Ырыс алды – ынтымақ
Ырыс алды – ынтымақ

«Ырыс алды – ынтымақ» деген қағиданы басты назарда ұстаған қазақ халқы ел арасындағы ынтымақ-бірлікті, татулықты ерекше бағалаған. «Ынтымақты ел озады, ынтымақсыз ел тозады» деп, әлеумет арасында бірліктің сақталуына басымдық берген. Сондықтан қоғамдағы ынтымақты күшейтетін іс-шараларға қатты көңіл бөлген. Бір-бірінің жетпей жатқан жерлерін жалғап, қолынан келгенше жәрдем көрсетуге тырысқан. Сөйтіп, ұлы Абайдың «Біріңді қазақ бірің дос, көрмесең істің бәрі бос» деген ұлағатын іс жүзіне асырған. Қазақ қоғамындағы ынтымақтың көрінісін біз жәрдем шараларында көреміз. Енді соларға тоқталып өтейік. Олардың кейбірі қазіргі күнге дейін сақталған.

Мысалы, бұрынғы қазақ даласында жұртшылық деген әдет-ғұрып кеңінен тараған. Онда қарызға, шығынға батқан, одан шығатын жағдайы болмаған жақын-жұрағатқа ағайындары, ауылдастары көмектесетін. Бұл жәрдем ағайындардың мәслихат-кеңесінен кейін жасалады. Жұртшылық салты Алаш жұртының ауызбірлігінің, бір-біріне жанашырлығының айқын дәлелі.

Дәстүрлі әдет-ғұрыптардың бірі – асар. Бір адамның не отбасының әлі келмейтін күрделі істі бүкіл жұртшылық бірлесе жұмылып, бір-екі күнде бітіріп береді. Оған ешқандай ақы сұрамайды, міндет етпейді. Асарға шақырылғандар Алла жолында жәрдемдесу үшін өз еріктерімен келеді. Мысалы, баспана салу, шөп ору, пісіп тұрған егінді дер кезінде жинап алу, құдық қазу сынды жұмыстарда көпшіліктің күші қажет болады. Сондай жағдайға тап болған кісілер ағайын-тума, көрші-көлемді жинап асар жасайды. Кей кездерде асарды үйінде ауыр жұмыс істей алмайтын ересек адамдары жоқ отбасылар үшін жанашыр жандар өздері ұйымдастырып, істерін атқарып береді. Сондай-ақ, көпшілікке қажетті нысандар да кей кездері асардың күшімен аяқталған. Кезінде осындай сауабы көп салауатты салттың арқасында талай мешіт-медреселер бой көтерген.

Қазақ халқында сақталған игі дәстүрлердің бірі – жылу жинау. Ағайынның не ауылдастың немесе кез келген адамның басына күн туғанда оған жанашырлық танытып, қаржы, көмек жинап береді. Мысалы, су тасқыны, зілзала, өрт сияқты табиғи апаттарда, не бір адам ауыр науқастан емделуге қаржы таппағанда және тағы басқа да жалғыз өзі шеше алмайтын қиындықтарға тап болғанда қоғам болып бірге көтерісіп, жәрдем берген. Зардап шеккен отбасыларға қолдан келгенше көмек көрсетіп, мал жинап беріп, ыдыс-аяқ, киім-кешек, көрпе-төсек апарып, қол ұшын созған.

Зұлмат жылдарында Қазақстанға жер аударылған мұсылман һәм мұсылман емес өзге халық өкілдерінің көпшілігі осындай көмектің себебінен аман-сау қалды. Диаспоралардың жасы үлкендері «аштықта жеген құйқаның дәмі ауыздан кетпес» деп қазақ халқының сондай қайырымдылығын әлі күнге дейін ұмытпай, еске алып отырады.

Қоғамдағы ынтымақ-бірлікті бас пайдадан биік қойған қазақ халқында мынадай мақал-мәтелдер бар. «Байлық байлық емес, бірлік байлық». «Ынтымақсыз елді ұрысы билейді, ынтымақты елді дұрысы билейді».

Алтау ала болса,
Ауыздағы кетеді.
Төртеу түгел болса,
Төбедегі келеді.

Қазақ қазақ болғалы ел сыйлаған игі жақсылары мен ақылман абыздары әлеуметті мұсылманшылық қағидаларын бұлжытпай орындауға шақырып отырған. Сонау ХV ғасырдағы дала данасы Асан Қайғы Сәбитұлы ынтымақ-татулықтың жайын былай деп толғайды:

Еділ бол да, Жайық бол,
Ешкімменен ұрыспа.
Жолдасыңа жау тисе,
Жаныңды аяп тұрыспа.
Ердің құны болса да,
Алдыңа келіп қалған соң,
Қол қусырып барған соң,
Аса кеш те қоя бер,
Бұрынғыны қуыспа.
Ақың болса біреуде,
Айыбын тап та ала бер,
Ерегесіп ұрыспа.
Сенікі жөн болса да,
Атың шықпас дұрысқа.
Мінезі жаман адамға
Енді қайтып жуыспа.
Тәуір көрер кісіңмен
Жалған айтып суыспа.
Өлетұғын тай үшін,
Көшетұғын сай үшін,
Желке терің құрысып,
Әркімменен ұрыспа.
Ашу - дұспан, артынан
Түсіп кетсең қайтесің,
Түбі терең қуысқа!

