Көрші ақысы – Тәңір ақысы
Көрші ақысы – Тәңір ақысы

Қазақ халқы көрші ақысын жете түсінген. «Көрші ақысы – Тәңір ақысы» деп қоңсылықты ерекше қадірлеген. Жан-жағында тіршілік етіп жатқан жандармен әрдайым тату тұрған. Сондықтан да бауырды да, басқаны да жанына жақын тартып, көмек берген.

Ел аузында «Алыстағы туысыңнан қасыңдағы көршің артық» деген нақыл сақталған. Расымен де, басқа іс түскенде жырақтағы ағайыннан гөрі жәрдем беруге жүгіретін де, қайғымен, қуанышпен алдымен бөлісетін де жанашыр көрші. Сондықтан да оның орны ерекше. Халқымыз «Көршіні ешкім таңдамайды, Құдай қосады» деп, қоңсыны Жаратушының Өзі белгілейтіндігіне сенген. Сондықтан да жақын көршіні «Құдайы көрші» деп атаған. Мұның мағынасы «Құдайдың Өзі қосқан, үйімізді, малымызды, жанымызды жапсарлас әрі жақын еткен» дегенге саяды. Тәңірді Өзі таңдап қоңсы қылған соң ол жақсы болсын, жаман болсын, тату-тәтті тұрып, көршілік ақысын лайықты түрде өтеу керек деген наным қалыптасқан. Бұл нанымның негізі мұсылманшылықта жатыр. Өйткені көршімен жақсы мәміледе болу – шынайы мұсылмандық қасиет. Бұл жайында қасиетті аяттар мен хадистерде көп айтылады.

قَالَ اللهُ تَعَالَى: ﴿وَاعْبُدُوا اللهَ وَلا تُشْرِكُوا بِهِ شَيْئاً وَبِالْوَالِدَيْنِ إِحْسَاناً وَبِذِي الْقُرْبَى وَالْيَتَامَى وَالْمَسَاكِينِ وَالْجَارِ ذِي الْقُرْبَى وَالْجَارِ الْجُنُبِ﴾

Алла Тағала былай дейді: «Аллаға ғана құлшылық етіңдер. Оған еш нәрсені серік қоспаңдар. Әрі ата-анаға, жақын туыстарға, жетімдерге, міскіндерге, туыс көршіге және бөгде көршіге жақсылық жасаңдар».[1]

Міне, осы аятта айтылғандай әлемдерді Жаратушы Хақ Тағала Өзінің құлдарын басқалармен бірге көршілерге де жақсылық жасауға бұйырады. Осылайша көршінің ақысы, көршіге қайырлық жасау асыл дінімізде Құран аяттары мен хадис шәрифтермен нақты бекітілген бұлжымас қағида.

Шариғатымызда көршілердің бірнеше түрлері айтылып өткен. Мысалы:

1. Туысқан әрі мұсылман көрші.
2. Туыс бірақ мұсылман емес көрші.
3. Туыс емес, бөгде мұсылман көрші.
4. Мұсылман емес көрші.

Туысқан болып келетін көршінің үш ақысы бар: туыстық ақысы, мұсылмандық ақысы және көрші ақысы.

Туыс болғанымен мұсылман болмаған көршінің екі ақысы бар: туыстық және көршілік ақысы.

Туыс емес бөгде мұсылман көршінің екі ақысы бар: мұсылман бауырлық ақысы және көрші ақысы.

Ал, мұсылман емес көршінің бір ақысы, яғни тек көршілік ақысы ғана бар.

Осылайша Ислам шариғаты мен әдебі барша мұсылмандарды көршілерімен жақсы болуға шақырады. Ол көрші мейлі мұсылман, мейлі кәпір болсын бәрібір. Яғни көршіге қандай жағдайда да ізгі ниетте болып, егер көмек керек болса, көмек беріп, қиыншылыққа тап болса, жәрдемдесіп тұру қажет. Тым болмағанда көршіні көргенде сәлем беріп, оқта-текте үйлеріне бас сұғып, хал-жағдайларын сұрап тұру керек. Өйткені Алланың Елшісі (с.а.с.) өзінің бір хадисінде көршінің туыстай болатындығын айтқан.

