Мемлекет басшысының телеарна тілшілерімен сұхбаты
Мемлекет басшысының телеарна тілшілерімен сұхбаты

Нұрсұлтан Құрман, «Хабар» агенттігі:

– Құрметті Елбасы, Сізбен жолығу мүмкіндігі туғанына қуаныштымыз. Менің және әріптестерімнің сізге қояр бірнеше сұрақтары бар.

Сіздің «Нұрлы жол» жаңа экономикалық саясаты туралы Жолдауыңыз жұрт көңіліне ұялаған күдікті сейілтті. Осындай маңызды қадамның тарихи қажеттілігі қандай және осы саладағы инфрақұрылымға салынатын қаражат өзін қалай ақтайды? Оның біздің экономикалық жағдайымыздағы тиімділігі қандай?

– Халық өз басшыларын сайлаған кезде, сол басшының қолына тізгін- шылбырды береді де, «біздің жағдайымызды ойла» дегенді айтады. Дәл солай айтылмаса да, мағынасы сондай болады. Президенттің, ел бастаған адамның мойнындағы жүктің ауырлығы да сонда. Ол болып жатқан, алда келе жатқан оқиғаларды біліп, түсініп, сараптап, соған қарсы алдын ала жұмыс істеп, халықтың жағдайын қиындатпауды ойлауы керек.

Көріп отырсыздар, мен Жолдауды қашан жарияладым? Өткен айда. Ал кешегі Ресейдегі жағдай бір айдан кейін болды, ешкім оны ойлаған жоқ. Жалпы сараптай келіп, дүние жүзінің экономикасында осындай жағдайдың жақындап қалғанын болжадық. Сондықтан бұл – алдын алу шарасы,  екіншіден, бұрыннан ойлап келе жатқан, халыққа керек нәрсе. Мысалы, біздің жиған қорымыз болмаса, біз бұған бара алмас едік.

Көлік инфрақұрылымы дегеніміз – жол. Кең байтақ Қазақстанның жерінде жол болмаса, адамдар бір-бірімен қатынаспайды. Жолға ешқандай бизнес ақша бере алмайды, себебі бұл көп жылда қайтарылатын нәрселер. Бизнестің оған жағдайы жоқ. Тек қана мемлекет, күшті мемлекет, жағдайы бар мемлекет жол салады.

Біздің жолдарымыздың бәрі солтүстікке қарай, Ресейге қарай салынған. Біз ана Қостанайдан Ақтөбеге дейін төрт жүз шақырым жол жасадық. Неге? Себебі, Қостанайдан Ақтөбеге келу үшін шекарадан ары-бері өту, тексерілу керек. Қанша қиын болғанымен, біз солай еттік. Жол бойында қаншама ауылдар пайда болды.

Мысалы, Өскеменге бару үшін Алматыдан шығып, Локоть деген стансаға бару керек еді, өзі де шынтақ секілді. Содан кейін Өскеменге баратын. Сондықтан Шар арқылы Өскеменге тура жол салынды. Екібастұздан Өскеменге қарай жол салынды. Мұның бәрі жолдардың сыртқа шықпай, ішкі қатынасты ел аумағы арқылы қамтамасыз ету үшін жасалды. 

Біз, мысалы, оңтүстікте де өзбек ағайындардан шығатын жол арқылы Жетісайдан Шымкентке келе алмай қалдық қой. Алдымен Өзбекстанға кіреді, сосын шығады. Сондықтан Шардараның үстінен көпір салуға тура келді. 

Ал енді кейінгі, мынау Қорғастан Жетігенге,  Арқалықтан Жезқазғанға, Жезқазғаннан Бейнеуге дейінгі теміржол желісінің құрылысын бітірдік. Сол арқылы Қазақстан теміржол желісімен толық қамтамасыз етілді. Сондықтан, «Нұрлы жол» айқындаған көлік мәселесі – басты нәрсе. Жол – экономиканың күре тамыры, адамдардың өзара қарым-қатынасы, өңірлердің орталықпен байланысы, облыстардың бір-бірімен қатысуы.

Егер бизнес Қазақстанда керек тауардың бәрін шығаратын болса, болашақта дағдарысқа қарсы негізгі шара осы болып саналады. «Нұрлы жол»  теміржол және автомобиль жолдарын, электр желілерін ғана емес, жаңа электр стансаларын, сондай-ақ тұрғын үй, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықты да қамтиды. 2007-2009 жылдардағы дағдарыс кезінде тәжірибе жинадық, бізде дағдарысқа қарсы әлем мойындаған үздік бағдарлама болды. Бұл бағдарламадағы ең басты тармақ – шағын және орта бизнесті қолдау. Жұмыс орындарын шағын және орта бизнес құрады. Онда адамдар жұмыспен қамтылған. Ал өндіріс икемділігімен ерекшеленеді. Мысалы, Түрксіб бүгінге дейін жұмыс істеп тұр. Сондықтан біздің салғандарымыз да балаларымызға жүз жыл қызмет етеді. Тіпті сіздердің балаларыңызға да. Біздің жасаған нәрсеміз өте игілікті шаруа.

Біз өз нарығымызды қамтамасыз ету үшін өңдеумен айналысатын, әсіресе ауыл шаруашылығы өнімдерін  өңдейтін ондаған жаңа зауыт салдық.  Мен бәріміз «Нұрлы жол» бағдарламасын іске асыру үшін  жұмылуға тиіспіз деп санаймын.

 

Майя Бекбаева, «7 арна»:

– Келер жылы біз Қазақстан халқы Ассамблеясының 20 жылдығын атап өтеміз. Әлбетте, бұл ұйым кейбіреулердің скептиктік сипаттағы пікірлеріне қарамастан, өзінің маңыздылығын дәлелдеді. Бұл орайда, бәрі жақсы секілді. Бірақ Сіз бұл тақырыпқа қайта-қайта оралып жүрсіз. Жаңа Жолдауыңызда ұлтаралық келісім мен бірлікті нығайтудың қажеттігіне  тағы да назар аудардыңыз. Бұған қажеттілік бар ма? 

– Қазақстан небәрі 20 жылда ғажап табыстарға жетті. Экономика 16 есеге, халықтың табысы 17 есеге артты. Яғни, осы уақыт бойы біз жасампаз еңбек үрдісінде болдық. Бұл елдегі бейбіт өмірдің арқасында ғана мүмкін болды. Хаос жағдайында бұлай болмайды.