Атақты Бұхар жырау мұсылманшылықты ту етіп, бір-бірімен кеңесіп іс қылуға шақырады:

Мұсылманның баласы,
Сірә, бір кеңес құрыңыз,
Бір ауызды болыңыз,
Қалған елді тастаңыз.

Сыр бойында туылған атақты шайыр Тұрмағамбет Ізтілеуов (1882-1939) бірліктің берекеге бастайтындығын былайша баяндаған:

Тұлпардың тұқымының туымы бар,
Белгілі ат болуы тайдан-дағы.
Алда - аға, артта - іні жетіп тұрса,
Жігітке ол бір құрал, сайман-дағы.
Деген бар: «төртеу түгел - төрге шығар!»
Төрің сол - бақыт құстың айналғаны.
Алтау боп - аузың ала бола қалса,
Дұшпанға құл боп анық байланбағы.

Ғасырлардан жалғасып келе жатқан осы игі дәстүрлердің негізі Ислам дінінде жатыр. Асыл дініміз ынтымақ-бірлікті имани қоғам құруға шақырады. Адамдарды бір-біріне жәрдемдесуге үндейді.

قال الله تعالى: ﴿ وَاعْتَصِمُوا بِحَبْلِ اللَّهِ جَمِيعًا وَلا تَفَرَّقُوا﴾

Алла Тағала былай дейді: «Алланың жібінен (дінінен) бекем ұстаныңдар да, бөлінбеңдер!»[1]

قال الله تعالى: ﴿وَتَعَاوَنُوا عَلَى الْبِرِّ وَالتَّقْوَى وَلا تَعَاوَنُوا عَلَى الإثْمِ وَالْعُدْوَانِ﴾

Алла Тағала былай дейді: «...Әрі ізгілік пен тақуалық жолында ынтымақтасыңдар, күнә мен дұшпандық жолында сыбайласпаңдар!»[2]

عَنْ أَبِي مُوسَى رَضِيَ اللهُ عَنْهُ عَنِ النَّبِيِّ صَلَّى اللهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ قَالَ: «إِنَّ الْمُؤْمِنَ لِلْمُؤْمِنِ كَالْبُنْيَانِ يَشُدُّ بَعْضُهُ بَعْضًا»، وَشَبَكَ أَصَابِعَهُ. رَوَاهُ الْبُخَارِيُّ.

Әбу Мұсадан (р.а.) жеткен риуаятта Пайғамбар (с.а.с.): «Расында, мүмін мүмін үшін (біртұтас) құрылыс сияқты, бірін-бірі бекітіп тұрады», – деп, саусақтарын айқастырған[3].

قَالَ رَسُولُ اللهِ صَلَّى اللهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ: «أَحَبُّ النَّاسِ إِلَى اللهِ أَنْفَعُهُمْ، وَأَحَبُّ الأَعْمَالِ إِلَى اللهِ عَزَّ وَجَلَّ سُرُورٌ تُدْخِلُهُ عَلَى مُسْلِمٍ، أَوْ تَكْشِفُ عَنْهُ كُرْبةً، أَوْ تَقْضِي عَنْهُ دَيْناً، أَوْ تَطْرُدُ عَنْهُ جُوعاً وَلِأَنْ أَمْشِيَ مَعَ أَخِي الْمُسْلِمِ فِي حَاجَةٍ أَحَبُّ إِلَيَّ مِنْ أَنْ أَعْتَكِفَ فِي الْمَسْجِدِ شَهْراً، وَمَنْ كَفَّ غَضَبَهُ، سَتَرَ اللهُ عَوْرَتُهُ، وَمَنْ مَشَي مَعَ أَخِيهِ الْمُسْلِمِ فِي حَاجَتِهِ حَتَّى يُثْبِتَهَا لَهُ، أَثْبَتَ اللهُ تَعَالَى قَدَمَهُ يَوْمَ تَزِلُّ الأَقْدَامُ، وَإِنَّ سُوءَ الْخُلُقِ لَيُفْسِدُ الْعَمَلَ، كَمَا يُفْسِدُ الْخِلُّ الْعَسَلَ». رَوَاهُ الطَّبَرَانِيُّ وَابْنُ أَبِي الدُّنْيَا.

Алланың Елшісі (с.а.с.) былай дейді: «Алла үшін адамдардың ең сүйіктісі адамдарға пайдалы болғаны. Даңқты һәм Ұлы Алла үшін іс-амалдардың ең сүйіктісі бір мұсылманды қуанышқа бөлеуің, не оның бір қайғы-мұңын сейілтуің, не оның бір қарызын өтеп беруің, не оның бір аштығын кетіріп, тамақтандыруың. Мен үшін бір мұсылман бауырымның қажетімен жүруім мешітте бір ай бойы иғтикафта (құлшылықта) болғаннан артық. Кімде-кім ашу-ызасын басса, Алла оның кемшілігін жасырады. Кімде-кім мұсылман бауырының қажетінде қашан оны өтегенше жүрсе, Алла Тағала қадамдар таятын күні оның қадамын нықтайды. Расында жаман мінез жасалған қайыр амалдарды сірке суының балды бұзғанындай бұзады»[4].



[1] Әли Имран сүресі, 103-аят.
[2] Мәида сүресі, 2-аят.
[3] Бұхари риуаят еткен.
[4] Табарани, Ибн Әбу Дүния риуаят еткен.

date13.08.2014readCount27262printБасып шығару