old.muslim.kz
Мұсылман және уақыт
Дінмұхаммед Сманов
Үйімде зағип бар
Халиме Карабулут
Барша адамзат баласы үшін ата-ананың орны ерекше. Әрбір жан өзінің өмірге келуіне себепші болған қымбат жандарды барынша құрметтеп, қадірлейді. Қазақ халқында да ата-ананың мәртебесі айрықша. «Алланың разылығы – ата-ананың разылығында», «Жұмақ ананың аяғының астында», «Ананың сүтін ақтамаған адам Аллаға жақпайды», «Анаңды Меккеге арқалап апарсаң да перзенттік борышыңнан құтылмайсың» деген сияқты мақал-мәтелдер халық арасында кең тараған. Ислам діні ата-ананы құрметтеуді Құдайдың хағымен қатар қояды. Осы тұрғыда қазақ халқында қалыптасқан ұғымдардың түп-төркіні де келесі аят-хадистерде жатыр десек еш қателеспейміз.
قَالَ اللهُ تَعَالَى: ﴿وَقَضَى رَبُّكَ أَلاَّ تَعْبُدُواْ إِلاَّ إِيَّاهُ وَبِالْوَالِدَيْنِ إِحْسَاناً إِمَّا يَبْلُغَنَّ عِندَكَ الْكِبَرَ أَحَدُهُمَا أَوْ كِلاَهُمَا فَلاَ تَقُل لَّهُمَا أُفٍّ وَلاَ تَنْهَرْهُمَا وَقُل لَّهُمَا قَوْلاً كَرِيماً * وَاخْفِضْ لَهُمَا جَنَاحَ الذُّلِّ مِنَ الرَّحْمَةِ وَقُل رَّبِّ ارْحَمْهُمَا كَمَا رَبَّيَانِي صَغِيراً﴾
Алла Тағала былай бұйырады: «Раббың Өзінен басқаға құлшылық қылмауларыңа және ата-анаға ізгілік жасауларыңа бұйырды. Егер олардың біреуі не екеуі де қартайса, ол екеуіне «түһ» деп те айтпа, оларға дауыс та көтерме, оларға тек жақсы сөз сөйле. * Оларға мейірімділік пен кішіпейілділіктің қанатын жайып: «Раббым! Кішкентайымда мені тәрбиелегені секілді оларға Сен де рахым ет» деп айт»[1].
Қасиетті аятта Құдай Тағала ата-анаға «түһ» деп айтудың өзіне тыйым салып тұр. Кішкене кейістіктің өзі ата-ананы жәбірлеудің ең жеңіл түрі саналады.
عَنْ عَبْدِ اللهِ بْنِ عَمْرٍو رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُمَا عَنِ النَّبِيِّ صَلَّى اللهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ قَالَ: »رِضَى الرَّبِّ فِي رِضَى الْوَالِدِ وَسَخَطُ الرَّبِّ فِي سَخَطِ الْوَالِدِ«. رَوَاهُ التِّرْمِذِيُّ.
Абдулла ибн Амрден (р.а.) жеткен риуаятта Алланың Елшісі (с.а.с.) былай деген: «Алланың разылығы ата-ананың разылығында, Алланың ашуы ата-ананың ашуында»[2].
Ата-ананың алдындағы перзенттік борыш өтелуі мүмкін емес міндеттердің бірі.
عَنْ أَبِي هُرَيْرَةَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: قَالَ رَسُولُ اللهِ صَلَّى اللهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ: »لاَ يُجْزِى وَلَدٌ وَالِدًا إِلاَّ أَنْ يَجِدَهُ مَمْلُوكًا فَيَشْتَرِيهِ فَيَعْتِقُهُ«. رَوَاهُ مُسْلِمٌ.
Әбу Һурайрадан (р.а.) жеткен риуаятта Алланың Елшісі (с.а.с.) былай дейді: «Бала әкесінің ақысын әкесі құл болып, оны құлдықтан босатқанда ғана өтей алады»[3].
Абдулла ибн Омар (р.а.) анасын мойнына салып алып Қағбаны тауап етіп жүрген бір кісіні көреді. Ол кісі бұған: «Уа, Омардың ұлы! Не айтасың? Мен осы қызметіммен анамның алдындағы борышымды өтедім бе?» – деп сұрайды. Сонда Абдулла ибн Омар (р.а.): «Жоқ. Сені босанарда қысқан толғағының біреуін де өтемедің. Алайда үлкен ізгілік жасадың. Алла қаласа, аз ісіңе көп сауап жазылар», – деп жауап берді.
عَنْ عَبْدِ اللهِ بْنِ عَمْرٍو رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُمَا قَالَ: أَقْبَلَ رَجُلٌ إِلَى نَبِيِّ اللهِ صَلَّى اللهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ فَقَالَ: أُبَايِعُكَ عَلَى الْهِجْرَةِ وَالْجِهَادِ، أَبْتَغِي الأَجْرَ مِنَ اللهِ، قَالَ: فَهَلْ مِنْ وَالِدَيْكَ أَحَدٌ حَيٌّ؟ قَالَ: نَعَمْ، بَلْ كِلاَهُمَا، قَالَ: فَتَبْتَغِى الأَجْرَ مِنَ اللهِ؟ قَالَ: نَعَمْ، قَالَ: فَارْجِعْ إِلَى وَالِدَيْكَ فَأَحْسِنْ صُحْبَتَهُمَا«. رَوَاهُ مُسْلِمٌ.