1995 жылы, тәуелсіздік жариялағаннан кейін аз ғана уақыт өткен тұстағы кезеңнің сипаты әлі де беймәлім болатын. Қай бағытта ілгерілейміз, халықты қайда бастаймыз, оны әлі білмейтін едік. Сол уақытты түрлі этнос өкілдері арасында алаңдаушылық болды. Ұлттың, тілдің, діннің ахуалы қалай болады деген мәселелер туындады. Еліміздің барлық этностарына арналған мінбер, Президент жанындағы кеңесші орган – Қазақстан халқы Ассамблеясын құру идеясы сол кезде туды. Ассамблея сессиясына жиналған әр адамның Үкіметке өз сөзін айтуға құқығы бар, ал Үкімет жұртты не толғандыратын білетін болады.

Барлық облыстарда кіші Ассамблеялар құрылды, мәдени орталықтар жұмыс істейді. Мен басқаратын Ассамблея енді конституциялық органға айналды. Ол Парламентке 9 депутат ұсынады. Бұл олардың жоғары өкілді органдағы өкілдері. Олардың келісімінсіз бірде-бір заң немесе заңға енгізілетін өзгерістер қабылданбауы тиіс. Сондай-ақ бұл заңдар Қазақстанда біреудің құқығын шектесе де, солай болады.

Бұл жұмыстың нәтижесі бар. 1994-1995 жылдары Қазақстаннан жаппай кету үрдісі болған еді. Қазір адамдар қайтып келіп жатыр. Ассамблея бүгінде біздің өмірімізге берік енді, өзімізді онсыз елестете алмаймыз. Ол этникалық азшылықты ғана емес, бүкіл қазақстандықтарды біріктіреді. Біз сол арқылы түрлі мәселелерді талқылап, халықтың мұң-мұқтажын біліп отырамыз. Сондықтан Ассамблея мемлекеттің маңызды органы болып саналады. Ол Қазақстанның тұрақтылығының айшықты атрибуты. Сол себепті де мен әрдайым үлкен міндеттер арта отырып, бүкіл халықтың қолдауына ие болу үшін Ассамблеяға жүгінемін.    

 

Ярослав Красиенко, «КТК» телеарнасы:

– Тәуелсіздік алғаннан бергі соңғы екі онжылдықта бізде негізгі ұстанымымыз көпвекторлылық болғаны мәлім. Соның арқасында біз қазір бірде-бір мемлекетпен араз емеспіз, барлық елдермен өзара тиімді ынтымақтастық орнатып отырмыз. Бірақ әлемдегі соңғы оқиғалар, өкінішке қарай, мемлекеттердің түрлі блоктар бойынша тағы да бөліне бастағанын көрсетуде. Осыған байланысты көпвекторлықтан бас тартып, сыртық саяси стратегияны қайта қарайтын кез келген жоқ па?

– Әлемде бейтараптықты ұстанатын біраз ел бар. Іс жүзінде барлық мемлекеттерді көпвекторлы деп атауға болады. Бұл тәуелсіздік пен дербестік жағдайында әрбір мемлекет кімдерді тиімді санаса, сол елдердің барлығымен араласып, сауда жүргізіп, саяси шарттар жасай алатынын білдіреді.

Біздің көпвекторлылық ұстанымыз айналамыздағылардың бәрімен достық қатынасқа әкелді. Ешқандай мемлекетпен арамызда шешілмейтін дауымыз жоқ. Шекарамыздың барлығы сызылған, делимитацияланған, демаркацияланған.  

Елдер түрлі блоктарға кіруі мүмкін, бірақ ол қазіргі заманда кең ауқымды ықпалдастыққа кедергі келтірмейді. Мысалы, НАТО әскери блок болып саналады, бірақ бұл ұйымның құрамындағы мемлекет барлық өзге елдермен қарым-қатынас жасайды.

Қазақстан ҰҚШҰ-ға мүше. Бұл – қазіргі заманғы қауіп-қатерлерге, яғни лаңкестікке, экстремизмге, есірткі трафигіне, халықаралық қылмыстарға қарсы әскери-саяси блок. Шартта бір тармақ бар, оған сәйкес қатарындағы біреуіне басқыншылық жасалған жағдайда, мемлекеттер бірлескен қорғаныс туралы шешім қабылдайды.

Біз көпвекторлы саясатымыздан бас тартпаймыз, оған негіз жоқ. Қазақстан 1 қаңтардан бастап Еуразиялық экономикалық одаққа кіреді. Оған қоса, біз Дүниежүзілік сауда ұйымына кіру қарсаңында тұрмыз. Сондай-ақ біз Еуропалық одақпен кеңейтілген серіктестік және ынтымақтастық туралы келісім бойынша келіссөздерді аяқтадық. Біз қол қойған барлық шарттарда, соның ішінде Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартта да бұның үшінші мемлекетпен қарым-қатынасымызға кедергі келтірмейтіні туралы айтылған.

 

Аида Боранбай, «31 арна»:   

– Бүгінгі таңда жұртшылықты алаңдататын мәселенің бірі – терроризм. Тіпті оны «ислам терроризмі» деп атау үрдіске айналып барады. Осыған қатысты сіздің пікіріңіз қандай? 

– Терроризм, экстремизм деген мәселе ХХ ғасыр мен ХХI ғасырдың басында шықты. Бірақ оны исламға апарып жабыстырудың ешқандай қисыны жоқ. Ислам бейбітшілікті қалайды, ал «ислам терроризмі» деп аталып жүрген нәрсенің діни де, ұлттық та белгісі жоқ. Мәселен, ИГИЛ-ге қазір еуропалықтар – ағылшындар, француздар барып жатыр. Онда Орталық Азия, Түркия, өзге де мемлекеттердің азаматтары бар. Әлдебір қағидаттарға сай біріккен ол адамдар ақша үшін жұмыс істеуде. Мен терроризмді исламға телитін көзқарасты қолдамаймын.

Құранда «Бір жазықсыз адамды өлтірсең, бүкіл адамзатты өлтіргенмен бірдей» деген сөз бар. Сондықтан, терроризмді жалпы адамзаттың жауы деп санау керек.

Өкінішке қарай, қазір қаражаты жоқ, жұмысқа орналаспаған, жағдайы дұрыс емес, ауру-сырқау адамдарға ақша береді дағы, түрлі жолдармен экстремистік ұйымдарға тартады. Кейбірін отбасымен апарады, кері  қайтайын десе, әйелдерін жібермейді, балаларын жібермейді.

Халыққа айтатыным, жастарға айтатыным – ондай жаман пиғылдан, болашағы жоқ пиғылдан аулақ болу керек. Біздің халықты ислам дінінің негізін дұрыс түсінуге баулу керек. Ол үшін сауатты молдаларымыз болуы керек. Қазір оларды оқытып жатырмыз.