عَنِ ابْنِ عُمَرَ رَضِيَ اللهُ عَنْهُمَا قَالَ: قَالَ رَسُولُ اللَّهِ صَلَّى اللهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ: «مَا زَالَ جِبْرِيلُ يُوصِينِى بِالْجَارِ حَتَّى ظَنَنْتُ أَنَّهُ سَيُوَرِّثُهُ». رَوَاهُ الْبُخَارِيُّ وَمُسْلِمٌ.

Ибн Омардан (р.а.) жеткен риуаятта Алла Елшісі (с.а.с.): «Маған Жебірейіл періштенің көрші ақысы туралы көп өсиет айтқандығы соншалықты мен көршім мұрагеріме айналатын шығар деп ойладым», − деген[2].

Халқымызда көрші ақысы туралы нағыз мұсылмандық ұстаным қалыптасқан. «Қиямет күні алдымен көрші ақысы сұралады екен» деген ұғым да бар. Бұл ұғымның мұсылманшылықта негізі бар.

عَنْ عُقْبَةَ بْنِ عَامِرٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: قَالَ رَسُولُ اللَّهِ صَلَّى اللهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ: «أَوَّلُ خَصْمَيْنِ يَوْمَ الْقِيَامَةِ جَارَانِ». رَوَاهُ أَحْمَدُ.

Ұқба ибн Амирден (р.а.) жеткен риуаятта Алла Елшісі (с.а.с.): «Қиямет күні ең бірінші дауласатындар – көршілер», − деген[3].

Көрші адам мұсылман не кәпір, тақуа не пасық, дос не дұшпан, жергілікті не шетелдік, пайдалы не пайдасыз болуы ықтимал. Қалай болғанда да олардың ішіндегі қайыр жасауға ең лайықтысы ең жақын тұратын көрші.

عَنْ عَائِشَةَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهَا قالت: قُلْتُ يَا رَسُولَ اللَّهِ إِنَّ لِي جَارَيْنِ فَإِلَى أَيِّهِمَا أُهْدِي؟ قَالَ رَسُولُ اللَّهِ صَلَّى اللهُ عَلَيْهِ وَسَلَّم: «إِلَى أَقْرَبِهِمَا مِنْكِ بَابًا». رَوَاهُ الْبُخَارِيُّ.

Бірде Айша (р.а.) Алла Елшісінен (с.а.с.): «Уа, Расулалла! Менің екі көршім бар, сыйды соның қайсысына берейін?» – деп сұрағанда, Алла Елшісі (с.а.с.): «Есігі ең жақын орналасқанына», – деп жауап берген[4].

Жақсылық жасауға ең жақын көршінің лайықты болуының себебі әдетте ол жапсарлас көршісінің үйінде не болып жатқанынан хабардар болады. Үйге кім кіріп, кім шығып жатқандығын көреді. Және қандай да бір қиыншылыққа тап болғанда қасынан табылатын жақын адам. Сондықтан да ол жақсылық жасауға бірден-бір лайықты көрші. Көрші ауырып қалғанда зиярат етіп, хал-жағдайын сұрап, ол жоқта бала-шағасы мен мал-мүлкіне бас-көз болып, қарайласу керек. Көршінің қуанышында да, қайғысына да ортақ болу керек.

Құрылыс салғанда көршісімен ақылдасып салу, оған зиян тигізбеуге тырысу да көрші ақысына жатады. Ал құрылыс салып жатқан көршіге көмектесу керек.

عَنْ أَبِي هُرَيْرَةَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: قَالَ رَسُولُ اللَّهِ صَلَّى اللهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ: «لاَ يَمْنَعُ جَارٌ جَارَهَ أَنْ يَغْرِزَ خَشَبَهُ فِي جِدَارِهِ». مُتَّفَقٌ عَلَيهِ.

Пайғамбарымыз (с.а.с.) бір хадисінде: «Сендердің біреулерің өзінің жапсарлас қабырғасына көршісінің арқалық бөренесін қоюына тыйым салмасын», – деген[5]. Яғни егер бір зиян келмейтін болса, көршінің құрылысы үшін өзінің үйінің, не сарайының қабырғасын немесе дуалын тірек етуге рұқсат беруі тиіс екен.

