 

  

Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлының бастамасымен құрылған аттестациялық комиссия мүшелері Алматы қаласы, Алматы облысы, Жамбыл, Қызылорда облысы, Өскемен,  Семей, Талдықорған өңірлеріне қарасты 1 031 имам-молда, азаншыларды аттестациядан өткізді.

 

Нәтижесінде, 2013 жылмен салыстырғанда биыл діни қызметкерлер саны 17,7 пайызға артып, Бас мүфтидің бұйрығымен республика мешіттерінде қызметке қабылданған діни мамандар саны 3 967 адамға жетті.

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының қызметін жандандыру мақсатында «Халал өнімдерді стандарттау» бөлімі мен «Жастар ісі» бөлімі ашылды.

Діни басқарма рұқсат еткен 20 қажылық компанияларымен 5 000-ға жуық отандасымыз қажылық парызын өтеді. Оларға Қазақстан қажылық миссиясысына мүше 55 адам қызмет көрсетті. 

ІІ ИДЕОЛОГИЯЛЫҚ ЖҰМЫСТАР 

2014 жылы ҚМДБ Уағыз-насихат бөлімі өз жұмысын кешенді түрде атқарды. Еліміздегі уағыз-насихат жұмыстарын оңтайландыру мақсатында ауқымды шаралар ұйымдастырылды. Жыл басынан бері құрамында дін ғалымдары, психолог, заңгер, әлеуметтанушы, дінтанушы мамандары бар біліктілікті арттыру тобы өңірлердегі имам-молдалардың уағыз айту тәжірибесін арттырып, білімін жетілдіруге бағытталған 7-10 күндік, 1 айлық семинарлар 120 рет ұйымдастырды. Өткізілген семинар барысында ҚМДБ-ның 2 404 имамына «Ақида», «Фиқһ», «Хадис», «Мәзһаб тарихы», «Ислам тарихы», «Ислам әдебі», «Теріс ағымдар», «Шешендік өнер», «Құран ілімі», «Менеджмент», «Конституция және Қазақстанның әлемдік тәжірибесі», «Қазақстандағы саяси жүйе», «Дін және Ата заң», «Дін және қоғам», «Риторика», «Информатика» пәндері бойынша 4 320 сағат дәріс жүргізді.

Елдегі діни ахуалды жақсарту мақсатында Қазақстан мұсылмандары діни басқарма жанынан арнайы құрылған Республикалық ақпараттық-насихат топтарының (РАНТ) мүшелері халық арасында белсенді жұмыс жүргізуде. Атап айтқанда, 2014 жылы қала, аудан-ауылдарды қосқанда барлығы 1 339 мекемеде өткен кездесулерде 234 315-ге жуық адамды діни ақпаратпен қамтыды.

Облыстардағы діни қызметкерлер сапынан да жергілікті ақпараттық-насихат топтары (ЖАНТ) жасақталды. 264 білікті имамның басын құрайтын 78 топ мүшелері оқу орындарында, түзеу мекемелерінде, әкімшіліктер мен мәдениет ошақтарында, балалар және қарттар үйлері секілді мекемелерде 356 620 кездесу өткізіп, дін жайындағы халықтың көкейінде жүрген сұрақтарына жауап беріп, 1 168 005 адамды ақпараттандырды.

ҚМДБ-ның онлайн дәрісі Астана қаласынан еліміз бойынша 199 нүктеде таралып, оған 99 747 тыңдаушы қатысты.

Атырау, Маңғыстау, Ақтөбе, Оңтүстік Қазақстан облыстарында журналистерге «Діни тақырыпта мақала жазудың әдіс-тәсілдері» тақырыбында тренинг өткізілді. Оған 100-ге жуық журналист қатысып, сертификат алды.

Дін қызметкерлері ғылыми еңбек жазумен де айналысып келеді. Атап айтар болсақ, «Дін мен дәстүр», «Таным тұғыры», «Ғибратнама», «Мүбарак Рамазан», «Традиция и религия», «Қазақша Құран сөзбе-сөз аудармасы», «Ақ неке», «Қазақ мәдениеті және ислам құндылықтары», «Жанұя жарасымы», «Исламдағы отбасы», «Ел болам десең, бесігіңді түзе», «Пәтуалар», «Тәпсір тұнығы», атты сынды кітаптар жарық көрді.