 

Жайнагүл Төлемісова, «Қазақстан» ұлттық арнасы:

- Сіздің Ұлытауда, Әулиебұлақтың басында айтқан сөздеріңіз халыққа ой салды. Тарихшылар, қоғам қайраткерлері бұл сұхбат заманауи Қазақстанның өткен тарихымен, өр тарихымен қауышуына жол ашқан тарихи толғам болды деп бағасын беріп жатыр. Сіздіңше, ұлт жадындағы ізгі қасиеттерді ояту үшін біз қандай қам-қарекет жасауымыз қажет және сол Ұлытаудағы толғам, Ұлытауда айтылған ой желісі біздің ұлттық идеологиямызбен сабақтас бола ала ма? 

– Менің қатарластарым, менен кейінгі келе жатқан буын кезінде тек қана Октябрь революциясынан бергі тарихты ғана біліп, соны оқыдық. Басқасы жоқ сияқты болатын. Соған дейінгі қазақтың тарихы бар да, басқасы жоқ сияқты еді. Біздің жастар, біздің халық мың жылдық тарихымыз бар екенін білуі керек.

Қай жерден біз тарихымызды іздеп табамыз десек, арғы ғұндар – біздің бабаларымыз. Одан бері қарай  келетін болсақ – Ұлы түркі қағанаты.

Біздің жеріміз қай кезде де сол елдердің орталығы болды. Одан кейін – Алтын орда. Осының өзін санайтын болсақ,  2000 жылдық тарихымыз шығады. Соның барлығынан өтіп келіп, тілімізді, дінімізді, ұлттығымызды сақтап қалған қандай керемет халық бұл қазақ деген?! Ешқайсысымен қосылып кеткен жоқ. Мына тұрған Қазақстан – бүкіл тарихтың түп-тамыры. Тарихқа келгенде, желісі, жолы осы. Біз жастарымызды осылай тәрбиелеуіміз керек.

Хандықтың 550 жылдығы деп жатырмыз. Керей мен Жәнібек – олар да Шыңғыс ханның ұрпақтары. Дегенмен, қазақ болып бөлініп шығып, хандық құрған кез – сол кез. Содан бастап қазақ хандығы пайда болды, Керей мен Жәнібек 550 жыл бұрын Шудың бойында өздері бөлініп шығып, мемлекет құрды.

 Соның бәрі біздің жастарға, біздің ұрпағымызға тамырымыздың терең екенін көрсетеді. «Тамыры терең қара емен, қасқая күтер дауылды» деген сөз бар өлеңде. Тамырың терең болса, қандай дауыл болса да қасқая көтересің.

«Мәңгілік Ел» деп айттық қой. Бұл – идея. Осы идеяның төңірегінде топтасу керек. «Мәңгілік ел» атауы ежелден славяндар мен түркілерге түгел таныс. Ол алғаш Тоныкөк деген бабамыздың аузынан шыққан болатын. Біздің жырауларымыздың да аузынан шыққан. Бұл енді ізгі тілек қой. Мына мемлекетіміз мәңгі болсын, еліміз мәңгі болсын, тіліміз өшпесін, халқымыз өшпесін, ұзағынан болсын барлығы деген сөз.

Ал «Мәңгілік Ел» неге идея болады? Ауызбен айта салғаннан мәңгілік ел болмайды. Сол мәңгілік елді жасау үшін күресуіміз керек. Мәңгілік елдің экономикасы, тұғыры мықты, жастары сауатты болуы керек. Мемлекеттің қару-жарағы мықты болуы керек, көршілерімізбен жақсы болуымыз керек, дос табуымыз керек. Сөйтіп, мемлекетіміздің терезесін өзгелермен тең етіп, олардың алдында түсу үшін жұмыс істеуіміз керек. Мына «Нұрлы жол», 2030 жылға дейінгі, 2050 жылға дейінгі бағдарламаларымыз,  30 елдің қатарына кіреміз деген мақсатымыздың барлығы – сол «Мәңгілік Елді» қалай жасау керек деген жолдағы әрекет. Сонда ғана біз өркендеген және бейбіт, азаматтарының жақсы тұрмысы үшін жағдай жасайтын «Мәңгілік ел» боламыз деп айта аламыз.

 

Виталий Попов, «СТВ» телекомпаниясы:

– Бүгінде әлемдік күн тәртібіндегі негізгі мәселелердің бірі Украина және оның төңірегіндегі ахуал болып саналады. Осы оқиғалар Қазақстанға қалай әсер етуі мүмкін? ЕАЭО жұмысын бастайтынын ескерсек, еліміздің алдынан қандай қатерлер шығуы мүмкін? Ресей экономикасы зардап шегіп жатқан санкциялар біздің елге әсер ете ме?

– Мемлекеттегі тұрақсыздық экономика әлсіз, жұмыс орындары, еңбекақы төлемдері мен табыс жеткіліксіз кезде халықтың әлеуметтік жағдайы мен өмір сүру деңгейінің төмендігінен пайда болады. Осының бәрі наразылық тудырады. Ал мұндай сәттерде түрлі күштер халықты соңынан ертуі мүмкін. Мен бүкіл қақтығыстың себебін Украинаның тәуелсіздік жылдарында тиісті экономикалық саясат жүргізбей, елдің орнықты дамуын қамтамасыз етпеуінен көремін.

Украина Қазақстанға жақын.  Мен жеке өзім бұл елді жақсы білемін. Бізді әрқашан көптеген жайттар байланыстырды. Украинадан қоныс аударғандар кезінде тың жерлерге, бізді елдің өнеркәсіп кәсіпорындарына келді. Мен әркез украиналықтардың менталитеті белгілі бір дәрежеде қазаққа ұқсас деп санадым. Біздің халықтарымыз бір-бірін ежелден біледі, өйткені Ұлы дала оңтүстік Украинаға дейінгі кеңістікті алып жатыр. Украиндар мен казактарда түрік сөздерінің көп болуы кездейсоқтық емес.   

Өкінішке қарай, украин халқын қақтығысқа, өз қандастарын өлтірген соғысқа киліктірді. Нәтижесінде, негізгі өнеркәсіптік кәсіпорындар орналасқан Шығыс Украина қирап қалды. Экономиканың ішкі жалпы өнімді қалыптастыратын айтарлықтай бөлігі бүгінде істен шықты. Шығыс Украинаны қалпына келтіру үшін орасан қаражат керек.

Қазіргі міндет – мына соғысты тоқтату, Украинаның тәуелсіздігін нығайту, оның аумағының тұтастығын мойындау және келіссөздер үстеліне отыру.

Мен Қазақстан Ресейге де, Украинаға да бірдей қарайды деп есептеймін. Бізде ешқандай мүдде қақтығысы жоқ. Мен – ешбір тарапты жақтамайтын, бейтарап ұстанымдағы әрі қандай да бір үлес қоса алатын, шынайы көзқарастағы менеджермін.

