Жаратқаннан жарылқау сұраған халықпыз
Жаратқаннан жарылқау сұраған халықпыз

Ата-бабаның тілеуімен, дұға-тілектерімен келе жатқан ұрпақпыз. Олай дейтін жөніміз де бар.  Баһадүр бабаларымыз елі мен жерінің тұтастығы үшін аянбай тер төкті, болашақ ұрпағына берекелі батасын беріп, өнеге қалдырды. Ал бұл өнеге пайғамбарлардан жалғасып келе жатқан игі дәстүр еді. Ибраһим пайғамбар (а.с.) ұрпақтары үшін құт-береке, тура жол тіледі. Пайғамбар (с.а.с.) әрбір намазынан кейін Жаратқан Иеден үмбеті үшін жарылқау сұрап, тура жол тіледі.

Қазірге дейін үлкен кісілерден «Көсегең көгерсін», «Жасың ұзақ болсын», «Қатарыңның алды бол» деген сияқты игі тілектерді көп естиміз. Санамызда үлкендер солай болу керек деген ұғым қалыптасқан. Дегенмен, дәстүрлі тәрбиеден, рухани қайнарлардан сусындамаған кейбір кейінгі толқын өкілдерінен мұндай тілеуқорлық сипатты байқай алмаймыз.

Шындығында, жастарға әрдайым жақсы тілек тілеп отыру жасамыстарға, ақсақалдарға тән қасиет. Үмбетей жырау Тілеуұлы (1697-1786) айтқандай:

Ер жігітке жарасар,
Қолына алған найзасы.
Би жігітке жарасар,
Халқына тиген пайдасы.
Ақсақалға жарасар,
Тілеуқорлық айласы.

Халық арасында кең тараған осынау ізгі әдеттердің түп-қазығы Пайғамбар (с.а.с.) сүннетінде жатыр.

كَانَ رَسُولُ اللهِ صَلَّى اللهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ يَرُدُّ مَعْرُوفَ الْمُقَابِلِ بِمَعْرُوفٍ أَجْزَلَ وَأَوْفَى، فَلَمَّا وَضَعَ لَهُ ابْنُ عَبّاسٍ رَضِيَ اللهُ عَنْهُما وَضُوءَهُ، قَالَ: «اَللَّهُمَّ فَقِّهْهُ فِي الدِّينِ وَعَلِّمْهُ التَّأْوِيلَ». مُتَّفَقٌ عَلَيْهِ.

Алла Елшісі (с.а.с.) өзіне жасалған жақсылықтың қарымтасын молынан қайтаратын. Абдулла ибн Аббас (р.а.) дәрет алатын суын дайындап бергенде Пайғамбар (с.а.с.): «Уа, Алла! Оның діни түсінігін арттыр, оған тәуил ілімін үйрет гөр!» − деп дұға еткен[1]. Алланы Елшісінен (с.а.с.) алған осы берекелі бата арқылы Абдулла ибн Аббас (р.а.) сахабалардың ішіндегі ең білгірі болды, «Құран түсіндірушісі» атанды.

وَلَمَّا دَعّمَهُ أبُو قَتَادَة فِي مَسِيرِهِ بِاللَّيْلِ لَما مَالَ عَنْ رَاحِلَتِهِ، قَالَ لَهُ النَّبِيُّ صَلَّى اللهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ: «حَفِظَكَ اللّهُ بِمَا حَفِظْتَ بِهِ نَبِيّه». رَوَاهُ مُسْلِمٌ.

Сахаба Әбу Қатада (р.а.) бір жорықта келе жатып көлігінің үстінде қалғып, бір жағына қарай қисайған Пайғамбарды (с.а.с.) үш мәрте демдеп жіберіп, сүйеніш болады. Сонда Пайғамбар (с.а.с.) оянып кетіп: «Пайғамбарын (с.а.с.) қорығаның үшін Алла сені қорысын», – дейді[2].