ІІІ ЖАСТАРМЕН ЖҰМЫС

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы жастарға дұрыс діни ақпарат жеткізуге үлкен мән беріп келеді. Сондықтан да діни басқарма жанынан олармен тығыз жұмыс жасайтын «Жастар» бөлімін ашты. Аталмыш бөлім жас буын өкілдері арасында «Тәні саудың – жаны сау», «Өз-өзіңе қол салу – тығырықтан шығар жол емес»,  «Ұлық болсаң, кішік бол!», «Кітап – білім бұлағы», «Жастар және дін», «Білімді жастар – еліміздің болашағы», «Ислам және отбасы», т.б. тақырыптарда түсіндірме, уағыз-насихат жұмыстарын жүргізді. Баспасөз беттерінде жастарға арналған тақырыптар төңірегінде 425 мақала жарияланды. Ел болашағы жастар арасында 1210 рет кездесулер, семинарлар, конференциялар, дөңгелек үстелдер ұйымдастырылды.

 

Сонымен қатар жастар ұйымдарымен бірлесе 255-ке жуық қайырымдылық, спорттық және сенбілік шаралар атқарылды. Мұндай қоғамдық іс-шараларға 196 514 жас буын өкілдері тартылған. Студенттер арасында өткізілген «Біз таза қаланы қолдаймыз» атты сенбілік акция аясында 20 000-ға жуық көшет ағаштары отырғызылды.

ІV БАҚ ЖҰМЫСТАРЫ

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының өңірлердегі қызметкерлерінің қатысуымен бұқаралық ақпарат құралдарына, түрлі форматтағы хабарларға 2 218 рет сұқбат беріліп, 6 624 танымдық мақала жарық көрді.

  

ҚМДБ-ның ресми muftyat.kz және облыстағы мешіт сайттарында әртүрлі тақырыпта 3752 мақала, 10 699 жаңалық жарияланды. Мультимедиялық контент бойынша 118 фоторепортаж, 863 аудио және 2233 бейнеметариалдар жасалды. Бір ғана muftyat.kz сайтына келіп түскен 3 163 сауалға жауап берілді. Аталмыш сауалдардың ішіндегі маңызды деген 760 сауалы мен таңдамалы жауабы сайтқа жарияланды.

muftyat.kz сайтының «Бейне» бөлімінен жаңадан «Дәрістер», «Бас мүфтидің уағыздары», «Ислам ақиқаты», «Ғибратнама», «Тарих және тұлға», «Фильмдер», «HikmetTV» айдарлар ашылып, аудио бөлімі «Дәрістер», «Абайдың қара сөздері», «Күй» және «Терме» айдарларымен толықты. Кітапхана бөліміне Флеш форматында 8 кітап салынды. Сондай-ақ, azan.kz  және hibatulla.kz сайттарының мобильді нұсқасы, muslim.kz сайтында құлағы естімейтіндерге арнайы бөлім іске қосылды.

Сондай-ақ ҚМДБ жанынан ашылған «Хикмет» телерадиостудиясынан «Дін мен Дәстүр» кітабының аудио нұсқасы «Ақ бата», «Шешендік сөздер», «Бүгінгі сұхбат», «Халық даналығы», «Балаларға базарлық», «Иман шуағы», «Құлшылық қағидалары», «Мұсылман әйелдің жеке тұлғасы», «Хадистен тәлім» сынды т.б. 20-дан астам телебағдарламалар әзірленіп, 8550-ге жуық аудио-видео дискілер халыққа тегін таратылды.  

Сонымен қатар, діни басқарма сайтында «Дін мен дәстүр» жылына орай, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасына қарасты өңірлердегі сайттарда түрлі шығармашылық байқаулар ұйымдастырылды.

V ОҚУ-АҒАРТУ ЖҰМЫСТАРЫ

Оқу-ағарту саласын дамыту мақсатында Түркия, Египет, Иордания, Малайзия, Ресей, Татарстан сынды мұсылман мемлекеттерінің іргелі оқу орындарымен өзара келісім мен ынтымақтастық бағытында тәжірибе алмасулар өткізіліп, ортақ меморандумдарға қол қойылды.

Солардың бірін атар болсақ, Мысырдағы «әл-Азһар» университетімен жасалған ынтымақтастық меморандумының нәтижесінде діни басқарманың рұқсатнама қағазынсыз Қазақстан азаматтары «әл-Азһар» университетіне оқуға қабылданбайтын болып келісілді. Бұл өз кезегінде шетелде оқып жатқан студенттеріміздің дәстүрлі бағыт бойынша білім алуын қадағалауға мүмкіндік жасайды.

Сауатты діни маман даярлау ісі діни басқарманың күн тәртібінде тұрған кезек күттірмес мәселе. Осы олқылықтың орнын толтыру үшін биыл «Нұр Мүбәрак» ислам мәдениеті университетіне мемлекет тарапынан 154 грант бөлініп, осф жылы 637 студент білім алып жатса, оның 487 студенті грантпен оқуда.   