Украина, Ресей және Еуропаның талпыныстары тоғысатын тұстар бойынша келісімге келу керек. Бұл дегеніміз – соғысты тоқтату, тұтқындарды босату, Шығыс Украинаны қалпына келтіруге жәрдемдесу, тілдердің мәртебесін айқындау. Осы мәселелерді президенттер деңгейіне шығарып, еуропалықтармен бірге келісімге келу қажет.

Санкциялардың ықпалына келетін болсақ, олар Қазақстанға тікелей әсер етпейді. Әйтседе, бұл жағдайдың жақсы боп тұрған дәнеңесі де жоқ. Өйткені, Ресей – біздің негізгі серіктесіміз. Енді Кеден одағы мен Бірыңғай экономикалық одақ аясында біз елдеріміздің аумағына не әкелуге болады, нені шектеу керек дегенді бақылап отыруға мәжбүрміз. Себебі, бұл біздің кәсіпорындарымызды тұралатуы мүмкін.

Бәрі өз ретімен келе жатыр. Қазақстан Еуропалық одақ елдерімен және басқа мемлекеттермен сауда жүргізуде. Бізбен әлемдік қаржы институттары ынтымақтастық орнатып отыр. Инвестиция батыстан да, шығыстан да келуде. Сондықтан жұмыс істей береміз. Әрі болып жатқан оқиғаның бәрін жіті бақылаймыз.

 

Руслан Смыков, «Первый канал «Евразия» телеарнасы:

– Сіз әлемдік қаржы дағдарысы әлі еңсерілмегенін бірнеше рет ескерттіңіз. Бүгінде көптеген танымал сарапшылар оның «екінші толқыны» келе жатыр дегенді айтуға бейім. Экономика тұрғысынан біздің бұған жауабымыз бар, оны біз Жолдаудан естідік. Жағымсыз оқиғалар әлеуметтік салаға қалай ықпал етуі мүмкін? Ел тұрғындарына «белбеуді қаттырақ тартуға» тура келмей ме?

– Қазақстандықтардың мұндай алаңдаушылығы бар деп ойлаймын. Алайда бұл жолғы дағдарыстың жөні бөлек. 2007 жылғы дағдарыс қазір тыныш өмір сүріп, жұмыс істеп жатқан АҚШ-та басталды. Қазіргі дағдарыс мұнай мен газ бағасының төмендеуінен, сондай-ақ Ресейге қарсы санкциялардан туындады.

Ауыр дағдарыс ұзаққа созылмайтын болса, экономикадағы турбуленттілік 10-20 жылға дейін созылуы мүмкін. Еске түсірсек, 2007-2009  жылдары дағдарыс болды, ал біз 2010 жылы еңсе көтере бастадық. Бұл жолы дағдарыс құбылыстары 2015-2016 жылдарды қамтуы мүмкін. Бірақ әдетте дағдарыстан кейін экономика өрлеп, соның нәтижесінде мұнай мен газды тұтыну ұлғаяды. Сөйтіп, олардың бағасы да көтеріледі.

Мен мемлекеттің әлеуметтік міндеттемелері қандай жағдайда да қысқартылмайтынын жарияладым. Бұл зейнетақыға, бюджеттік ұйымдар қызметкерлерінің еңбекақысына, өзге де әлеуметтік төлемдерге қатысты. Қазақстан халқына алаңдаудың қажеті жоқ. Бізде мұнай бағасы барреліне 70, 60, 50, 40 доллар болатын жағдайға арналған жоспар бар. Тұрғындарды қолдап, тұрмыстарының нашарлауына жол бермейтін резервтеріміз бар.

Біз қазір әлемде валюталардың жағдайы, экономиканың қарқыны қалай болып жатқанын бақылап, Ресейдегі ахуалды көріп отырмыз. Бүгінгі таңда Қазақстанда қауіпті ештеңе болып жатқан жоқ. Сол себепті алаңдап, алашапқын болу қажет емес. Адамдардың бойына үрей ұялатып, дүрбелең туғызатындарға қарсы тиісті заң қабылдадық. Халықтың банктердегі салымының сақталуы кепілдендірілген. Ол үшін бізде арнайы қор құрылған.

Ал валютаның ауытқуы әрдайым болып тұрады. Бұл – бүкіл әлемдегі қалыпты құбылыс. Доллардың бағасы 50 жыл бұрын да, қазір де барлық елде әркелкі. Біз Қазақстанның жағдайында азық-түлік пен киім-кешек сатып алуды, жол жүруді теңге арқылы жүзеге асырамыз. Біз ішкі тұрақтылықты, барлық әлеуметтік төлемдерді қамтамасыз етеміз.

 

Оксана Петерс, «Астана» телеарнасы:

– Қазақстанда отбасын қолдау саясаты арқылы демографиялық ахуал жақсарып, халқымыздың саны жылдан жылға өсіп келеді. Бұған нақты дәлел, биыл мектепке баратын балалардың саны 70 мыңға артқан екен. Егер осы қарқын сақталар болса, жыл сайын ондаған мектеп салуға тура келеді. Қалай ойлайсыз, отандық экономика мұндай әлеуметтік салмақты көтере ала ма? Бұл жағдай демографиялық ахуалға кері әсерін тигізбей ме?

– 1960 жылдары Таиланд тәуелсіздігін алған кезде халқы 16 миллион болатын. Қазір 65 миллионға жетті. Бар болғаны 40-50 жыл.

Тәуелсіздік алғаннан кейін, 1991 жылдан 1995 жылға дейін Қазақстаннан 3 жарым миллион халық кетіп қалды. Халық саны 14 миллионға дейін азайды. Себебі, мынадай толқымалы кезең болды. Кейбіреулер жағдай қалай болады деп, Ресейге көшті. 600 мың адам, немістер Германияға көшті. Грекияға, Израильге көшті. Қазір халық саны қайтадан орнына келіп, 17 миллионнан астық. Бұл жағдай жасағандығымыздың арқасы. Оның ішінде 1 миллионнан артық қандасымызды сырттан алып келдік.

Сонымен қатар Қазақстанның ішкі ахуалын түзеп, балалардың көбеюіне жағдай жасадық. Жаңағы айтып отырғаның – қуанышты жайт. Мысалы, бір жылдың ішінде 265 мың бала мектептің бірінші класына барды. Бұл бір ғана Орал қаласының тұрғындарына тең. Қазақстан жыл сайын бір қалаға көбейіп отыратын болса, ол үлкен ғанибет!

Әрине, балалар көбейген сайын біз мектеп саламыз. Осы жылдар ішінде біз тарихымызда ешқашан болмаған 700 мектеп салыппыз. Әлі де үш ауысымдық мектептер бар. Ескірген, жөндейтін мектептер бар. Қазақта «Бір қозы туса, бір түп жусан артық өседі» деген сөз бар ғой, Әр баланың өз несібесі болады. Сол несібесіне байланысты Қазақстан өсіп-өркендейді, экономикасы, қаражаты көбейеді. Соған балабақшаны да, мектепті де салатын боламыз.