وَقَالَ النَّبِيُّ صَلَّى اللهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ لِحَسَّانَ بْنِ ثَابِتٍ رَضِيَ اللهُ عَنْهُ حِينَ كَانَ يُدَافِعُ عَنْهُ صَلَّى اللهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ: «اُهْجُهُمْ وَجِبْرِيلُ مَعَكَ». رَوَاهُ الْبُخَارِيُّ.

Пайғамбар (с.а.с.) өзін және мұсылмандарды өлеңмен қорғап, мүшріктерге қарсы шумақтар шығарған ақын сахабасы Хасан ибн Сәбитке (р.а.): «Оларды әжуалап өлең шығар, Жебірейіл періште сенімен бірге!» – деген[3].

Тілеуқорлықтың бір түрі бата беру үрдісі қазақ халқының қанына сіңген ерекше дәстүрлерінің бірі. Әрбір айтулы шараның алдында үлкеннің батасын алу міндетті саналады. Батаны, негізінен, үлкен кісілер, көпті көрген қариялар береді. Жастарға игі тілектерін жаудырып, Жаратқаннан алдағы істің сәтті болуын тілейді. Ондай кісілер аузы дуалы, дұғасы қабыл алынатын адамдар деп құрметтеледі. Бата алушы «әумин» деп, айтылған бата-тілектің қабыл болуына сенеді. Елге аты мәлім кісілерден, құрметті қонақтардан бата алып қалуға тырысу ел арасында кең тараған игі дәстүр.

«Бата» деген сөздің өзі «Фатиха» сөзінен шыққан. Фатиха ­– Құран Кәрімдегі ең бірінші сүренің аты. «Фатиха» сөзі «ашушы, беташар» деген мағынаны білдіреді. Яғни, аталмыш сүре – Құдай Тағаланың Кітабының алғашқы сүресі болғандықтан солай аталған.

Батаның Фатихадан өрбитіндігіне бұл сөздің қазақ тіліндегі нұсқалары дәлел. Қазақта «бата оқыр» деп бір елге не қабірге барып, марқұмға Құран оқып қайтуды айтқан. Демек, бата сөзінің түп-төркіні ­– «Фатиха». Соған қарағанда ертеректе дінімізден ажырамай, мұсылмандығымызға мығым кезімізде ізгі адамдар елге айтатын бата-тілегін Фатиха сүресінен бастаған болса керек.

Бата, тілек, өсиет айту – мұсылмандық болмыстың бір сынығы десе болғандай. Қазақ халқындағы сан ғасырлардан бері қалыптасып кеткен бата сұрау, бата беру үрдісінің түп-төркінін асыл дініміз – Исламнан іздегеніміз жөн. Мысалы, Пайғамбарымыздың (с.а.с.) сахабалары оған барып, өздері үшін Алла Тағаладан дұға тілеуін сұрайтын. Өйткені Пайғамбар (с.а.с.) дұғасы әрқашан да қабыл. Бірде қатты қуаңшылық болып, адамдар Пайғамбардан (с.а.с.) Алладан жауын сұрауын өтінеді. Ол (с.а.с.) дұға еткен сәтте-ақ көктен көптен бері жаумаған нөсер жауын құйып кетеді. Сол секілді ізгі пенделердің, ұстаздардың, ата-аналардың дұғалары қабыл етіледі. Олардан барып, бата-дұға сұрауға болады.

حديث أَنَسٍ عَنْ أُمِّ سُلَيْمٍ قَالَتْ: يَا رَسُولَ اللهِ أَنَسٌ خَادِمُكَ، ادْعُ اللهَ لَهُ قَالَ: «اَللَّهُمَّ أَكْثِرْ مَالَهُ وَوَلَدَهُ وَبَارِكْ لَهُ فِيمَا أَعْطَيْتَهُ». مُتَّفَقٌ عَلَيْهِ.