Шәкірттердің білімін шыңдау мақсатында тұңғыш рет республикалық медресеаралық олимпиада ұйымдастырылып, оған ел медреселеріндегі 49 шәкірт қатысты.

Шетелден келген 16 ұстаз Бас мүфти бұйрығымен медреселерге қызметке қабылданды.

 Бас мүфти бастамасымен орыс тілді мамандар дайындау үшін тұңғыш рет «Астана медресесі» жанынан орыс тілді топ ашылып, онда 14 шәкірт білім алуда.

2014 жылы республика бойынша мешіт жанындағы сауат ашу курстарында 22 592 адам діни білім алды.

VI БІЛІКТІЛІКТІ ЖЕТІЛДІРУ

Ел аумағындағы медреселерді бітірген 18 шәкірт Түркияда «Хасеки» діни академиясында білімін жетілдіруде. 8 шәкірт «әл-Азһар» университетінде оқуын жалғастыру мүмкіндіген ие болды.

Сондай-ақ, еліміз бойынша 64 имам Түркия, Мысыр, Ресей мемлекеттерінде білім және біліктіліктерін жетілдірді.

VII ЖАТ АҒЫММЕН ЖҰМЫС

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы халықты ақпараттандырып, жат ағымның алдын алу мақсатында жыл басынан бері «Такфир ұғымының мәні және қазіргі мұсылмандық ұстаныммен  үйлесімдігі», «Мұсылман қабірлерін зиярат ету үкімі», «Ислам дінінің лаңкестікке көзқарасы», «Хижрат дегеніміз не және оның үкімі мен шарттары қандай?», «Жиһад ұғымы және қазіргі заман», «Исламның зайырлы білім алуға көзқарасы», «Трансплантация» және т.б. өзекті 23 діни тақырыпта пәтуа шығарды. Шариғат және пәтуа бөліміне еліміздің әр аймағынан жолданған 752 сұраққа жауап берілді.

Сондай-ақ, «Сенім тұтқасы», «Аяттардың түсуіндегі Рахманның қолдауы», «Иман и его условия», «Международный религиозный терроризм и экстремизм: истоки, факторы и вызовы угрозы, тенденции распространения и правовые меры противодействия», «Истинный смысл джихада и его трансформация в контексте религиозного экстремизма и международного терроризма», «На пути к Корану», т.б. кітаптарға сараптама жүргізіліп, қалың оқырман назарына ұсынылды. 

Республика бойынша жат ағымдар қатарында жүрген 540 отандасымыз дәстүрлі бағытқа бет бұрды.

VІІІ ҚАЙЫРЫМДЫЛЫҚ ЖҰМЫСТАР

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы биыл діни салада басымдық берілетін бағыттардың бірі – қайырымдылық шараларын ұйымдастыру еді.

Қазақтың асар деген ұғымын тірілтіп, республика бойынша ірі көлемдегі әр түрлі бағытта қайырымдылық шаралары өткізілді.

Бір ғана қасиетті Рамазан айында 17 280 тұрмысы төмен отбасына қайырымдылық жасалып, 550 447 адамға ауызашар дастархандары жайылды.

Құрбан айт қарсаңында республика бойынша қала, аудан, ауылдарда құрбандық еттері үлестірілді.

2014 жаңа оқу жылы қарсаңында «Мектепке жол» республикалық қайырымдылық акциясы аясында 6 755 отбасына көмек көрсетілді. Игілікті іс-шара барысында тұрмысы төмен отбасыдан шыққан балаларға, жетімдерге, жалғысбасты аналардың ұл-қыздарына мектепке қажетті оқу құралдары, киім-кешектер үлестірілді. Атап айтқанда, Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша «Мектепке жол» қайырымдылық акциясына 1 857 бала қатысты. Сондай-ақ, игі шараға Алматы (897 отбасы), Астана (716), Алматы облысы (817), Ақмола облысы (588), Қарағанды (470), Қызылорда (225), т.б. облыс пен қала мешіттері үлес қосты.

«ҚМДБ «Зекет» қорының өңірлердегі өкілдіктері жыл бойы мұқтаж кісілерге жалпы сомасы 52 173 496 теңге көлеміндегі қаражатқа қайырымдылық көмек жасады.

Бұл жылы қамкөңіл қариялар да ескерусіз қалмады. Оларға мерекелер қарсаңында дастархандар жайылып, ерекше көңіл бөлінді. Бас мүфти атынан Астана мен Алматы қалаларындағы Қарттар үйлерінен 4 қарияға кіші қажылыққа тегін жолдама да берілді. 

Бұл атқарылған ісшаралар айқындалған бағыт аясында Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы қызметкерлерінің жұмыла жасаған істерінің нәтижесі.

date31.12.2014readCount6240printБасып шығару