 

Виталий Попов, «СТВ» телекомпаниясы:

– Индустриялық-инновациялық бағдарламаның бірінші бесжылдығы аяқталды. Сіздіңше, осы бес жыл қаншалық сәтті әрі табысты болды? Ол Сіздің бір кезде ойға алғаныңыздай болып шықты ма?

– Тәуелсіздік алғаннан кейін біз индустрияландыру үдерісін іске асыруға тырысып, осы мәселеге бірнеше рет оралдық. Бірақ іске аспады. Қазіргі бағдарлама 2010 жылы басталды. Индустрияландыру – кез келген ел үшін күрделі мәселе. Кезінде Оңтүстік Корея, Қытай және басқа елдер индустрияландыруды біз секілді бастаған еді. Бұған олардың кейбірі 30-40 жыл жұмсады. Өйткені өнеркәсіпті құру мәселесі уақытты қажет етеді.

Біз старт алдық: Қазақстанда алғашқы лекте 700-дей кәсіпорын мен 70 мыңға жуық жаңа жұмыс орнын құрдық. Сондай-ақ мүлде жаңа 400 өнім түрін шығардық. Атап айтқанда, электровоз және тепловоз шығаратын зауыттар сәтті іске қосылды. Олардағы еңбек өнімділігі бір адамға 100 мың доллардан келеді. Ал елдегі бұл көрсеткіш 20-30 мың доллар. Сонымен қатар, бізде бұрын теміржолға арналған машина жасау саласы болған жоқ. Біз қазір жүк және жолаушы вагондарын, цистерналарды, рельстер мен бағыттауыш бұрмаларды өзіміз құрастырамыз. Осының бәрі тұтас бір кластер.

Біз автомобиль жолдарын көптеп салып жатырмыз, ал бұл іс битумды қажет етеді. Қазір Ақтау битум зауыты Қазақстанның жол жөндеушілерінің қажетін толық өтейді.

Биыл тек Шығыс Қазақстанның өзі 37 мың жеңіл автокөлік шығарады. «Тойота» компаниясы Қостанайда өз автомобильдерінің екінші маркасын шығаруға ниеттеніп отыр.

Индустрияландыру бағдарламасынсыз осының бәрі болмас еді. Енді бірінші бесжылдықты аяқтар кезде инновациялық бағдары бар екінші кезең әзірленді. Біз кәсіпорындарды басқа қағидат бойынша салатын боламыз. Бүгінде әлемнің жүзге жуық ірі компаниясы жобаларымызға қаражат салуға дайын.

Қазір әлемдегі ең басты мәселе – жұмыс орны. Планетада 7 миллиард адам тұрады. Соның үш миллиарды жұмыс істегенді қалайды. Бірақ 1,2 миллиардының ғана ондай мүмкіндігі бар. Қалғандары жақсы жұмыс күтіп отыр. Бұл жағдай әлеуметтік қақтығыстар мен көші-қон ағынын тудырады.

Ірі кәсіпорындар болашақта жұмыс орындарын қысқартатын болады. Роботтарды, инновацияларды, автоматтандыруды, құрастыру желілерін қолдану жұмыс көлемін азайтып, өнімділікті арттырады, шығыстарды кемітіп, еңбектің өзіндік құнын төмендетеді. Сонымен бірге шағын және орта бизнесте жұрттың бәрі үшін жұмыс орындары құрылады.

Индустриялық бағдарламаға балама жоқ. Қызмет көрсету саласы постиндустриялық дәуірдің бір бөлігі саналады. Бірақ оған әлі жету керек, ол үшін алдымен индустриялы ел болып алу керек.

 

Руслан Смыков, «Первый канал «Евразия» телеарнасы:

– Алматы 2020 жылғы қысқы Олимпиада ойындарын өткізу құқығын иеленуден үміткер екі қаланың бірі болып отыр. Ойындар таяған сайын біздің жеңісіміз де жақындай түспек. Бірақ сонымен қатар,  оны өткізудің қисынсыздығы туралы прагматикалық мәселе де өткір әрі қаттырақ айтыла бастады. Президент мырза, қысқы Олимпиада Алматыға не үшін керек және ол бүкіл Қазақстанға болашақта не бере алады?

– Ондай күдік менде де бар. Бір жағынан, осындай ауқымды оқиға арқылы Алматы мен Қазақстанның аты бүкіл әлемге танылғанын қалайсың. Екінші жағынан, жұрт мұндай шығынның қажеті бар ма әлде жоқ па деп ойлайды. Мен бұл туралы көп ойландым. Бірнеше мәселені ескеру керек. Алматыда Олимпиадаға қажетті биік таудағы мұзайдын, шаңғымен секіруге арналған халықаралық кешен, шаңғы-биатлон кешені дайын. 2017 жылғы Универсиадаға арналып, мұз стадионы салынады.

Халықаралық олимпиада комитеті (ХОК) олимпиаданы екі қалада өткізуге болады деген шешім қабылдады. Бұл орайда біз Астананы да қосамыз. Ірі нысандардан Олимпиада қалашығының құрылысын салу ғана қалады. Біз онсыз да Алматыда студенттерге арнап жатақхана салғалы отырмыз. Ең көп қаражатты қажет ететін нысан бобслей трассасы болмақшы. Әрине, қаланың инфрақұрылымын кеңейту, экологияны жақсарту үшін де қаржы жұмсауға тура келеді. Шығын шығады, бірақ біреулер айтып жүргендей, ол соншалық қисапсыз шығын болмайды. Бізге шығындалуға тура келеді, алайда ол 30-50 миллиард долларға жете қоймайды. Бұл ретте ХОК бізге 1 миллиард долларға жуық қаражат беруге уәде етіп отыр. 

Бұдан бөлек, егер біз Алматыны халықаралық қаржы орталығына айналдырамыз десек, қаланың ЕҚЫҰ саммиті мен қысқы Азиаданы өткізген кездегі Астана секілді танымал болғаны керек.

Олимпиада үшін жасағанымыздың бәрі кейіннен елде қалады және пайдаланылатын болады.

 

Оксана Петерс, «Астана» телеарнасы:   

– Қазіргі таңда дүние жүзіндегі бәсекелестік күшейіп келеді. Осы ретте, елімізде қай салаға айрықша сенім артуға болады және бәсекеге төтеп бере алатын артықшылығымыз қандай деп ойлайсыз?

