«Алғыс алған арымас...»
«Алғыс алған арымас...»

Қазақ халқы қайырымдылықтың қадіріне жете білген халық. Жақсылық жасаған жанға лайықты алғысын айта білген жұрт. Алғыс айтудың бірнеше формалары бар. Қазірде кең тарағаны «рахмет» деп айту. Бұл сөздің түп-төркіні «сізге Алланың рахымы жаусын!» деген тіркес. Уақыт өте келе қысқаша нұсқасы қалыптасқан. Ұлтымыздың бұрынғы мұраларына зер салсақ, көпшілік арасында қайыр қылған жанға «Құдай жарылқасын», «Алла алдыңнан жарылқасын», «Жолыңды ашсын», «Жағың қисамай жамандық көрме» деген сияқты игі тілектерді жаудыратынын көреміз. Сондай-ақ, алғыс алған адамның жаман болмайтындығын білдіретін мынадай мақал-мәтелдер де бар. «Алғыс алған арымас, қарғыс алған жарымас». «Алғыс алған жігіттің аты бәйгеден келеді». «Баталы құл арымас, батасыз құл жарымас». «Баталы құлға бақ қонар».

Зер салып қарасақ, осынау салихалы сипаттың негізі асыл дінімізде жатқандығын аңғарамыз. Хадистерде бір-біріне алғыс білдіру шынайы  мұсылман белгісі екендігі баяндалады.

عَنْ أَبِي هُرَيْرَةَ رَضِيَ اللهُ عَنْهُ عَنِ النَّبِيِّ صَلَّى اللهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ قَالَ: «لَا يَشْكُرُ اللََّهَ مَنْ لَا يَشْكُرُ النَّاسَ». رَوَاهُ أَحْمَدُ، وَأَبُو دَاوُد، وَالتِّرْمِذِيُّ. 

Әбу Һурайрадан (р.а.) жеткен риуаятта Пайғамбар (с.а.с.): «Адамдарға алғыс білдірмейтін адам Аллаға шүкір етіп жарытпайды», – деген[1].

Алғыс айтудың түрлі формалары бар. Қазақта «Құдайдан қайтсын», «Құдай жарылқасын» деген сияқты алғыс түрлері бар. Пайғамбар (с.а.с.) үмбетіне алғысты солай айтуға бұйырған.

عَنْ أُسَامَةَ بْنِ زَيْدٍ رَضِيَ اللهُ عَنْهُمَا قَالَ: قَالَ رَسُولُ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ: «مَنْ صُنِعَ إِلَيْهِ مَعْرُوفٌ فَقَالَ لِفَاعِلِهِ: جَزَاكَ اللَّهُ خَيْرًا فَقَدْ أَبْلَغَ فِي الثَّنَاءِ». رَوَاهُ التِّرْمِذِيُّ وَالنَّسَائِيُّ.

Усәма ибн Зейдтен (р.а.) жеткен риуаятта Алла Елшісі (с.а.с.): «Кімге бір жақсылық жасалып, жақсылық жасаған жанға: «Алла қайырлы сауап берсін!» деп айтса, алғыс, мақтауын жеткізген болып саналады», − деген[2].


[1] Ахмет, Әбу Дәуіт, Термези риуаят еткен
[2] Термези, Нәсәи риуаят еткен

date22.08.2014readCount6793printБасып шығару