Қазақ халқы: «Жаман атқа жал бітсе, жанына торсық байлатпас, жаман кісіге мал бітсе, жанына қоңсы қондырмас», − деп көрші ақысын белден басатындарды қатты сынаған. Оның адамгершілікке де, мұсылманшылыққа да сыймайтындығын ескерткен. Мұның өзі мұсылманшылық қағидаларынан алынған. Ислам дінінде көршіге қандай да бір зарар, жамандық жасауға қатаң түрде тыйым салынған.

عَنْ أَبِي هُرَيْرَةَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: قَالَ رَسُولُ اللَّهِ صَلَّى اللهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ: «مَنْ كَانَ يُؤْمِنُ بِاللَّهِ وَالْيَوْمِ الآخِرِ: فَلا يُؤْذِ جَارَهُ». مُتَّفَقٌ عَلَيهِ.

Әбу Һурайрадан (р.а.) Алланың Елшісі (с.а.с.) былай деп ескерткен: «Кімде-кім Аллаға және ақырет күніне сенген болса көршісін еш зарар бермесін».[6]

عَنْ أَبِي شريح رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ أن النبي صَلَّى اللهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ قَالَ: «وَالله لا يُؤْمِنُ، وَالله لا يُؤْمِنُ، وَالله لا يُؤْمِنُ» قِيلَ وَمَنْ يَا رَسُولَ ؟ قَالَ: «الَّذِي لا يَأْمَنُ جَارُهُ بَوَائِقَهُ». رَوَاهُ الْبُخَارِيُّ.

Әбу Шурейхтен (р.а.) жеткен риуаятта Пайғамбар (с.а.с.): «Уаллаһи, ол иман келтірмеді! Уаллаһи, ол иман келтірмеді! Уаллаһи, ол иман келтірмеді!» – деп үш рет айтады. Сонда сахабалар: «Уа, Расулалла! Ол кім?» – деп сұрағанда, Алла Елшісі (с.а.с.): «Зиянынан көршісін аман қалдырмаған жан», – деген[7]. Яғни, көршісін өзінің жамандықтарынан, зиянды істерінен сақтай алмаған жан толық иман келтірген болып есептелмейді. Ондай жанның жасаған ғибадаттары мен жақсылықтарының да сауабы аз. Пайғамбарымыз (с.а.с.) басқа бір хадисінде күндіз ораза тұтып, түнде намаз оқып, тақуалықпен тіршілік етіп, бірақ көршісіне зарар беретін әйелдің тозаққа кіретіндігі туралы ескертіп өткен.

Екінші жағынан көрші қандай жаман адам болса да, қандай зарар зиян беріп жатса да оған сабырлық еткен дұрыс. Ондай көршіні тура жолға үгіттеп, жақсылыққа үндеу керек.

عَنْ أَنَسٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: قَالَ رَسُولُ اللَّهِ صَلَّى اللهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ: «مَا آمَنَ بِي مَنْ بَاتَ شَبْعَانَ وَجَارُهُ جَائِعٌ إِلَى جَنْبِهِ، وَهُوَ يَعْلَمُ بِهِ». رَوَاهُ الْبَزَّارُ.

Әнес ибн Мәлік (р.а.) жеткізген риуаятта Алла Елшісі (с.а.с.): «Жанындағы көршісінің аш жатқандығын біле тұра өзі тоқ болып жатқан адам маған нақ иман келтірген емес», – дейді[8].

Пайғамбар (с.а.с.) басқа хадисінде, тіпті, үйді, қораны сатарда әуелі қабырғалас көршісімен ақылдасуға бұйырады. Көрші ақысы туралы Алла Елшісі (с.а.с.) өзі үлкен өнеге көрсеткен. Өзіне жәбір беріп, жолына нәжіс заттарды төсеп қоятын иман келтірмеген көршісі  ауырып қалғанда оның хал-жағдайын сұрап барады. Сондай керемет жақсы қарым-қатынасы арқылы сол көршісінің иман келтіруіне себепкер болады.


[1] Ниса сүресі, 36-аят.
[2] Бұхари мен Мүслім риуаят еткен.
[3] Ахмет риуаят еткен.\
[4] Бұхари риуаят еткен.
[5] Бұхари мен Мүслім риуаят еткен.
[6] Бұхари мен Мүслім риуаят еткен.
[7] Бұхари риуаят еткен.
[8]  Әл-Баззар риуаяты.

date03.09.2014readCount9017printБасып шығару