 – Біздің ерекшелігіміз Қазақстанның кен байлығы болып саналады. Ол – Қазақстанның мұнайы-газы, түсті және қара металдары, басқа минералдары. Екіншісі – біздің кең даламыз, астығымыз, малымыз. Қазір біз дүние жүзінде ұн, уран, хром экспорты жөнінен алдыңғы орындардамыз.

Мына индустриялық бағдарламаны, өңдеу өндірісін алға шығарып жатқанымыз неліктен? Сыртқа басқа да тұтынатын тауарлар шығару үшін. Ауыл шаруашылығына келсек, тек бидай мен ұнды ғана сатпай, одан шығатын нанды да, кеспені де жөндеп сатқанымыз дұрыс. Малды, етті жай ғана сатпай, неше түрлі шұжық, ет тағамдарын дайындаған жөн.  Киім тігіп, өндірісте неше түрлі машина, құрылғылар жасауымыз керек.

Біз шығарған автомашиналар әлден-ақ әлемдік нарықтарда сатылып жатыр. Өзге елдерге тепловоздар экспорттаймыз.

Қытай Халық Республикасымен келіссөздерде біз өңдеумен айналысатын 15-20 жаңа зауыт құрылысы туралы уағдаластық. 

Мысалы, ірі мұнай-химия зауытын салу көмірсутектен полимерлік материалдар, дәрі-дәрмекке негіз болатын заттар алу дегенді білдіреді. Металды өңдеу ісі сапалы болат өндірісіне, кабельді өнімдер шығаруға дейін жетілдіріледі. Осының бәрі қосымша құнды арттырады. Өңделген өнімдер елдің табысын ұлғайтады.

 

Нұрсұлтан Құрман, «Хабар» агенттігі:

– Сіздің Қазақ хандығының 550 жылдығын атап өту жөніндегі идеяңыз халықтың көңілінен шықты. Соған орай, дәл осы мерейтойдың бүгінгі мән-маңызына, мемлекетімізбен сабақтастығына тоқталып өтсеңіз.

– Біз аумалы-төкпелі кезеңде тәуелсіздік алып, қиын-қыстау сәттерден, дағдарыстардан өттік. Енді жағдайымыз түзелгеннен кейін тарихымызға, рухани жағымызға көңіл аударуымыз керек деп есептеймін. Сондықтан, хандықтың 550 жылдығы біз үшін өте қажет. Әсіресе жастарға керек.

Біз кеше ғана аспаннан салбырап түскен халық емеспіз. Біздің тарихымыз бар. Ол тарих бүкіл Қазақстанның жерінде сайрап жатыр. Мынау Жайықтың бойында, Ұлытаудың төңірегінде қаншама хандардың жерленген орындары бар. Түркістанда қаншама батыр бабаларымыз бен хандарымыз жатыр. Соның бәрінің тарихын біз дұрыстап оқымадық. Біздің тарихымыз Совет одағының тарихы деп келдік. Енді ес жиып, осыған көңіл бөлетін кез жетті. Соны біз осы хандықтың 550 жылдығынан бастаймыз.

Әркім «Осындай иен дала бізге, қазақтарға қалай қалды?» деп ойлайтын шығар. Ат төбеліндей ғана елміз. Халқымыз көп емес. Сол сұраққа жауап беру үшін осы хандық тарихын еске алу керек.

Ұрпақтарымыз аяғынан нық тұруы үшін біздің артымызда бабалардан қалған ел болғанын, жұрт болғанын, хандық болғанын, олар осы жер үшін күрескенін, қан төккенін білуі керек.

Қазақтың қай түпкіріне барсаң да, тілінде ешқандай диалект жоқ. Әдет-ғұрпымызда айырмашылық жоқ. Қазақстанның барлық тарихы бірігуден, бірге болудан тұрады. Үш жүздің баласы жан-жақтан жиналып, әскер құрып, соғысқа шыққан кезде ешбір жау төтеп берген жоқ. Біз бөлініп-жарылған кезде ғана жау алды.  Осыны еске сақтау керек.

Алланың берген, ата-бабамыздың тілегімен келген Тәуелсіздікті сақтап қалу үшін қазақтың өзінің ішіндегі алауыздықтан құтылу керек. Осы мемлекеттіліктен айрылу өмір-бақи күнә болып саналады. «Төртеу түгел болса, төбедегіні алады, алтау ала болса, ауыздағыдан айырылады» деген қазақтың сөзі бар.

 

Майя Бекбаева, «7 арна»:

- Президент мырза, осы кездесудің алдында мен өтіп бара жатқан жылдың маңызды деген оқиғаларын талдап шықтым. Ондай оқиға аз емес. Бұл – ең алдымен, ЕАЭО-ның құрылуы, сондай-ақ мемлекеттік басқару реформасы, сонымен қатар, Сіз айтқан жолдар мен халықаралық маңызы бар магистральдердің аса ауқымды құрылысы. Осы орайда бізді ел үшін және жеке өзіңіз үшін соның ең маңыздысы қайсысы екені қызықтырады.

– Өте күрделі сұрақ. Жыл аяқталар кезде қорытынды жасай бастайсың. Оқиғалардың көп болғаны сонша, олар өтіп бара жатқан жыл тарихына енгенмен, бәрі бірдей есте сақтала бермейді. Әрине, маңызды белестер болды. Нақ осы Астанада біз Еуразиялық экономикалық одақ құру туралы шартқа қол қойдық. Бұл 20 жыл бұрын ММУ-де айтылған менің идеям еді.

Біреулер бұны тәуелсіздіктен айырылу, Кеңес Одағының қайтадан құрылуы деп жатты. Бәрі бос сөз. Біз одан баяғыда өтіп кеттік. Ол кездерді мүлде білмейтін жаңа буын өсіп-жетілді.

Кеден одағына мүше елдер арасындағы сауда алғашқы жылдары 40 пайызға дейін өссе, енді ол саябырси бастайды, өйткені бұл – бүкіләлемдік үрдіс. Соған қарамастан, бұл тек ақша мөлшеріне қатысты. Ал шын мәнісінде тауар айналымы мен бірлескен кәсіпорындардың құрылуы бәрібір жандана түседі. 

Бірыңғай экономикалық кеңістік үш мемлекет есебінен кеңейе түсті. Шекаралар ашылды, халықтың, көліктің, жүктің еркін барыс-келісі қамтамасыз етілді. Экономикалық өсім қайта қалпына келеді және соның бәрі ортақ игілікке қызмет ететін болады.

Сондай-ақ биылғы жылдың оқиғаларының ішінен  Еуропалық одақпен кеңейтілген серіктестік және ынтымақтастық туралы келісім жобасы жөніндегі келіссөздердің аяқталғанын атап айтқым келеді. Біз онымен 8 жыл бойы ұзақ уақыт жұмыс жүргіздік. Сондықтан бұл – Қазақстан үшін елеулі жеңіс.