Әнес сахабаның (р.а.) анасы Умму Суләйм (р.а.) Пайғамбарға (с.а.с.) келіп: «Уа, Расулалла! Мынау – Әнес, сіздің қызметшіңіз. Ол үшін Алладан дұға тілеңізші» – деп өтінеді. Сонда Алланың Елшісі (с.а.с): «Уа, Алла! Оның малы мен жанын көбейте гөр! Оған бергеніңнің құт-берекесін бере гөр», – деп тілек тілейді[4]. Кейінірек Әнес сахаба (р.а.) расымен де дәулетті болып, немере-шөбере, шөпшектерінің қызығын көріп, ұзақ өмір сүрген.

عَنْ عُمَرَ بْنِ الْخَطَّابِ رَضِيَ اللهُ عَنْهُ قَالَ: سَمِعْتُ رَسُولَ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ يَقُولُ: «يَأْتِي عَلَيْكُمْ أُوَيْسُ بْنُ عَامِرٍ مَعَ أَمْدَادِ أَهْلِ الْيَمَنِ، مِنْ مُرَادٍ ثُمَّ مِنْ قَرَنٍ، كَانَ بِهِ بَرَصٌ فَبَرَأَ مِنْهُ إِلاَّ مَوْضِعَ دِرْهَمٍ، لَهُ وَالِدَةٌ هُوَ بِهَا بَرٌّ، لَوْ أَقْسَمَ عَلَى اللَّهِ لأَبَرَّهُ، فَإِنِ اسْتَطَعْتَ أَنْ يَسْتَغْفِرَ لَكَ فَافْعَلْ». رَوَاهُ مُسْلِمٌ.

Омар ибн Хаттаб (р.а.) былай дейді: «Мен Алла Елшісінің (с.а.с.) былай дегенін естідім: «Сендерге Йеменнен келетін көмекші әскерлермен бірге Қаран тайпасының Мурад аталығынан Уәйіс ибн Амир деген адам келеді. Оның алапес ауруы бар болған, кейін денесінің дирхем ділдәсы мөлшеріндей бөлігінен өзге жері түгел жазылған. Оның қатты құрмет тұтатын анасы бар. Ол Аллаға ант ішсе, Алла оның дұғасын қабыл етеді. Егер одан өзің үшін Алладан жарылқау тілеуін сұрағың келсе сұрап қал»[5].

Айтылған кісі Пайғамбар (с.а.с.) өмірден озған соң Омардың (р.а.) халифалығының тұсында келеді. Мұсылмандардың халифасы одан өзі үшін, мұсылмандар үшін дұға етуін өтінеді.

Басқа бір хадисте мұсылман адамның басқа мұсылман үшін еткен тілегінің қабыл болатындығын, періштелердің «саған да сондай жақсылық болғай» деп «әмин» айтып тұратындығы туралы айтылады.

عَن أَبي الدَّردَاءِ رَضِي اللَّه عنْهُ أَنَّ رسُولَ اللَّهِ صَلَّى اللهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ كَانَ يَقُولُ: «دَعْوَةُ الْمَرْءِ الْمُسْلِمِ لأَِخِيهِ بِظَهْرِ الغَيْبِ مُسْتَجَابةٌ، عِنْد رَأْسِهِ مَلَكٌ مُوَكَّلٌ كُلَّمَا دَعَا لأَِخِيهِ بِخَيْرٍ قَالَ الْمَلَكُ الْمُوَكَّلُ بِهِ: آمِينَ، وَلَكَ بِمِثْلٍ». رَوَاهُ مُسْلِمٌ.

Әбу Дардадан (р.а.) жеткен риуаятта Алланың Елшісі (с.а.с.) былай деген: «Мұсылман адамның бауырына сырттай жасаған дұға-тілегі қабыл болады. Оның басында арнайы белгіленген періште тұрады. Кісі бауырына қайырлық тілеген кезде белгіленген періште: «Әмин! Саған да сондай қайырлық болсын», − деп тілейді»[6].



[1] Бұхари мен Мүслім риуаят еткен
[2] Мүслім риуаят еткен
[3] Бұхари риуаят еткен
[4] Бұхари мен Мүслім риуаят еткен
[5] Мүслім риуаят еткен
[6] Мүслім риуаят еткен

date31.10.2014readCount4619printБасып шығару