Абдулла ибн Амр (р.а.) басқа бір риуаятта былай деген: «Бір кісі Алланың Пайғамбарына (с.а.с.) келіп: «Саған һижра мен жиһад жасауға серт беремін. Алладан мол сауап қалаймын», – дейді. Сонда Алланың Елшісі (с.а.с.): «Ата-анаңның біреуі тірі ме?» – деп сұрайды. Кісі: «Иә, екеуі де», – дейді. Алланың Елшісі (с.а.с.): «Алладан мол сауап қалайсың ба?» – деп сұрайды. Кісі: «Иә», – деп жауап береді. Сонда Алланың Елшісі (с.а.с.): «Олай болса, ата-анаңа бар да, ол екеуімен жақсы қарым-қатынаста бол», – деп бұйырады»[4].
Ата-анасы тірі бола тұрып оларға лайықты қызмет көрсете алмау үлкен қасірет болып есептеледі. Оған төмендегі хадис дәлел.
عَنْ أَبِي هُرَيْرَةَ رَضِيَ اللَّهُ عَنِ النَّبِيِّ صَلَّى اللهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ قَالَ: »رَغِمَ أَنْفُهُ ثُمَّ رَغِمَ أَنْفُهُ ثُمَّ رَغِمَ أَنْفُهُ – أَيْ لَصِقَ بِالرِّغَامِ وَهُوَ التُّرَابُ مِنْ الذُّلِّ – قِيلَ مَنْ يَا رَسُولَ اللَّهِ ؟ قَالَ: مَنْ أَدْرَكَ وَالِدَيْهِ عِنْدَ الْكِبَرِ أَوْ أَحَدَهُمَا ثُمَّ لَمْ يَدْخُلْ الْجَنَّةَ أَوْ لَا يُدْخِلَانِهِ الْجَنَّةَ». رَوَاهُ مُسْلِمٌ.
Әбу Һурайрадан (р.а.) жеткен риуаятта бірде Пайғамбар (с.а.с.): «Қор болды! Қор болды! Қор болды!» – дейді. Сахабалар: «Уа, Расулалла! Ол кім?» – деп сұрайды. Сонда ол (с.а.с.): «Ол жасы ұлғайған ата-анасы болып, сосын жәннатқа кіре алмаған немесе ол екеуі оны жәннатқа кіргізе алмаған адам», – деп жауап береді[5]. Демек, ата-анаға дер кезінде қызмет ете алмай, сондай мүмкіндікті пайдалана алмау, сондай ізгі істі істеп, соның сауабымен жәннатқа жете алмау орны толмас қасірет екен.
عَنْ أَنَسٍ قَالَ: ذَكَرَ رَسُولُ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ الْكَبَائِرَ فَقَالَ: «الشِّرْكُ بِاَللَّهِ، وَعُقُوقُ الْوَالِدَيْنِ». رَوَاهُ البُخَارِيُّ، وَمُسْلِمٌ.
Әнестен (р.а.) жеткен риуаятта Алланың Елшісі (с.а.с.) үлкен күнәлар туралы: «Олар – Аллаға серік қосу және ата-ананы құрметтемеу», – деген[6].
عَنْ أَنَسٍ رَضِيَ اللَّهُ قَالَ: قَالَ النَّبِيُّ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ: «الْجَّنَّةُ تَحْتَ أَقْدَامِ الأُمَّهَاتِ». رَوَاهُ أَبُو بَكْرٍ الشَّافِعِيُّ.
Әнес ибн Мәліктен (р.а.) жеткен риуаятта Пайғамбар (с.а.с.): «Жұмақ – аналардың аяқтарының астында», – деген[7].
عَنْ مُعَاوِيَةَ بْنِ جَاهِمَةَ السَّلَمِيِّ، أَنَّ جَاهِمَةَ رضي الله عنه جَاءَ إِلَى النَّبِيِّ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ فَقَالَ: يَا رَسُولَ اللَّهِ، أَرَدْتُ أَنْ أَغْزُوَ وَقَدْ جِئْتُ أَسْتَشِيرُكَ. فَقَالَ: هَلْ لَكَ مِنْ أُمٍّ ؟ قَالَ: نَعَمْ. قَالَ: «فَالْزَمْهَا فَإِنَّ الْجَنَّةَ تَحْتَ رِجْلَيْهَا». رَوَاهُ النَّسَائِيُّ.
Муғауия ибн Жаһима ас-Саламидің әкесі Жаһима (р.а.) Пайғамбарға (с.а.с.) келіп: «Уа, Расулалла! Ғазауатқа қатысуды қалап, сізбен кеңесуге келдім», − дейді. «Анаң бар ма?» − деп сұрайды Пайғамбар (с.а.с.). Жаһима: «Иә», − дейді. Сонда Пайғамбар (с.а.с.): «Анаңның қасында бол. Расында, жұмақ соның аяғының астында», − дейді[8].