Біздің ел сонымен қатар Дүниежүзілік сауда ұйымына кіру жөніндегі келіссөздерді аяқтап қалды. Бұл маңызды оқиға, өйткені біз осыған орай 15 жылдан астам уақыт жұмыс істедік. ДСҰ-ға мүше барлық 160 мемлекетпен келісім жүргіздік. Мен өзім кірісіп,  АҚШ, Ресей, Үндістан, Еуроодақ елдері басшыларымен сөйлестім.

Бұдан бөлек, биылғы жыл «Нұрлы жол» бағдарламасының әзірленуімен есте қалды. Менің ойымша, инфрақұрылым мен тұрғын үй құрылысы Қазақстанның экономикасын дамытады. Сондықтан мен мұны өте маңызды жетістік деп санаймын.        

– Ал Сіздің жеке өзіңіз үшін ең маңыздысы қандай оқиға, өз басыңыз үшін жаңа нәрсе таба алдыңыз ба?

– Биыл жазда мен бір апта демалдым. Сол кезде балалардың сурет салып, оларға бір әйелдің көмектесіп жатқанын көрдім. Қарап отырып, ойладым: неге маған да сурет салып көрмеске? Мен мұнымен баяғыда мектепте шұғылданғам. Кейін Сарыағашта болғанымда сол жердің табиғатын салған едім. Бірақ оған аз уақыт кеткен жоқ. Кенепке сурет салу үш-төрт сағатқа созылды.

– Бұл ойды жинақтауға септігін тигізе ме әлде көңілді жайландырып, жан тыныштығын сыйлай ма?

– Жай ғана көңіліңді аулайды. Миыңды бөгде ойлардан арылту үшін медитация жасау керек дейді ғой. Үлкен теннис ойнағанда, сурет салғанда немесе ән салғанда сондай күйде боламын.

Тағы сондай бір кезді еске түсірсем, биыл мен Ақтөбеге барғанымда да қызықты жайт болды. Өзім аралап көруге кірген ауруханада Шамалған ауылындағы менің көршім – Дуся апай жатыр екен. Қасына отырып, екеуміз өткен-кеткенді еске түсіре бастадық. Мен үшін бұл бір қызық кездесу болды. Өткен кездер, балалық шақ, ата-анам туралы керемет естеліктер ойға оралды.

 

Жайнагүл Төлемісова, «Қазақстан» ұлттық арнасы

– Тәуелсіздік күні қарсаңындағы сөйлеген сөзіңізді, Тәуелсіздік толғамын оқып шығып, мынадай ой түйдік. Достық, елдік, бірлік туралы айтасыз. Бірақ соның ішінде бір ұғымды бөле-жара айтқым келеді. Ол – еңбек. «Тәуелсіздік дегеніміз – жалпыға ортақ еңбек» дейсіз. Тәуелсіздік һәм еңбек, екеуін бір-бірімен қалай ұштастыруға болады?

– Тәуелсіздік алу бар, оны сақтап қалу бар. Тәуелсіздікті алудан тәуелсіздікті сақтап қалу қиын. Тәуелсіздікті сақтап қалатын елдің мықты экономикасы, мықты қорғанысы, сауатты азаматтары болуы керек. Мықты экономика еңбексіз қалай болады? Елдің бәрі еңбектеніп, әрқайсысы өзі үшін, табыс табу үшін, отбасын асырау үшін, демалыс үшін еңбек етеді де, алдымен өзіне, сосын мемлекетке пайдасын тигізеді. Еңбекпен зауыттар, фабрикалар салынады, ғылым дамиды, кітаптар жазылады. Сондықтан тәуелсіздік пен еңбек екеуі сабақтас. Еңбек адамның өзін өсіреді. Еңбек адамның өзіне-өзін сенімді етеді. Еңбек адамға табыс береді, еңбек адамға дәреже береді, еңбек адамға лауазым береді. Арманына жеткізеді. Еңбексіз адам арманына жете алмайды. «Тамағы тоқтық, жұмысы жоқтық Аздырар адам баласын» деген Абайдың сөзі естеріңізде болса, еңбек пенен тәуелсіздік екеуі бірге жүреді. Сондықтан мен жастарға ең маңыздысы осы екенін айтып келемін. Адамның қандай мамандықты таңдағаны маңызды емес, оны кемелдікке жеткізуге, өз ісінің шеберіне, кәсіпқойына айналуға тиіс. Сонда оны жұрт сыйлайтын, бағалайтын болады. Өмірден ол өз орнын табады. 

Білсеңіздер, соңғы уақытта мынадай әсер туындайтын болды: жастарға тезірек баю керек сияқты көрінеді. Бірақ оңай келген табыс адамнан дәл солай оңай кетеді. Осыны ешкім түсінбейді. Ал мамандығыңды, біліміңді ешкім ешқашан алып қоя алмайды.

Сосын бізде жұмысшы адамға қатысты қате түсінік бар. Заңгер, қаржыгерлерді тым көп даярладық, олар жұмыссыз жүр. Ал енді қазір бізге инженерлер, бағдарламашылар жетіспейді. Сонда индустрияландыру аясында құрылған 700 кәсіпорында кім жұмыс істейді?

Біз инженерлер даярлайтын он университетті таңдап алдық. Мысалы,  Тараздағы университет инженер-химиктер даярлауға тиіс, өйткені онда ірі  химия кластері құрылып жатыр. Елдің шығысында инженер-автомобильшілер даярланады, онда автомашиналар шығарылуда. Сол өңірде металлургтерді де даярлаймыз.

Мәселен, электровоз жасайтын кейбір жұмысшылар қазір кез келген  экономистен, қаржыгерден артық табыс табады. Кәсіби тәжірибеге ие білікті жұмысшы кез келген қаржыгерден жақсы өмір сүре алады. Соны жұрт әлі түсінбей жүр.

Дегенмен, қазақстандықтар техникалық білімнің маңыздылығын барған сайын түсініп келеді. Мен Атырауға барғанда «Теңізшевройл» компаниясы мамандар даярлайтын оқу орнын салып жатты. Оған Алматы мен Астананың университеттерінің түлектері оқуға келді. Онда бір жылдың ішінде кен орындары үшін инженерлер даярланып шығады. Бұрынғы заңгерлер, бухгалтерлер қайта даярлықтан өтіп, инженер мамандығын алады.

Мен жастарға ешқашан жұмысшы мамандығынан қашпауға кеңес беремін.

 

Аида Боранбай, «31 арна»:   

– Енді, рұқсат болса, жеке өзіңізге қатысты сұрақтар қойсақ. Сіз махаббат ұғымын қалай түсінесіз?

– Махаббат деген – өте үлкен, ауқымды ұғым. Махаббатсыз өмір сүру, әсіресе, шығарма тудыру деген мүмкін емес нәрсе.

Кейде мен 23 жылда қандай қиын кездерді бастан өткізгенімізді еске аламын. Кеңес Одағы күйреді, дүкен сөрелері босап қалды. Жалақы мен  зейнетақы кешіктіріліп берілді. Үйден машинамен шыққанымда тура асфальт үстінде әжейлер отыратын. Әр жолы көліктен шығып, солармен жарты сағаттай әңгімелесетін едім. Ел ішінде мыңдаған сапар болып, мыңдаған митинг өтіп жатты. Өз Үкіметіміз, өз полициямыз, ішкі әскеріміз, армиямыз, мектептеріміз, Конституциямыз болған жоқ. Соның барлығын өзіміз жасап, өзге елдердің конституцияларын зерттеп, Қазақстанға лайық нұсқаларын таңдау керек болды.  

Одан соң Оңтүстік-Шығыс Азияда дағдарыс болды. Біз қазір мұнайдың бағасы төмендігін айтып жатырмыз, 1998 жылы оның баррелі 10 доллар болатын.

Біз сол қиындықтың бәрін еңсердік, осындай қуатты елді құрдық. Соның барлығы менің жан-жүрегім арқылы өтті. Ең әуелі маған ата-анамнан берілген ішкі қуат, сосын, әрине, елге деген махаббат көмектесті.

 

– Президент мырза, кітапты көп оқу керек деп, оның маңыздылығын айтып өткен едіңіз. Соңғы кездері қандай жазушылардың туындысын оқыдыңыз? Қайсысы Сізге ұнады?

– Біздің бала кезімізде ауыл мектебінде кітап аз болды. Біз кішкентай кітапханадағы барлық кітапты оқып шықтық. Қазір кітап деген көп, қайсысын таңдап оқырыңды білмейсің. Негізінен, мен дүниедегі қазіргі жағдай мен экономика жөніндегі экономика мамандарының кітаптарын жібермей оқимын.

Жак Аттали деген мен танитын француз жазушысының болашақта не болатыны туралы «Болашақтың қысқаша тарихы» деген кітабын оқып шықтым. Өзі экономист, Еуропа қайта құру және даму банкінің бұрынғы президенті. Онда 25, 30, 50 жылдан соң не болатыны туралы жазылған.

Қазіргі уақытта ғылым мен білімнің өркендегені сонша, өмірдің өзі басқаша болады. Сондай жайттарды мен біліп отыруым керек қой. Сондықтан кітапты көп оқимын. Одан кейін басқа елдердің бұрынғы президенттерінің биографиясына көбірек үңілемін. Себебі, соның ішінен бізге керекті нәрселерді алуға болады.

Кейде мен Голльдің, Черчильдің өмірбаяны, Ататүріктің істері, Түркияның құрылған кезеңі, Сингапурда Ли Куан Юдың қалай мемлекет құрғаны жөніндегі кітаптарға қайта оралып отырамын.

Жақында бір кездескен кезде Әбдіжәміл Нұрпейісов айтқан Смағұл Елубаевтың кітабын оқыдым. Оның өзінің «Соңғы парыз» деген кітабы бар, оны да оқып шықтым. Меніңше, өте жақсы роман. Кітап оқу керек, соны әсіресе балалар түсінсе екен деймін.

Мен қазақстандықтарға, әсіресе жастарға тағы та айтамын: кітап оқыңыздар! Бүгінде ұлттың бәсекеге қабілеттілігі оның білім деңгейіне байланысты. Кітап адамды жан-жақты дамытады, ой-өресін кеңейтеді.

 

Ярослав Красиенко, «КТК» телеарнасы:

– Еңбек және оған өзіңді арнау туралы сұраққа оралғым келіп отыр. Мен Сіздің биылғы еңбек күндеріңізді  шолып шықтым. Сөйтіп, Сіз бәлкім тіпті ойланып та көрмеген қызықты статистикаға кезіктім. Сіз биыл әріптестеріңізбен 40-тан астам кездесу өткізіп үлгеріпсіз. Әртүрлі сапарлар, әуе жолымен ұшу сапарлары арқылы Сіз 120 мың шақырым –үш экватордың ұзындығымен бірдей болатын жол жүріп шығыпсыз. Егер әуе жолы арқылы ұшқан уақытыңызды есептесек, Сіз аспанда тура бір апта уақыт өткізіпсіз. Мұндай тығыз кесте бойынша жұмыс істеуге қалай шамаңыз жетеді?

– Президенттің жұмысы өзіңді оған толық арнауды талап етеді. Сондықтан денсаулығында барын салып жұмыс істеуге кедергі болатын кінәраты бар адам қызмет орнын босатуға тиіс. Өйткені бұл – мемлекет үшін зиян. Ең алдымен, өздеріңіз түсініп отырғандай, ата-анаңнан берілген мықты денсаулығың болуы керек. Ата-анам маған текпен берілген мықты денсаулық сыйлады. Мен тауда өстім, бала кезімнен көп жүгіретінмін. Бәлкім, сол мені шынықтырған болар. Уақыт өте келе спортқа құмарттым және өз өмірімді онсыз елестете алмаймын. 

Спорттың түрінен жақсы көретіндерім – тау шаңғысы, үлкен теннис, гольф, атқа міну. Қазір спорттың бұл түрлеріне құмар адамдар барған сайын көбейіп келеді. Оларға өзім үлгі көрсетіп, қызықтыра алғаным үшін қуанамын. Жалпы, жастардың спортқа ұмтылысы болғаны жақсы, бұл әдет адам бойында өмір бойы қалып қояды. Өзіңді әрдайым бабыңда ұстау керек. Мен шаруаға бейім қарапайым отбасынан шығып, кейін металлург болған жігітпін. Мені осы жағдай тәрбиелеп, шынықтырды. 

 

Майя Бекбаева, «7 арна»:

– Жұмыс кестеңіздің тығыздығына қарамастан уақыт тапқаныңыз үшін барша әріптестерімнің атынан Сізге алғыс айтқым келеді. Сізді келе жатқан Жаңа жылмен құттықтаймын. Мықты денсаулық тілеймін. 

– Рахмет Сізге. Жаңа жыл жақындап қалды. Бұл мерекеге байланысты балалар да, ересектер де әрдайым жақсылық, игілік күтетін болғандықтан бәрінің көңіл-күйі жарқын. Егер әр атқан таңмен бірге бүгін бір жақсылық болады деп ойлап оянсаң, міндетті түрде орындалады деп жатады. Барша жұртты Жаңа жылмен құттықтауға менің мүмкіндігім бар, ал сіздердің бәріңізге зор табыс тілеймін!

date22.12.2014readCount5318printБасып шығару